Елорда • 11 Қаңтар, 2021

Елордада 100 жастағы кейуана сайлауда дауыс берді

207 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада «Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы» РМК-ның 229 жабық сайлау учаскесінде Күләш Әскеева дауыс берді. Биыл ол 100 жасқа толады, деп хабарлайды Egemen.kz. елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Елордада 100 жастағы кейуана сайлауда дауыс берді

Күләш Әскеқызы әр жылдары Талас ауданының Крупская атындағы жеті жылдық мектебінде мұғалім, директор болып жұмыс істеген. Комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Жамбыл облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Кеген ауданы комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Жамбыл ауданы партия комитетінің нұсқаушысы, Красногор ауданы партия комитетінің бөлім меңгерушісі, БКП(б) Красногор аудандық комитетінің үшінші хатшысы, бірінші хатшысы, Қазақ КСР әлеуметтік қамсыздандыру министрінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Сондай-ақ Күләш Әскеқызы КСРО Жоғарғы кеңесінің 3-ші шақырылымының депутаты болып сайланған.

«Ол кісі жылы шыраймен қарсы алып, алғысын білдірді. Еліміздің өркендеуін тіледі. Күләш Әскеқызы саяси білімді, сайлау туралы ақпараттың бәрінен хабардар. Барлық 5 партияны, олардың бағыттарын біледі. Елімізде болатын сайлауларға тұрақты қатысатынын айтты. Ол Мәжіліс пен мәслихат бюллетендерін өз бетімен оқып шықты», — деді сайлау комиссиясының төрайымы Гүлжан Ысқақова.

Оның айтуынша сайлаушылар сайлауға үлкен қызығушылық танытып отыр.

«Бәрі азаматтық ұстанымын көрсетті. Келген сайлаушылар көңілді келіп қатысып жатты. Сайлау учаскесінде музыка ойнап, сайлаушылармен бірге әнұран шырқалды», — деді сайлау комиссиясының төрағасы.