11 Желтоқсан, 2013

Сочиге баратын саңлақтар келер жылдың басында белгілі болады

250 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

11 12-EsenБүгін, Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Сочи қаласында 2014 жылы өткізілетін XXII қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы туралы баспасөз мәслихаты өткізілді. Бұл туралы Egemen.kz тілшісі хабарлады.

Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев қысқаша түсініктеме беріп өтті. «Спорт қай кезде де өз маңызын жоймаған. Ал еліміз тәуелсіздік алған жылдары оның тынысы кеңейіп, біздің спортшыларымыздың мерейі үстем болды. Бүгінде ел аймағында өткізіліп жатқан жарыстардан бөлек, Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігіне жол ашылды. Осы жолы келер жылы Сочи қаласында өткізілетін қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысын пысықтаудың жөні келіп тұр»,-деді ол.

Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев жоғарыда аталған мәселеге байланысты бірқатар істердің қолға алынғанын атап өтіп, алдағы міндеттерге тоқталып өтті.–Төрт жылда бір рет өткізілетін Олимпиада ойындары әлемдік спорттың ең биік шыңы десек қателеспейміз. Сондықтан біздің агенттік келер жылы Сочиде өткізілетін жарысқа қазірден бастап дайындық жұмысын бастап кетті, деді ол. -Алдымен осы жұмысты үйлестіру үшін республикалық оперативтік штаб құрылды. Осының негізінде түйінді мәселелерді шешуге қадам жасалды. Т. Есентаев сөз орайында Сочидегі Олимпиада ойындарына әлемнің 80 елінен 5 мыңнан астам спортшы мен әр саланың өкілдері қатысатынын мәлімдеді. Сонымен бірге, спорттың 15 түрі бойынша 98 медаль сарапқа түсетінін білдік. «Лицензиялық кезеңнің аяқталуына дейін 10 спорт түрінен 40 лицензия алуды жоспарлап отырмыз. Еліміздің олимпиалық командасы құрамын жасақтау ісі келесі жылдың қаңтар айына дейін жалғасады. Онда спортшыларымыздың дене дайындығы мен психологиялық жағдайы, сондай-ақ іріктеу кезеңдерінің және допингке қарсы бақылаудың қорытындылары ескерілетін болады. Жалпы, біз жалпы командалық есепте 20-23-ші орынға шығуды мақсат тұтып отырмыз», -деді келесі кезекте Т. Есентаев .

Әзірге Олимпиада ойынына лицензия алғандар тізіміне Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды облысы мен Алматы қаласының спортшылары енгізілген. Ал ұлттық құраманы дайындау үшін шетелден 17 маман шақырылған. Олар спорттың 8 түрі бойынша (шаңғы тебу, биатлон, мәнерлеп сырғанау, конки , шорт-трек , фристайл және т.б) жаттығу өткізеді.

Баспасөз мәслихатында тау шаңғысы спортынан, трамплиннен секіруден, шаңғы қоссайысы мен шана спортынан кенже қалғанымыз ашық айтылды. Дегенмен, спорттың бұл түрлерінен лицензия алудың үміті әлі жоғалған жоқ. Осы тұста бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше рет мәселе етіп көтерілген кейбір спортшылардың әнұранымызды жетік білмейтіні де айтылып қалды. Агенттік төрағасының сөзіне сенсек, бұл тұрғыдағы мәселе ендігі жерде қайта көтерілмеуі тиіс. Себебі, олардың бәріне бірдей арнайы сабақ өткізіліп, кемшілік жөнге келтірілген.

Басқосуда Сочиде өткізілетін қысқы Олимпиада ойындарына елімізден баратын 4 журналистің ресми тіркеуден өткені мәлім болды. Әлем көз тіккен дүбірлі додаға санаулы журналистің қатысатыны әріптестерімізді алаңдатпай қоймады. Т. Есентаев қойылған бұл сұрақтың орынды екенін атап өтіп, қосымша 40-қа жуық журналист қатыстыру жөнінде келіссөз жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Сонымен, келер жылғы Олимпиадаға әзірге елімізден 40 спортшы іріктелініп алынған екен. Жалпы, оған қатысатындардың нақты саны келер жылы белгілі болады. Белгілісі, онда алдыңғы қатардан көрінген спортшыға -250 мың, екінші орын алғанға -150 мың, үшінші орынға 75 мың доллар табыс етіледі.

Әмірхан Алмағанбетов.

Дереккөз: Egemen.kz

Соңғы жаңалықтар