Руханият • 12 Қаңтар, 2021

Аяз ақынды ардақтасақ

448 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ хандығының қазығы қағылып, туы көтерілген киелі Шу өңірі – сонау әлімсақтан даңқы жер жарған қаған Шу батыр, ғұлама ғалым Жүсіп Баласағұни, халқымыздың төбе биі Төледей нар тұлғалы бабалардың атамекені. Сондай-ақ сөз зергері Бөлтірік шешен, Сауытбек, Қуандық, қыл қобызды Бармақ, Жақсыбай, Қылышбай, Жидебай, т.б. ақындарымыздың кіндік қаны тамған отаны.

Аяз ақынды ардақтасақ

Әрине, Шу өңірінің өнегелі өнері жөнінде сөз қозғала қалса, ең алдымен Сауытбек ақын ойға оралатынына талас жоқ. Екінші жаһандық соғыстың ыз­ғарлы күндері – 1942 жылы ақ­пан­ның 13-і жұлдызында осы қасиетті мекенде дүниеге ке­ліп әкеден ерте айырылып жетім­дік­тің ащы дәмін татқанына қа­ра­мастан өнерге жастайынан қа­нат қаққан Аяз Бетбаевты Сауыт­бектің ізбасары десек, еш­кім дау тудыра қоймас. Кешегі Ке­ңестік кезеңде ұлттық өнердің ұлы тұлғаларын насихаттай алмай жатқанымызда Аяз ақын Сауытбек шығармаларын орындау арқылы махаббаттың жаршысына арналған «Ақбөпе» әнін асқақтай әуелетті. Жаста­йы­­нан Жамбыл, Кенен, Жиде­бай ақындардың әндерін ұнатқан­дықтан Аякең жалықпай жаттап өскен. Ауылына арнайы ат басын бұра келген Кенекеңнің алдынан кетпей, таң атқанша оның өлеңдерін тыңдайтынын айтатын. Сондықтан бүкіл республика жұртшылығы көлемінде аталып өтілген Кенен Әзірбаевтың 90 жылдық тойында

Аяз Бетбаевтың:

Жамбыл мен Сарыбастан

алған бата,

Ассалаумағалайкүм,

Кенен ата!

Арыны басылмаған

албырт едім,

Сөзімде кешіріңіз болса қате.

Арнайы ат арытып сонау

Шудан,

Кеп тұрмыз тойыңыздың

дәмін тата.

Жидебай, Сауытбектің

жолын қудым,

Өнерге жүрген жаспын

үміт арта.

Мен едім Бетбайұлы

Аяз атым,

Өлеңге жастайымнан

болдым жақын.

Шамамның келгенінше

жеткізейін,

Жүректің сізге деген

махаббатын.

Үстіне тойыңыздың

кезім келді,

Қасиетті алдыңыздан

бата алатын,

деп, төгілте-термелетіп арнау ар­­нағаны дүйім жұртқа белгілі. Осы тойда Кенен атамыз жыр дүл­ділі атана бастаған Аяз ұлына ақ батасын береді.

«Қызыл империяның» қылы­шынан қаны тамып тұрған 1970 жылдардан бері қаймықпай, жүрексінбей халқымызды оның ішінде жастарымызды ұлтжанды, имандылық бағытпен рухани жа­ңару жолдарына түсуіне бағыт­талған «Аруақты бабаларды ар­дақтаған» жыр толғауы:

Аруақты бабалар,

Аталар қайда, өлмесе.

Ақ сүтін беріп өсірген,

Аналар қайда, өлмесе?

Өмірдің мәні бола ма,

Біреу кетіп, біреу келмесе.

Ақ бата қабыл болар ма,

Өткен ата-бабаны,

Есіне алып жүрмесе, –

деп, шарықтатып шырқай келе Қожа Ахмет Ясауи мен Төле, Қа­­зыбек, Әйтеке билер, Ағыбай, Сыпатай, Биназар, Бауыржан батырлар, ұлы Абай, Жамбыл, Сауытбек, Қыл қобызды Бармақ, Дина Нүрпейісова, Қылышбай шешендермен қара күштің алып­тары Балуан Шолақ пен Қа­жы­мұқан, екі мәрте еңбек ері Жа­зылбек Қуанышбаев, Қай­рат Рысқұлбековтей Халық қаһар­ма­нына арнаған арнауы исі қазақ жұр­тына кеңінен мәлім. Киелі Шу өңірінде жоғарыдағы атағы жер жарған бабаларымыздың бірқатарымен үзеңгілес болған Жақсыбай Жантөбетов секілді ақын атамыз да өмір сүрген. Аяз Жақсыбай атасын жас кезінде талай рет көрген екен. Бірде ол кісі Аязға былай деп бата беріпті:

Әнің мәнді екен,

Сөзің дәмді екен,

Сәлем берсең, бағың жан­сын.

Өнерің жалындасын.

Өнер­дің жолы қиын жол:

Кейде қабы­нарсың,

Бірақ талмай ізденсең,

Халқыңа таныларсың,

Әумин!

деген сол атамыздың ақ тілекті батасы шығар, Аякең өнер жолында жалықпай-талмай талай асуларды бағындырып халқын жауһар жырларымен сусындата жан-жақты таныла алды. Аяз Бетбаевтың орындауындағы он ғасырдан астам бұрын өмір сүр­ген Шығыстың жеті жұлды­зының бірі Омар Һаямның рубайлары және «Жас туралы», «Қадірлейік достарды» т.б. жыр-термелерімен қатар «Ақ қайың», «Сағыныш», «Махаббат жұлдызы», «Жұлын­ған гүл» т.б. лирикалық әндері Әулиеата аспаны мен Шу өңірі­нен тысқары жерлерде де әуе­лете шырқалып келеді. Ал Мәс­кеудегі «Мұрагер» қазақ мә­де­ни ұйымының президенті Жә­ні­бек Елікбаевтай дархан аза­маттың демеушілігімен жа­рық көрген «Жетісу әуен­де­рі» ән-күйлер жинағы Ре­сей, Қы­тай, Моңғолиядағы қан­дас­тарымызға кеңінен тарал­ды. А.Бет­баев Мәскеуде өткен 2-ші дүниежүзілік халық шығар­ма­шылығы фестивалінің лауреаты атан­ды. Сонымен бірге Аякең Төле би, Абай, Бауыржандай дана да батыр бабаларымыздың рухтарына бағышталған өнер кештеріне қатысып, ойда­ғыдай өтуіне атсалысты. Хал­қымыздың қаһарман ұлына айнал­ған Қайрат Рысқұлбековтің қай­тыс болғанына 7 жыл толу қар­саңында қайырымдылық кон­цертін ұйымдастырып, одан түс­кен қаржыға Мойынқұм ауда­нының Бірлік ауылындағы жас боздақ ескерткішінің айналасын жөндеттірді. Ал 1996 жылы 13 наурызда Қайраттың 30 жасқа толу құрметіне Алматыдағы өзі оқыған Сәулет-құрылыс ака­демиясына сүйікті шәкірті Ба­зарбай Асқартегімен арнайы қа­тынасып өз өнерімен жастарға тәлім-тәрбиелік маңызы зор кеш берді. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деп, аталарымыз бекер айтпаған, оның ұзақ жылғы шәкірті Базар­бай Мамытұлынан басқа да Әзімбек (марқұм) Жанқұлиев, Алтынкүл Қасымбекова, Бейбіт Шошабаев, Мұхаметжан Таза­беков, Мейрамбек Бесбаев, Ер­тай Тазабеков сынды өнер май­талмандарының Аякеңді ұс­таз тұтқаны жасырын емес. Алаш жұртына танымал ақын, жыршы-термеші А.Бетбаев 1970 жылдан бастап табан аудар­мастан аудандық Мәдениет үйін­де 40 жылға жуық автоклуб мең­герушісі қызметін атқарып, шал­ғайдағы малшылардың риза­шылығына бөленіп отырды. Шу ауданының Құрметті азаматы Аяз Бекетайұлының өнер саласындағы ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, «Құрмет» орденімен марапатталып, Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген мә­де­ниет қызметкері атағын иелен­ді. Өкініштісі, Алланың жазуы­на қарсы келер шара бар ма, 2018 жылдың 8 сәуірінде халықтың Аязы атанған ағамыз 76 жастан асқан шағында ауыр науқастан мәңгілік мекеніне аттанып, Тараздағы киелі орын – Тектұрмаста жамбасы жерге тиді.

Арамызда аман-есен жүрге­нінде Аякең келесі 2022 жыл­дың ақпанында сексеннің сеңгі­ріне шығып, бүкіл ел болып құр­мет­пен атап өтер ме едік, амал қан­ша. Артындағы ел-жұртына аманат – есімін халықтың жадында қалдыру үшін, әсіресе жастарымызды тәлім-тәрбиеге, өнерге баулу мақсатында Төле би ауылы орталығындағы Мәдениет үйіне Аяз Бетбаевтың есімі бе­рілсе екен дейміз. Біздің бұл ұсы­нысымызды төлебиліктер ғана емес, исі қазақ жұрты қолдайды деген сенімдеміз.

 

Мәкен Уақтегі,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Базарбай Асқаров,

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері,

Тұңғышбек Байқұлов,

Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері