– дегендей, енді бәрі өзімізге байланысты болып тұр
Көпшілік ұғымында, Маңғыстау – қазақы өңір. Алайда, осы өңірден ашына тіл қатуымыздың себебі де жоқ емес. Қазір облыс мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде «сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайынның» күйін кешіп отыр.
Маңғыстаудың қазақы екені рас, тұрғындардың 90 пайызға жуығы қаракөз қандастарымыз. Бірақ, бұл мемлекеттік тіл қолданысы аясының кеңдік өлшемі бола алмайды және ана тілі ахуалының деңгейлік көрсеткішін білдірмейді. Себебі, өзімізге мәлім – орыс тілді бауырларды «аттандай» айқайлап, атпен қайырып үйірге қоса алмай жүрміз.
– дегендей, енді бәрі өзімізге байланысты болып тұр
Көпшілік ұғымында, Маңғыстау – қазақы өңір. Алайда, осы өңірден ашына тіл қатуымыздың себебі де жоқ емес. Қазір облыс мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде «сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайынның» күйін кешіп отыр.
Маңғыстаудың қазақы екені рас, тұрғындардың 90 пайызға жуығы қаракөз қандастарымыз. Бірақ, бұл мемлекеттік тіл қолданысы аясының кеңдік өлшемі бола алмайды және ана тілі ахуалының деңгейлік көрсеткішін білдірмейді. Себебі, өзімізге мәлім – орыс тілді бауырларды «аттандай» айқайлап, атпен қайырып үйірге қоса алмай жүрміз. Аттандаған сайын шірене қиыстап, перзенттерінің тілін шүлдірлете шығаруға құмарлар саны азаяр емес. Кешегі: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», деген Қадыр ақын тәмсілін, бүгінгі Елбасының: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», деген насихатын үрке тыңдап, үстірт қабылдайтындар бұл үшін өздері еш қымсынбайды.
Маңғыстауда қазақ тілінің бағын ашып, бақшасын мәуелетіп отырғандар – ауыл тұрғындары. Ауылдарында ана тілінде ауыздыға сөз бермейтін шешендер ісі түсіп мемлекеттік мекемелерге келсе, «тілдері кесіліп» қалады. Қазақ тілінен гөрі басқа тілдің бәз баяғысынша басым тұруы – қалыпты жағдайға айналған. Шамаң жетсе басым тілде сөйлеп шаруаңды бітір, әйтпесе көкше көз болып күмілжіп, ит әлекке түс – екінің бірі. Кеңес Одағы дүрілдеп тұрған шақтың өзінде орыс тілін үйренуді аса бір қажеттілік санамаған, тек орысша сөйлеген адамға таңданыспен бе, қызығушылықпен бе, әйтеуір басқаша көзқараспен қарайтын ауылдың бір топ жоғары сынып оқушылары әлдебір шаруамен облыс орталығы – сол кездегі Шевченко қаласына келіпті. Қазақ тілді тұрғыны саусақпен санап аларлық қалада сап-сары тұлымшағы желбіреп, көгілдір көздері күлімдей өзара әңгіме дүкенін қыздырып тұрған бүлдіршін орыс қыздарының маңынан өте бере әлгі ауылдық бозбалалардың бірі «кіп-кішкентай болып ап орыс тілін қалай үйренді екен мыналар» деген екен. Бізде сол сары шашты қыздардың өзгелердің көңіліне қарап күмілжімей, өз ана тілінде көсілте сөйлейтін «бақыты» әлі тарқаған жоқ, солардың тілінде сөйлей алмай қиналатын ауыл қазағының азабы әлі арылған жоқ, ана тілін қажетсінбей кезінде үстем де өктем тілдің мерейін көтерушілер сапына қосылған қандастар әлі қайырылған жоқ...
Расын айту керек, қазақ тілі қазір барлық салада, кез келген жиналыс, басқосуларда тек амандасу емеурінінің қызметін атқарудан әрі аспайды. Мұндай әрекет өзге тілді ешбір жанның мемлекеттік тілді үйренуге деген қажеттілігін тудырмайды, себебі, олар үшін бәрі дайын, аударып әлекке түспейді. Керісінше, аударманың жүгі мемлекеттік тілде сөйлеп, сол тілде жұмыс жасайтындардың иығында. Өзі үшін, жұмысы үшін терлеп-тепшіп көлдей дүниені аударып отырғаны. Тіпті, қажетті мәліметті қалаған тілде алу заңдылығы да тұншыққан. Өз құқыңды қорғап, ана тілінде дерек беруді сұрасаң – тырнақ астынан кір іздеп, ілік-дау көксеп тұрған қызылкөз бәледей көрінесің. Ана тілінің мерейін ойлап, заңды құқын талап етіп тұр деп ешкімнің түсінгісі келмейді – «бізде аудармашы жоқ, аударып алыңыз» дейді ызалы жүзбен сызданып.
Маңғыстауда кіршіксіз қолданылып келген байырғы ана тіліміз қазір орыс тілі былай тұрсын, көшіп келуші ағайындар әсерімен түркімен, қарақалпақ тілдері элементтерімен шұбарлануда. Аяқ киімнің сыңарын «тай», есікті «қапы», сәбізді «кешір» деп сөйлейтін болды біздің жұрт. Тіпті, шетелдік киноларға еліктеп дүниеге жаңа келген сәбиге қазақтың бір есімін бұйыртпай, «Назылы, Онур, Азалия», т.б. деп атауы – көкейге: «Қандастардың талғамы мен танымының таяздығы ма, әлде ұлттық намыстың жоқтығы ма, бұл не?» деген қорқыныш ұялатады.
Маңғыстаудағы мемлекеттік тілдің ахуалы жайлы ойланғанда өткен жылғы бір оқиға есіме түседі. Сол кездегі облыс әкімімен көзбе-көз жүздесіп, сұхбат алмақ ойым жүзеге аспады. Облыстық ішкі саясат басқармасындағылар «сұрақты бізге беріңіз, жауабын біз дайындаймыз» деп «жол көрсетті». Қағаз жүзіндегі сұхбаттың сірескен есеп-қисапқа құрылып сызданып тұратынын білсем де келісуге тура келді. Сұрақтарды жөнелттім. Араға біраз уақыт салып жалындырып, сағындырып жеткен жауаптың қызығы – тілінде болды. Қазақша сұрақтарға жауап орыс тілінде жазылған «қызық сұхбат» менде әлі сақтаулы. Әңгіменің тиянақталар тұсындағы соңғы сауалдан мысал келтіре кетейік. Орыс тілді әкімге: «Есіңізде болар, сіз облысқа қызметке келген сәтте журналистермен жүздесіп, олар тарапынан тілге қатысты қойылған сауалға «3-4 ай уақыт беріңіздер, қазақ тілін үйренемін» деген болатынсыз. Қазір қазақшаңыз қалай?» деген сұраққа әкім атын жамылған «сұхбатты дайындаушы»: «Как видите, разговариваем мы с Вами на государственном языке», деген жауап жазып әкелді! Қай мәселеде болмасын мұндай жауырды жаба тоқып, өтірік мәлімет берудің ақыры үлкен өкініштерге соқтыруы мүмкін, көп құндылықтардан айырылып қалуымыз оп-оңай.
«Етігіме бізім сай» дегендей, Маңғыстау облысында Тілдерді дамыту басқармасының жұмысы мардымсыз. Бұл әйтеуір санаттан қалмай бір жерде жұмыс жасауы керек азаматтардың «мекені», келесі мансапты қызметті күткендердің уақытша «аялдамасы» іспетті. Тілдер басқармасына басшы болудың беделі жоқ па, әлде мұнда жасалатын жұмыс жоқ па? Білдей басқарма «И.о» болғасын бірнәрсе жасауға еркін кірісе алмайсың» деп «міндетін атқарушы» деген тіркеске тілі келмей отыратындардың ойыншығы, басқа қызмет іздегендердің уақытша «ілініп отырып», әрі секіріп кетуіне қажетті баспалдақ қана ма? Тілдің тағдырына жауапты басқарма көбіне томаға-тұйық, сырторай қалатыны неліктен? Осылайша басы бүтінделіп көрмеген басқарманың тілі де күрмеулі. Түрлі тіл үйрету курстарын, тіл үйренуге және өзге де мемлекеттік мерекелерге орай түрлі мәдени шаралар өткізумен айналысып жүрген басқарманың тірлігі тыныш, қауырт жұмыстан ада. Мемлекеттік тілде сөйлей алатын өзге ұлт өкілдерінің байқауында жүлде алғандармен тілдесе қалсаңыз, қазақ тілін ылғи ауласынан немесе өз ортасынан үйренгендер болып шығады. Сонда, қыруар қаржы бөлініп, курстар ұйымдастырып жүрген бұл басқарманың тындырғаны қайсы?
Көше мәдениетінің, қоғамдық ортаның ұлттық рухты қалыптастыруда маңызы зор. Осы тұрғыдан келгенде Ақтау қаласында қалаішілік аялдамалардың арнайы атауы жоқ, тіпті, сол маңайдағы ұлттық мерейімізді асыратын ірі ғимарат, белгілер автобус кондукторларының «есіне түсіп, тіліне оралмай-ақ» қойды. «Медовая», «Молочная», «Дружба», «Фонтан», «Вечный огонь», «Конечная» секілді боп жалғаса беретін аялдамалар арасында мешіт «мечет» боп айтылса, баяғы «Шевченковский универсальный магазин» «ШУМ» боп аялдама атын иеленіп қалған. Ал Шевченко Ақтау атанғалы қашан?! Автобустарда қызмет көрсететіндердің барлығы өз қандастарымыз, ұлттық рух жетіспеген жерде ұлттық құндылықтың құны болмай қалады екен. «Кетпеннің ұшын бассаң, сабы өзіңе тиеді» дегендей, бір-бірімізбен ана тілімізде сөйлесіп, балдырғандарымызды қазақ тіліндегі балабақшаларға беріп, аялдама, дүкен, шаштараздарды қазақша атауға ешкім кедергі болып отырған жоқ, өзімізден де кінә бар екенін мойындауға тиіспіз! Басқа өңірлерді қайдам, мен білетін жерде маңғыстаулықтарды өзге тілде сөйлеуге мәжбүрлеп отырған да, сол секілді өз ана тілінде сөйлеуге шақырып отырған да ешкім жоқ. «Ырым-жырым етегің, жігіт сенің не теңің?» дегендей, осыдан соң өңірге кеп жұмыс жасап жатқан шетелдік компаниядағыларға «қазақ тілінде сөйлемедің, іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізбедің» дей аламыз ба?
Ана тілдің обалын арқалап жүрген жоқпыз ба, қазақ бауыр? Қазақша сөйлесейікші, «қой» деуші болар ма екен?!
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».