Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі таңда еліміз Тәуелсіздігімен құрдас, жаңа заманның жас азаматтары алдымен елін, атамекенін сүйіп өскен, заман талабына сай білімді, білікті, еліміздің патриоттары болуы тиіс. Қазіргі таңда білім мен ғылымға ерекше көңіл бөліне бастады. Мемлекет тарапынан бұл салаға қомақты қаржы бөлініп, «қайта жаңғырған, жасарған қазақ мемлекеттілігінің, азаттығымыздың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес» алдымызда тұр.
Әрине, еліміз егемендігін жарияланған кезеңнен бері жүріп өткен белесіміз бедерлі. Алғашқы жылдардағы қиындығы мен дағдарысы, өтпелі кезеңнің қуанышы мен жүзеге асқан асулары аз емес. Осы жылдар аралығында Қазақстан деген жас мемлекетті әлем танып білді. Азаттығымыздың айшықты асуларында жүріп өткен жолдарымыз арқылы елімізді білікті басшыларымыз дүниеге танытып, бейбіт сүйгіш, салиқалы, сындарлы ел екенімізді мойындата білді.
Ендігі меже – Қазақстан ынтымағы жарасқан, еңбексүйгіш, білім мен ғылымға құлаш сермеген, болашаққа батыл қадам жасаған мемлекет ретінде алға басып, биік белестерге қол жеткізу. Ұдайы даму, жасампаздық жолымен ілгері жылжу арқылы елімізді өркендеу жолында көрсете білу. Қуатты елдің, тұрақты мемлекеттің үлгісіне айналу.
Ардагерлеріміз кейінгі буынға үлгі көрсетіп, жастарымыз заман талабына сай өркендеген, білімге құштар елдің өскелең ұрпағына айналуға ұмтылуы тиіс. Осы талпыныс біздің «Философия, саясаттану және дінтану институтының» жас ғалымдары бойынан табылады. Бүгінгі таңда ұжымда білікті де білімді жастар баршылық. Олар үш тілді меңгерген, замануи талапқа сай міндеттерді бойына сіңірген, ізденімпаз ғалымдар деп айтуға негіз бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдық белесіне қадам басқан жыл басындағы ел алдындағы айшықты міндеттерді қадап көрсеткен тұғырнамалық мақаласы барша жұртшылыққа бағыт болар айтулы тұжырым. Ендігі жерде біз соны басшылыққа алып, ынтымағы жарасқан ел ретінде Тәуелсіздігіміздің қадірін арттыра беруге тиіспіз.
Саясат БЕЙІСБАЙ,
Философия, саясаттану және дінтану институтының бөлім жетекшісі