Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев елордадағы медицина қызметкерлерінің жағдайымен танысып, олардың сұрақтарын тыңдады. Депутатқа көп салалы медициналық орталық мамандарының шешілмеген әлеуметтік мәселелері туралы айтылды. Кездесу барысында депутат медициналық жоғары оқу орындарында студенттерге практикалық оқуды ұйымдастыруға байланысты тақырыптарды, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің МӘМС жүйесінде дәрігерлердің қызметтері тарифтерінің мөлшерін талқылады. Сенатор сонымен қатар қалалық емхана қызметкерлерімен кездесті. Депутаттың айтуынша, шешілмеген мәселелер көп. «Біз бәріміз Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған бірқатар ауқымды жобаның басталғанына куә болдық. Атап айтқанда, біздің медициналық орталықтардың заманауи техникалық жабдықталуы жақсарды», деді сенатор.
* * *
Сенатор Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында болып, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында пайдалануға берілген, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға арналған тұрғын үйлердің сапасымен танысты және жаңа қоныстанушылармен кездесті. Сонымен қатар сенатор облыстық ауруханада болып, инсульт орталығын, кардиологиялық бөлімдегі ангиографиялық бөлімшені аралады және КВИ-ауруханасында болып, денсаулық сақтау саласындағы жағдаймен танысты. Ол ауданның медициналық мекемелерінің заманауи жабдықтарын оң бағалады және ауданнан шықпай сапалы медициналық көмек алудың мүмкіндігін атап өтті. Кездесу барысында дәрігерлер медициналық кадрлардың, оның ішінде реаниматологтардың жетіспеушілігі туралы айтты. Сенатор бұл мәселені жүйелі түрде шешу қажеттігін жеткізді.
* * *
Сенат депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Ләззат Сүлеймен Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы 100 төсектік аурухана мен 1200 балаға арналған №201 орта мектепте болып, дәрігерлер мен мұғалімдер ұжымымен кездесті. Жұртшылыққа «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс пен «Педагог мәртебесі туралы» заң ережелері түсіндірілді. Қатысушылар тарапынан дәрігерлердің жалақысы мен мәртебесі, ұстаздардың жалақысы және мектептің онлайн жүйеден дәстүрлі жүйеге көшуі, онлайн жүйесі бойынша білім сапасының төмендеп кеткені және тағы басқа өзекті мәселелер көтерілді. Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылындағы күріш егетін «Абзал и К» мекемесінің жұмысшылармен кездесу кезінде Сырдария өзенінің суының төмендегені және егін шаруашылығына көптеген қиындық туғызып отырғаны айтылды. Енді 2021 жылы егін шаруашылығында су тапшылығын болдырмау мақсатында қазірден бастап алдын алу шараларын қолға алу туралы және басқа да өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ жалақы мәселесіне қатысты сұрақтар қойылды. Ауыл еңбеккерлері еліміздегі ауыл шаруашылығы мекемелерінің ұжымына дивиденд алуды дәстүрге енгізу және кеңінен тарату жайын қозғады. Сенаторлар сондай-ақ Қызылорда облысы прокуратурасында аймақтың құзырлы органдар, құқық қорғау және құқықтық қызмет көрсету саласының мамандарымен кездесті. Онда жергілікті жерлерде заңдарды қолдану кезінде құқық ережелеріндегі бір-біріне қарама-қайшылықтар, сыбайлас жемқорлықты болдырмау, қабылданған заңдардың кейбіреулерінің мемлекеттік тілдегі нұсқасының түсініксіз екендігі және заңдардағы жетілдіруді талап ететін тұстар сөз болды.
* * *
Парламент Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп және Динар Нөкетаева Алматыдағы Ұлттық кітапханада болды. Сенатор Нұртөре Жүсіп Президент Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс», дегенін атап өте келіп, кітап оқу дәстүрін қайта дәріптеу туралы айтты. Депутаттар кітапханадағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметі және қалпына келтіру, консервация және түптеу қызметінің жұмыстарына баса назар аударды. Сирек қорда сақталған көне жәдігерлермен, бірегей қолжазбалар, соның ішінде XII, XVIII, XIX ғасырда жарық көрген Құран кітабы және басқа да шығыс қолжазбалары топтамасымен танысты. Сенаторлар құжаттарды ғылыми консервациялау зертханасын қалпына келтіру-түптеу секторын, сондай-ақ жазба ескерткіштерді консервациялау және қалпына келтіру мектебін аралады.
* * *
Сенаторлар Ғұмар Дүйсембаев пен Сағындық Лұқпанов Атырау облысы Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылының мектебінде болып, білім беру сапасы мен мұғалімдердің жалақысы туралы ойларымен бөлісті. Мұқыр стансасының теміржолшыларымен болған кездесуде осы саланың өзекті мәселелері қозғалды, қызметкерлердің ұсыныстары мен өтініштері тыңдалды. Депутаттардың сапары Тасқұдық елді мекенінде одан әрі жалғасты. Тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз етілмеген, ауылға газ құбыры жеткізілмеген. Электр желісі де қайта жаңғыртуды талап етеді. Сенаторлар, сондай-ақ Құлсары-Мұқыр тас жолының жағдайына назар аударды. Осы автомобиль жолын қайта жаңарту мәселесі депутаттардың бақылауында болғандықтан сенатор Ғұмар Дүйсембаев осы мәселе бойынша бұдан бұрын Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдаған еді. Депутаттар сондай-ақ аймақтағы химия өндірісінде де болып, өңірлік тұрақтандыру қорының жұмысымен де танысты. Олар осы қордың тауарлары саудаланатын супермаркеттер желісіне барып, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы туралы хабардар болды. Сенатор Ғұмар Дүйсембаев бағаны мемлекеттік реттеу арқылы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың нақты есебін алу жолға қойылуы тиіс екенін атап өтті.
* * *
Сенат депутаты Әлімжан Құртаев Түркістан облысына сапары барысында аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевпен және облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті. Онда сенатор Жоғарғы палатаның өткен жылғы жұмыс қорытындысына тоқталып, қабылданған заңдардың маңызы туралы айтты. Сондай-ақ ол өңірдің дамуына қатысты мәселелерге назар аударды. Одан бөлек, өңірдегі суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету үшін Сырдария өзенінен Арыс-Түркістан каналына механикалық су тасымалдау каналын жүргізу және Түркістан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін 100 гектар өндірістік жылыжай салу жұмыстары сөз болды. Сонымен қатар ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған жайылымдық жер, соған байланысты «Жер кодексіне» өзгерістер енгізу қажеттігі және тағы да басқа өзекті мәселелер туралы айтылды. Сенатор өңірге сапары кезінде Түркістан қаласын газдандыру мәселесіне де ерекше назар аударды. Қазіргі таңда шаһарға газ құбырын тарту жұмысы толық аяқталып, тұрғындар газға қосылуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар Әлімжан Құртаев облыстың бірқатар ауданына барып, жергілікті тұрғындармен, ардагерлермен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Қазығұрт ауданында Сарапхана және Майлыошақ ауылдарында орналасқан кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Ал Келес ауданының Біртілек ауылында ауылшаруашылық және құрылыс саласында жұмыс істейтін ұжымдармен сұхбаттасты. Сарыағаш ауданында спорт кешенінің қызметкерлерімен кездесті. Одан бөлек сенатор Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарында болды. Барлық кездесуде азаматтарды алаңдатқан өзекті мәселелер талқыланды.
* * *
Сенат депутаты Ләззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысына сапары барысында Орал қаласындағы облыстық перинаталды және реабилитациялық орталықтың жұмысымен танысты. Жергілікті әкімдік өкілдерімен кездесуде ол 2020 жылы өңірде жаңа туған сәбилер мен ана өлімінің көбейгеніне алаңдаушылық білдірді. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы келтірген деректерге сүйенсек, 2019 жылы ана өлімі бір-ақ рет болған. Ал өткен жылы мұндай қайғылы жағдай үш рет тіркелген. Депутат алдағы уақытта мұндай жағдайды болдырмау үшін жүйелі шара қабылдау қажеттігін айтты. Сонымен қатар Ләззат Рысбекова перинаталды орталықтың медициналық қызметкерлерімен кездесіп, нысанның жабдықталу жағдайына назар аударды. Өңірге сапары кезінде сенатор машина жасау зауытына және консервіленген өнімдер дайындайтын кәсіпорынға барды.
* * *
Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров Қарағанды облысының Шахан ауылына барды. Сапар барысында ол қазандықтың және жылу желісінің құрылысымен танысты. Жергілікті тұрғындармен кездесуде депутат Сенаттың өткен жылы атқарған жұмысы туралы айтып берді. «Сенат заңдарға азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған өзгертулер мен толықтырулар енгізді. Бұл шаралар ауылдық жерлердегі қылмысты азайтуға, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», деді сенатор. Сонымен қатар сенатор былтыр күрделі жөндеуден өткізілген аула клубының жұмысына назар аударды. Бұл жерде жас кәсіпкер тиісті грант ұтып алып, «Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін жаңғырту» атты әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда. Аталған жоба Шахан ауылында жұмыссыздықты қысқартуға өз септігін тигізіп отыр. Одан бөлек бұл бастама мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың қазақ тілін еркін меңгеруіне жағдай жасап келеді. Сапар кезінде Рысқали Әбдікеров Шахан ауылдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен және облыс әкімдігінің өкілдерімен кездесіп, ағымдағы мәселелер мен өңірдегі түйткілді жайттарды талқылады.
* * *
Сенатор Владимир Волков Алматы облысының Елтай ауылдық округіне барды. Сенатор жергілікті мәслихат, әкімдік өкілдерімен және байланыс операторларымен кездесіп, ауылдық жерлерді жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету мәселесін талқылады. Жергілікті тұрғындар салыстырмалы түрде сымсыз желінің сапасы кабельді интернеттен төмен екенін айтты. Өз кезегінде телекоммуникациялық компаниялардың өкілдері Елтай ауылдық округінің елді мекендерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Соның нәтижесінде округке қарасты Береке ауылында 20 үй кабельді интернетке қосылған. Ал ауылдың мұндай интернет қолжетімсіз жерлерінде жаңа технологияның көмегімен сымсыз желіге қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған орай Ақсеңгір стансасының жанынан биік мұнара орнатылуда. Сонымен бірге Исаев ауылының орта мектебі де интернетке қосылғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар сенатор 2 жыл бұрын салынған полиция пунктіне барды және өңірдегі құқық қорғау қызметінің жұмысымен танысты.