Аймақтар • 13 Қаңтар, 2021

Сайлау учаскесінің түбінде ұл бала өмірге келді

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында сайлау болатын күннің қарсаңында сайлау учаскесі орналасқан ғимараттың бір бұрышындағы жергілікті фельдшерлік-акушерлік пунктке аудандағы ауруханаға жете алмай, толғақ қысқан 34 жастағы келіншектің нәрестесі дүние есігін ашты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сайлау учаскесінің түбінде ұл бала өмірге келді

Шекесі торсықтай ұлды тудырып алуға Хлеборобное ауылындағы сайлау учаскесінде кезекшілікте тұрған полиция қызметкері Ольга Қанғужина фельдшермен бірге белсене қатысып, баланың кіндік шешесі атанды. «Мен әлі күнге дейін өз-өзіме келе алмай жүрмін. Қайшыны дезинфекциялап, баланың кіндігін өзім кестім. Торсық шеке ер бала өмірге келді. Өлтіріп аламыз ба деп жаман қорықтым. Бала туғаннан кейін ешқандай дыбыс шығармады. Арқасынан қаққаннан кейін ғана шыр ете түсті. Сонда ғана қиындық артта қалғанын сездім...», - дейді болған оқиға жайлы Ольганың өзі.

Полиция қызметкерінің өзі 11 жыл бұрын өзінің қызын туған. Есіне акушер-дәрігерлердің сол кезде айтқандарын түсіріп, әйелден босану кезінде оларды орындауын сұраған. Сәби дүниеге келгеннен соң, бірнеше минуттан кейін ауданнан жедел жәрдем де келіп жеткен. Аман-есен туған бөбегін бауырына қысқан жас ана дәрігер және полиция капитанымен естелік суретке де түсіп үлгерді.

«Шынымды айтсам, қатты қорықтым. Алайда қолымнан келе ме, жоқ па деген ой мүлдем болған жоқ. Бұған дейін түс көрдім. Түсімде менің ержеткен ұлым бар екен. Өмір маған осындай сынақ жібереді деген ой мүлдем болған емес», - дейді полицей. Осы оқиға жайлы білген әріптестері оған біздің Сайлаубегіміз қалай деп әзілдейтін көрінеді. Бірақ ата-анасы баланың есімін Даналы деп қойыпты. Қазір ол анасымен бірге ауруханадан шығып, үйіне баруға дайындалып жатыр.