«Ақ жол» партиясының төрағасы саяси ұйымды қолдаған отандастарына алғыс білдіре келе, бұл науқанда үлкен тәжірибе жинағанын баса айтты. Оның айтуынша, биылғы науқан қауіпті індетпен тұспа-тұс келді. Соған қарамастан, сайлау барлық санитарлық талапты сақтай отырып ұйымдастырылды.
«Мен «Ақ жол» партиясына және өзге де саяси партияларға дауыс берген отандастарыма шын жүректен алғыс айтамын. Себебі әрбір азаматтың дауысы өте маңызды. Саяси партияларымыз бен сайлаушыларымыз өте жақсы тәжірибе жинады. Ол тәжірибе әрі қарай да еліміздің дамуына, демократияландыруына өте пайдалы болады деп ойлаймын. Біздің партияға көрсеткен сенімді ақтауға тырысамыз. Оған еш күмән болмасын және де біздің әріптестеріміз – басқа да партия төрағаларын, Тұңғыш Президентімізді құттықтағым келеді», деді А.Перуашев.
«Ақ жол» партиясынан Мәжіліске 38, мәслихатқа 705 кандидат ұсынылған еді. Еxit poll нәтижелерін жариялағаннан кейін ақжолдықтар бір-бірін құттықтап, сайлаушыларға алғыс айтып, әріптестеріне табыс тіледі.