Экономика • 12 Қаңтар, 2021

Қазақстанда мұнай және конденсат өндіру көлемі 85,7 млн тоннаны құрады - Нұрлан Ноғаев

4 рет көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетика министрі Нұрлан Ноғаев еліміздің отын-энергетика кешенінің 2020 жылғы даму қорытындысы туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрдің айтуынша, аталған кезеңде мұнай және конденсат өндіру көлемі 85,7 млн тоннаға жетті.  Республика бойынша мұнай өндіру 90 млн тоннадан 85,7 млн тоннаға дейін төмендетілді. Коронавирустың таралуына және көптеген елдердегі қатаң шектеу шараларына, әлемде мұнай мен мұнай өнімдерін тұтынудың төмендеуінен, экономикалық белсенділіктің төмендеуі салдарынан әлемдік мұнай қоймаларының толып кету тәуекелдеріне байланысты 2020 жылы Үкімет мұнай өндіру бойынша шектеу шараларын іске асырды.

Сонымен қатар ОПЕК+ ұйымына мүше елдер мұнай өндіруді шектеу бойынша осындай шараларды қабылдады.

«Аталған шаралар арқасында әлемдік мұнай нарығында ұсыныс пен сұраныс тепе-теңдігін біртіндеп  қалпына келуі  байқалады, мұнайдың бағасы  бір баррель үшін 18 доллардан 50 долларға дейін өсті», — деді Н. Ноғаев. 

Соның ішінде, мұнай-газ саласындағы iрі компаниялар бойынша көрсеткіштер төмендегідей:  Теңізшевройлда аталған кезеңде 26,4 млн тонна мұнай өндірілді, бұл есепті жылдың жоспарына 100% құрайды. Солтүстік Каспий жобасында мұнай өндіру көлемі – 15,1 млн тонна, яғни 2020 жылдың жоспары 100% орындалды. Қарашығанақтың көрсеткіші 12 млн тоннаны құрап отыр, 2020 жылдың жоспарымен салыстырғанда 103% көрсетті. Есепті кезең ішінде 68,5 млн тонна мұнай экспортталды, бұл есепті жылдың жоспарымен салыстырғанда 101,8% орындалған. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 55,2 млрд текше метр көлемінде газ өндірілді, бұл есепті кезеңнің жоспарымен салыстырғанда 100% құрады. Тауарлық газды ішкі тұтыну көлемі 17,2 млрд текше метрге жетті, осы көрсеткіш өткен жылдың 12 айының жоспарына 104,2% орындалды. Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 3,2 млн тонна құрайды. 

Экспортқа шығарылған газ көлемі 10,7 млрд текше метр, бұл жоспармен салыстырғанда 102% құрайды. Министрдің айтуынша, өткен жылдың 12 айының қорытындысы бойынша 11,53 млн тонна мұнай өнімдері өңдірілді. 4,48 млн тонна бензин, 4,55 млн тонна дизель отыны, 2,1 млн тонна мазут,  38 мың тонна әуе отыны, 1 млн тонна битум өндірілді. 

«Бүгінгі таңда ішкі нарық елімізде өндірілген мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз етілген», — деді Н. Ноғаев.

Мұнай-газ-химия өнімдеріне тоқталатын болсақ, оның көлемі 359,3 мың тоннаға жетті, бұл 103% құрады. Есепті кезеңде 108 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілді. Осы кезеңде ірі апаттық жағдайлар тіркелген жоқ. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 19,5 мың тонна уран өндірілді, бұл есепті жылдың жоспарына 101% құрайды. 

«Дүниежүзілік энергетика саласында жаңартылатын энергетика әлемдік трендке айналуда. Қазақстанда жаңартылатын энергетика «жасыл» экономиканы дамытудың локомотиві. Біз «жасыл» экономика тұжырымдамасында өзімізге алған міндеттемелерді орындадық және елдің жалпы энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия үлесін 3%-ға дейін жеткіздік», — деді Н. Ноғаев.

2020 жылдың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергетика  объектілері өндірген электр энергиясының көлемі 3,15 млрд кВт/сағатты құрады, бұл 2020 жылдың жоспарына 100%. 2020 жылы жиынтық қуаты 583 МВт 25 ЖЭК жобасы іске асырылды (10 ЖЭС, 12 КЭС, 1 СЭС, 2 БиоЭС). Бұл секторға $1,5 млрд көлемінде инвестиция тартылды. 3000-ға жуық уақытша жұмыс орындары, сондай-ақ 1310-ға жуық тұрақты жұмыс орындары құрылды. Биыл қуаттылығы 391 МВт болатын 23 обьектіні іске асыру жоспарланып отыр. Жалпы инвестиция көлемі $370 млн құрайды.

Соңғы жаңалықтар

Пневмониядан 2 адам қайтыс болды

Коронавирус • Бүгін, 11:42

Биатлоншылардың бағы жанбады

Спорт • 22 Қаңтар, 2021

Бірнеше облыста жол жабылды

Қазақстан • 22 Қаңтар, 2021

Ақсу қаласына жаңа әкім тағайындалды

Тағайындау • 22 Қаңтар, 2021

Ұқсас жаңалықтар