Парламент • 13 Қаңтар, 2021

«Мұндай болады деп ойлаған жоқпын» Еліміздегі ең жас депутат неге жылады?

10658 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяудағы сайлауда Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы Фракциясының құрамы 70%-ға жаңарды. Орташа жасы − 49, яғни 4 жылға жасарды, деп хабарлайды Egemen.kz

«Мұндай болады деп ойлаған жоқпын» Еліміздегі ең жас депутат неге жылады?

Партия Төрағасының Парламент Мәжілісіндегі жастар мен әйелдердің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасы нақты іске асырылды. Яғни «Nur Otan» Фракциясының жаңа құрамының 40%-ы әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастардан тұрады.

Солардың ішінде Парламент Мәжілісінде ең жас депутат болып Мәди Абылайұлы Ахметов сайланды. Оның жасы нәбәрі 25-те. Бұған дейін «Nur Otan» Фракциясындағы ең жас депутат Геннадий Шиповских болған еді.

Праймериз сайлауында топ арасынан ерен шыққан Мәди Ахметов бұған дейін көпшілікке: «Алматы қаласында Елбасына ескерткіш орнату керек» деген ұсынысымен танылған-ды.

Мәди Ахметовтың өзі аталған жаңалыққа біраз таңырқап қалғанын жеткізді.

«Шынымды айтсам, мұндай болады деп ойлаған жоқпын. Жаңа ғана анашыммен сөйлесіп, қуаныштан көзіме жас алдым. Әрине депутаттыққа үмітім болды. Бірақ мұндай боларына сенген жоқпын», дейді Мәди Ахметов.

Мәди Абылайұлы Ахметов 1995 жылы 18 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді азамат өзінің еңбек жолын І Халықаралық журналистика және коммуникация Қысқы мектебі ұйымдастыру комитетінде (2013 ж.), ІІ-ІІІ Халықаралық журналистика және коммуникация жазғы мектебінде (2014-2015 ж.ж.), Әлия Назарбаеваның «Жандану» жобасы аясында Қазақстан Республикасы жастарының І Ұлттық Экологиялық форумында, І Халықаралық «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы: Мәдени капиталды қалыптастыру мәселелері» гуманитарлық форумында (2014 ж. 4 желтоқсан), және IV Дүниежүзілік түріктер форумында (Түркия, Стамбул 2015 ж. 23-24 сәуір) командасында жұмыс істеген. Ол бұған дейін 23 жасында ЖОО декан орынбасары болса, кейіннен Nur Otan партиясы Jas Otan жастар қанатының Алматы бойынша төрағасы лауазымында қызмет атқарған.