Аймақтар • 11 Қаңтар, 2021

Үйіне аман-есен оралды

338 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының жүргізушісі Нұрбол Ақбаев СҚО Уәлиханов ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Алмас Сұлтанов пен осы аудандағы Қулыкөл ауылының төрт тұрғынына   Instagram арқылы ризашылығын білдіріпті.

Үйіне аман-есен оралды

Қаңтардың қақаған күндерінің бірінде ол  «Газель» автокөлігімен кезекті рейсінен үйіне келе жатып, қиын жағдайға тап болады. Сағат таңғы бестер шамасында жанар-жағармай жүйесінің істен шығуына байланысты көлік тоқтап қалған. Жолда жан адам жоқ, ұялы байланыс та істемейді. Қаһарына мінген аяз жағдайды ушықтыра түскен, оның үстіне кабина есігінің тұтқасы сынып қалған. Нәтижесінде 36 жасар жүргізуші жылынудың қамын жасап, машинаны айнала жүгірген, қосалқы доңғалағын жаққан...

Тек түске қарай ғана оны ауылдықтар Қулыкөлге жеткізген. Учаскелік инспектор Алмас Сұлтанов ауылдан 20 шақырым жерде сынып қалған «Газельді» трактормен ауылға сүйреп әкеліп, шаруа қожалығының жылы боксына қойған. «Сынған көлікті жөндеуге, жүргізушінің жылынуына және тынығуына жағдай жасаған ШҚ басшысы Саян Мүбараковқа, ауыл тұрғындары Айбек пен Ноян Жұмабековтерге, сондай-ақ Ғаділет Қайырбаевқа алғыс білдіргім келеді», - дейді полиция капитаны Алмас Сұлтанов.

Ертеңіне «Газель» автомашинасы жөнделіп, учаскелік инспектор Нұрбол Ақбаевты жолға шығарып салады. Ал кешкісін Нұр-Сұлтан қаласына, үйіне аман-есен оралғандығын айтып, жүргізушісі хабарласқан.

Солтүстік Қазақстан облысы