Баға дегеннің өзі салыстырмалы нәрсе екені белгілі. Көп нәрсе бағаны кім бергеніне байланысты. Әлем саясатындағы аузы дуалы адамдардың бірі – Сүлеймен Демирел. Қазір жасы 90-ға аяқ басқан (1924 жылы туған), Түркияның премьер-министрі қызметіне 5 рет келген, 1993-2000 жылдарда ел президенті болған саясат көкжалы көпті көрген, кімнің кім екенін жақсы біледі. Сол Сүлеймен Демирел Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы тап осылай деді. «Онымен теңесетін ешкім жоқ» деген сөзін кеше, 11 желтоқсанда «Назарбаев орталығының» кино-концерттік залында тұсаукесері өткізілген «Түркі әлемінің тегеурінді тұлғасы» фильмінде айтты. С.Демирел Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі түркі дүниесіндегі алар орны кезіндегі Ататүрік қызметіндей болып отырғанына баса назар аударды.

«Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» акционерлік қоғамы жасап шығарған бұл фильм (идея авторлары – Махмұт Қасымбеков пен Дәурен Абаев) Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасының түркі әлеміндегі ықпалы мен орнын көрсетуге арналған. Тұсаукесер рәсіміне Түркияның, Қырғызстан мен Әзербайжанның Қазақстандағы елшіліктерінің өкілдері, Қазақстан Парламентінің депутаттары, Түрік Республикасы Үкіметі жанындағы Ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (ТІКА) қызметкерлері, қоғам қайраткерлері қатысты.
Тұсаукесер рәсімін кіріспе сөзбен Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков ашты. «Біз – тегіміз бір, түбіміз Көк Түрікке тірелетін бауырлас жұртпыз. Әлем тарихында айрықша із қалдырып, адамзат руханиятына баға жетпес асыл мұраларын қосқан ұлы өркениеттің мұрагерлеріміз. Бұл күнде өз алдына бірнеше мемлекет болсақ та, түркілік бірлігімізді нығайтуға ұмтылған тұлғаларымыз баршылық», дей келіп, Махмұт Базарқұлұлы бұл фильм түркі дүниесінде айрықша орны бар Қазақ елінің тегеурінді басшысы туралы туынды екенін қадап айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен-ақ Түркі әлемінің ынтымақтастығына ерекше мән беріп, барыс-келісті жеңілдетуге, сауда-экономикалық және рухани-әлеуметтік байланыстарды нығайтуға күш салды. Елбасымыздың түркі ынтымақтастығын тереңдетудегі еңбегін түркітілдес елдердің бүгінгі және бұрынғы мемлекет басшылары, қоғам қайраткерлері жоғары бағалап отыр. Фильм осыны көрсетеді.
Махмұт Қасымбеков деректі лентаны түсіруге Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі үлкен қолдау көрсеткенін атап көрсетіп, агенттіктің төраға орынбасары Мехмет Сүрея Ер мырзаға разылығын білдірді, қонаққа Елбасының қолтаңбасы жазылған «Қазақстан жолы» кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасын кәдесый тарту етті. Мехмет Сүрея Ер өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі әлемінің тұтастығы жолында шын мәнінде аса ірі де игі іс атқарып отырғанын, Елбасының жетекшілігімен Қазақ елінің тәуелсіздік тарихында тамаша табыстарға жеткеніне бауырлас, ағайындас халықтар қуанышты екенін айтты. Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков деректі фильмді жасаушыларға ел мерейін асыратын туынды үшін алғысын білдірді.
Газетіміздің бүгінгі нөмірінде «Түркі әлемінің тегеурінді тұлғасы» деректі фильмі туралы арнаулы мақала жарияланып отырғандықтан, бұл шағын хабарда лентада Татарстанның бұрынғы президенті Ментемир Шаймиев, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия президенті Абдолла Гүл, Түркияның бұрынғы президенті Сүлеймен Демирел, елдің премьер-министрі Реджеп Тайып Ердоған, Әзербайжан президенті Ильхам Алиев, Түркі кеңесінің бас хатшысы Халил Акынджы сияқты тұлғалар Елбасымыздың ерен тұлғасы жайында өте жоғары пікірлер білдіргенін айтумен шектелмекпіз.
Фильм бүгін кешке «Қазақстан» және «Хабар» арналары арқылы көрсетіледі. Туынды жақын күндерде Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан елдерінің телеарналары арқылы көрермендер назарына ұсынылады.
Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан».