Оңтүстік Қазақстан • 12 Қаңтар, 2021

Түркістанда «Ұлттық мектеп лигасы» спорт жарыстары басталды

773 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Пандемия салдарынан орын алған үзілістен кейін командалық спорт сайысы Түркістан қаласында бастау алды. Төрт команда бақ сынайтын іріктеу тур төрт күнге жалғасады. Сайыс кезінде барлық карантин талаптары қатаң сақталады, деп хабарлайды Egemen.kz

Түркістанда «Ұлттық мектеп лигасы» спорт жарыстары басталды

Ұлттық мектеп лигасы аясында волейболдан мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған қалалық іріктеу ойындарын тамашалауға келген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев оқушыларға сәттілік тіледі. 

«Адал және жігерлі күш сынасуда жеңіске деген үміттеріңізді үзбеңіздер.  Ұдайы шыңдалып, шеберлік пен машықты жинақтауға ұмтылыңыздар. Алдағы уақыттарда Туымызды әрдайым, әлемнің барлық нүктелерінде жаңа жеңістермен желбіретіп, сіздерге аманат етер ең басты байлығымыз, біздің барша табыстарымыздың кілті – ел бірлігін сақтауға күш салуларуыңызға тілектеспін», деді облыс әкімі.

Ұлттық мектеп лигасы аясында футбол, баскетбол, гандбол, волейболдан өтетін жарыста оқушыларға спорт мектебінен бапкер, кәсіби маман бекітілген. Лига жарыстары чирлидинг, яғни үйлесімді спорт түрі форматында ұйымдастырылады.

Әр мектеп командаларының өз логотиптері мен ұрандары жасалған. Арнайы спорттық формаларымен қамтамасыз етілген. Мектеп оқушыларын жарысқа арнайы автобустар тасымалдайды. Бұл лигада облыстағы ең үздік деген спортшы оқушылар өнер көрсетеді.

Жеңімпаз болған команда облыстық, республикалық, халықаралық мектеп оқушылары арасында спорттық жарыстарға қатысып, ел намысын қорғайды. Наурыз айында облыстық чемпионатта әр аудан, қаладан үздік командалар өзара іріктеуге қатысып, жеңімпаздар марапатталады.