Оқиға • 12 Қаңтар, 2021

Күршімдегі жабық жүзу бассейні аудан тұрғындарын қуанышқа бөледі

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бірер күн бұрын бізбен Күр­шім ауданының әкімі Дулат Қажанов хабарласты.

– Аудан тұрғындары үлкен қуанышқа бөленіп жатыр. Жақын­да ғана, Жаңа жыл мерекесі қар­саңында аудан орталығы Күр­шім ауылында жабық жүзу бассейні­нің құрылысы аяқталып, барлық санитарлық талапты сақтай отырып ашылу салтанатын өткіз­дік, – деді аудан әкімі Дулат Зай­сан­бекұлы.

Күршімдегі жабық жүзу бассейні аудан тұрғындарын қуанышқа бөледі

 

Хош делік. Күршім ауданын­да бұқаралық спорт әу бастан­ жақ­сы жолға қойылған. Мұ­ның себебін, аудан әкімі Дулат Зайсанбекұлының бала кезінен спортпен шұғылданып, фут­бол, жеңіл атлетикамен шұ­ғыл­­­дануынан деп білген жөн шығар. Аудан спортын ұзақ жыл басқарған Зайсанбек Қажанов оны бала кезінен спортқа бау­лыды, жаттықтырды. Зәкең футболдан аудан құрамасын жат­тықтырып, басқарғанда зай­сандықтар қата­рынан бес жыл бойы облыста чем­пиондық атақ­ты ешкімге бермеді. «Зайсан футболы» деген кітабында өңір­дегі осы спорт түрінің тарихы жайлы кеңінен айтады.

Қазір мұнда Президент Жол­да­уында айтылған бұқа­ралық спорт­пен 8 мыңға тарта адам шұғыл­данады. Спортпен шұғыл­данушылар саны 31,8 пайызды құрайды. Аудан бо­йынша 199 спорт ғимараты, 35 спорт залы, 12 шайбалы хоккей қорапшасы, бірнеше стадион, спорт кешендері жұмыс істеп тұр. Енді міне, жабық жүзу бассейні ел игілігіне берілді.

Күршімдіктер қуаныш құ­ша­ғын­да. Аудан әкімі Д.Қажанов, аудан­дық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Ақтекенов, спорт сала­сының зейнеткері Н.Бобы­лева, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Н.Қайыров құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты түрде жаңа нысанның лентасын кесті. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған 5 жүзу жолақты жүзу бассейн ғимаратында сауна, тамақ ішетін бөлме (буфет), жаттығу залы бар. Аталған нысан жүзу спортын дамытып, халық игілігіне айналар деген ойдамыз.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

ардагер журналист

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы