Аймақтар • 11 Қаңтар, 2021

Ауыл тұрғындары сенаторлардан ауылшаруашылық жерлері мәселесін шешуді сұрады

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкентке сапары барысында қалаға қосылған Маятас және Тоғыс елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті. Мұнда 20 мыңға жуық адам тұрады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауыл тұрғындары сенаторлардан ауылшаруашылық жерлері мәселесін шешуді сұрады

Кездесуде тұрғындар соңғы жылдары Маятас пен Тоғысты дамыту үшін көптеген жұмыстар атқарылғанын айтты. Тұрғындардың айтуынша, бүгінгі таңда барлық жолдар мен тротуарлар толығымен асфальтталып, көшелерге  жарық берілді және аулалар абаттандырылды. Балаларға арналған ойын алаңдары мен спорт алаңдары ашылды. Электр желілері мен трансформаторлар жаңартылды.

Кездесу барысында жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы сенаторларға өзекті мәселелерді ортаға салды. Оның айтуынша, Маятас тұрғындарының кейбір үйлері қала құрамына өткен, ал ауыл шаруашылығы жерлері Түркістан облысы Төлеби ауданының қарамағында қалып отыр. Соның салдарынан фермерлер субсидиялар мен басқа да мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алмай қалды. Ол сондай-ақ жыл сайын көктемде Бадам өзенінің салдарынан болатын су тасқыны қаупінің алдын алу жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.

Сенат депутаттары бұл проблемаларды бақылауға алатын болды. Тұрғындармен әңгіме барысында сенаторлар Парламент жұмысының қорытындылары туралы айтып берді. Өткен жылы 110 заң қабылданғаны және олардың көпшілігі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғаны атап өтілді. Ел бюджетінің басым бөлігі биылғы жылы әлеуметтік саланы дамытуға, яғни қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталатын болады.

Сенаторлар сапар аясында қаланың медициналық орталықтарының бірінде болды. Орталықта мемлекеттік тапсырыс есебінен жергілікті емханалардың жолдамалары негізінде халықтың 80%-ы тегін ем алады. Депутаттар өз кезегінде қажетті және білікті медициналық көмекті уақытылы алудың маңыздылығын атап өтті.