12 Желтоқсан, 2013

Тұрақтылық пен тұтастықтың тұтқасы

287 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев партияның ХV съезінде сөйлеген сөзінде: «Біз алыс болашаққа көз тігіп, алдымызға биік межелер белгіледік... Оны мүлтіксіз жүзеге асырып, Қазақ елін дамудың дара жолына бастау елдегі ең қуатты саяси күш – «Нұр Отанға» жүктеліп отыр», деп атап көрсетті. Халық алдындағы жауапкершіліктің еселенер тұсында ықпалды ұйымның барлық буындарының үйлесімді жұмыс істеуі талап етіледі.

Осы орайда, аудан әкімі, партияның Қорғалжын аудандық филиалының төрағасы Қайыр РЫСКЕЛДИНОВТІ әңгімеге тартып, съезд алға қойған міндеттер, ұйым қызметінің негізгі бағыттары жөнінде әңгімелеп беруін өтінген едік.

Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев партияның ХV съезінде сөйлеген сөзінде: «Біз алыс болашаққа көз тігіп, алдымызға биік межелер белгіледік... Оны мүлтіксіз жүзеге асырып, Қазақ елін дамудың дара жолына бастау елдегі ең қуатты саяси күш – «Нұр Отанға» жүктеліп отыр», деп атап көрсетті. Халық алдындағы жауапкершіліктің еселенер тұсында ықпалды ұйымның барлық буындарының үйлесімді жұмыс істеуі талап етіледі.

Осы орайда, аудан әкімі, партияның Қорғалжын аудандық филиалының төрағасы Қайыр РЫСКЕЛДИНОВТІ әңгімеге тартып, съезд алға қойған міндеттер, ұйым қызметінің негізгі бағыттары жөнінде әңгімелеп беруін өтінген едік.

 

– Қайыр Өмірсадықұлы, съезге аудан делегациясын бастап бардыңыз, ауқымды міндеттерді талқылауға қатыстыңыз. Доктринаның қабылдануы ел өміріндегі партиялық ықпалдың артқандығын, сонымен бір мезгілде, жаңа заманның ғасырлық жобаларын жүзеге асыруға халық пен мемлекеттің дайын екендігін білдіргендей. Ендеше, партияның көшбасшылық қуатының күшейе түсуінің мәнісі неде деп білесіз?

– Сұрағыңызға Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың мына сөздерімен барынша айқын жауап беруге болады: «Нұр Отан» нақты нәтиженің, ілкімді істің партиясы атанып, елдің көңілінен шыға білді. Күнімізді шуақты ете түсу үшін елімізді қуатты ету – барлығымыздың ортақ парызымыз. Бұл «Нұр Отанның» болашаққа жол сілтейтін темірқазығы болуға тиіс». Мұндай партия үнемі алға жылжып, авангардтық рөлін күшейте түсетіні белгілі.

Осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын Ел­ба­­сы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-­ 2050» Стратегиясын жариялап, елімізді барын­ша дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу туралы міндет қойды. Сондықтан, жаңа асуларды бағындыруға береке мен бірлік, тәуелсіздікке жаңаша көзқарас, ашық­­­тық пен ынта керек. Аз ғана уақыт ішінде тағдыршешті реформалар басталды. Қоғамдық бақылау, халық алдындағы есеп беру, мемлекеттік органдардың ашықтығы, өзін өзі басқару жүйесі айтарлықтай жетілді­ріл­ді. Халықтық партия ретінде біз де бұл жұмыстарға бел­сен­ді түрде қатысып, қыз­метімізді жаңғыртуымыз қажет. Сол себеп­ті, партия басшысының тапсырмасына сәйкес, «Нұр Отан» партиясының жаңа Доктринасы қабылданып отыр. Маңызды құжатты партиямыздың конс­титуциясы деп бағалар едім. Өйткені, ол дамудың жаңа белестерін ашып, партияның идеялық-таным­дық және құндылық бағыт-бағдарын алға тартады. Сондай-ақ, әлі күнге дейін Қазақ­станның бірде-бір партиясы елді дамы­тудың стратегиялық бағытына сәйкес ауқым­ды Саяси доктринасын ұсына алмауы «Нұр Отанның» абыройлы тұғырын көрсетеді.

– Партияның ХХІ ғасырдағы миссиясы мен «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру ауқымындағы айқын бастамалары қорғалжындықтарды да іргелі істерге жігерлендіре түсетіні анық. Міндет ауқымды. Оны жүзеге асыру алдымен партия ұйымының ықпалдылығы мен қуаттылығын сынға салады. Ендеше, өздеріңіздегі қарым-қабілетті қалай бағалар едіңіз?

– Ұйымның жауынгерлігі мақсаттың айқындылығынан қуат алады. Біздің кез келген тапсырманы орындауға дайын екені­мізді еліміздегі ұлан-ғайыр өзгерістерден де байқауға болады. «Нұр Отан» жетекші саяси күш ретінде, ең алдымен, әрбір аймақ­­­­та, елді мекенде, кентте және ауылда қоғаммен жұмыс істейтін жергілікті бөлім­­­шелердің тармақталған желісіне арқа сүйей­ді. Алдымызда барлық партиялық құры­лымдардың жұмысын сапалық жаңа деңгейге көтеру міндеті тұр. Бүгін біз барлық жоспар­ларымыз бен іс-қимыл шараларын ХV съезд шешімдерімен және елді 2050 жылға дейін дамытудың стратегиялық жоспарының бас­ты қағидаларымен сәйкестендіруіміз қажет.

Ауданда партиямыздың 1140 мүшесін біріктіретін 14 бастауыш ұйым жұмыс істейді. Өңірлік ұйым бірлік пен келісімнің бесігіне, тұтастық пен тұрақтылықтың ұясына айналды десем, артық айтқандығым емес. Бізде уақыттан оза қимылдау үрдісі қалыптасқан. Съезден оралған бойда филиалдың барлық бастауыш ұйымдарында арнайы кес­те құрылып, форум шешімдерін халыққа жеткізу мақсатында жиындар өткізілді. Өзім қатысқан ардагерлермен, жастармен, мектеп оқушыларымен, бизнес өкілдерімен кездесулерде «Нұр Отан» партиясының бастамаларын қызу қолдаушылық байқалды. Әсіресе, үкіметтік емес ұйымдардағы, «Жас Отан» жастар қанатындағы, «Жас ұлан», «Жас қыран» балалар ұйымдарындағы патриоттық қозғалыстың жандана түскені еңселі ел болуымыздың кепілі деп білемін.

– Халықтың қолдауы мен сенімі нақты істерден көрініс береді. Осы орайда партиялық қызметке сұраныстың мазмұны да өзгере түсуі талап етіледі. Доктринаның озық тұстары осында емес пе?

– Ойыңыз орынды. Анау бір жылдары тұрғындардың ұсақ-түйек өтініштері көбейіп кеткені рас. Қоғамның дамуында ол да болмай қоймайтын құбылыс. Бастысы, санадағы серпіліске жол аша білуде. Партия бұл міндетті орындай алды деп санаймын. Істің оңтайлы тетігі мәселені дұрыс қоя білуде. Аудандық филиал 2012-2013 жылдары 6 конференция, 4 саяси кеңес мәжілісін, 10 саяси бюро отырысын шақырды. Партия мүшелерінің талқылауына «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам іс-шарасын жүзеге асыру туралы», «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары», «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы туралы», «Бастауыш партия ұйымының, атқарушы органның және қоғамдық құрылымдар мәртебесін жоғарылату туралы», «Елбасы Н.Назарбаевтың «Жас Отан» ЖҚ ІІ съезінде алға қойған тапсырмаларды орындаудағы Қорғалжын аудандық филиалының міндеттері туралы», тағы басқа өзекті мәселелер ұсынылды. Қабылданған қаулы-қарарлардың орындалуы айрықша назарда ұсталуы жұртшылық көңілінен шығуда.

Партия белсенділері ауылдық жерлерді аралап, тұрғындар жиынын өткізіп тұрады. Аудандық филиалдың қоғамдық қабыл­­­дауына 2012 жылы 90 адам, биыл 70 кісі өздерін толғандыратын мәселелерімен келді. Азаматтардың өтініш-пікірі, мұң-мұқта­жы ескерусіз қалмайды және оларды шешуді өз бақылауымда ұстап отырамын. Сондай-ақ, партияның орталық аппараты жауапты қызметкерлерінің көшпелі қабылдаулары, республикалық МАИ-дың «Жолда қабылдаулары» жалғасын табуда.

«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов сәуір айында ауданымызда қабылдау өткізді. Әртүрлі ұсыныс-пікірлері, мұң-мұқтажымен жиырма шақты азамат қабылдауда болды. Бүгінгі күні бұл азаматтардың біріне түсінік берілсе, біріне көмек көрсетіліп, мәселелер шешімін тапты. Мәселен, тұрғын үйге мұқтаж көп-балалы жас ана Анар Оралбекова мен ІІ топ мүгедегі Дүйсенбай Балмағанбетовтің өтініші қанағаттандырылды. Аманкелді ауыл округіндегі «Ақ құлын» ЖШС-нің басшысы жоғарыдағы аттары аталған кісілерге аудан орталығынан екі үй сатып алып берді.

Партия мүшелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бастамасын қолдап отыр. Таяуда жергілікті «Нұр Отан» аппараты жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Осы игі іске өз үлесін қосқан Кеңбидайық ауылы­ның шаруашылық басшысы Серікбай Рахым­бековке ризалығымды білдіргім келеді. Бірта­бан ауылындағы шаруашылық басшысы Ербол Мырзабеков екі-үш үй ғана қалған елді мекенге жаңа екпін әкеліп, туристік бизнесті дөңгелентіп отыр. Ауылға жаңа үйлер салынды. Ал облысымызға танымал өнерпаз Марат Әлімжанов ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында ұлттық «Далалық қонақ үй» жобасын жүзеге асырып жатқаны сүйінішті.

– Елбасы халық тағдырына қатысты «Нұр Отан» атқарар маңызды бес мәселені күн тәртібіне шығарды. Сіздің ауданның партия ұйымы бұл тапсырмаларды орындауда қандай қарым-қайрат танытпақ?

– Аса күрделі мәселелердің алға тарты­­­луының өзі партияның шынайы халықтық мәртебесін айғақтайды. Біз осы деңгейден көрінуге барлық мүмкіндіктерімізді жұмыл­дырамыз. Атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық. Биыл диқандарымыз 80 909 гек­тарға егін сеуіп, табиғат қиындықтарына қарамастан орақты табысты аяқтады. Гектар түсімділігі 12 центнердің маңайында болды. Бұл – соңғы жылдардағы жоғары көрсеткіш. Дәстүрлі мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді.

Ауданымызда 2012 жылдың қыркүйек айында «Таңдау» инновациялық дамыту орталығы ашылды. Қазіргі уақытта білікті кадрлар даярлауға бағытталған «Бизнестің жол картасы-2020», «Өнімділік-2020», «Жұмыспен қамту-2020» атты мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау орталықтары жұмыс істейді. Аудандағы «Бизнес кеңесшісі» курсында 28 жұмыссыз адам кәсіби қайта даярлаудан өтіп, жұмысқа орналастырылса, 98 кісі қоғамдық жұмысқа тартылды. Бағдарламаның өзге бағыттары бойынша да нәтижелі істер атқарылды. Тіпті, тәжірибе алмасу мақсатында биыл Украинада Қорғалжын ауданының күндері өткізілгенін атап өткім келеді.

Жастар Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды орындайтын негізгі күш болғандықтан, оларға үлкен үміт артылып отыр. Біздің «Жас Отан» жастар қанатында 301 мүше бар. Олар «Жастар – Отанға», «Дипломмен – ауылға!» бағдарламаларының ұйытқысы болуда. Өткен екі жылда ауда­нымыз­дағы жас мамандарға 5 млн. 248 мың теңге көтерме жәрдемақы, баспана алуға 23 млн. 329 мың теңге несие қаржысы бөлінді. Биыл «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен 3029 мың теңге көтерме және 14 млн. 996 мың теңге тұрғын үй несиесі игілікке жаратылды. Сонымен қатар, аудан орталығында алдағы жылы «Қолжетімді баспана» бағдарламасымен 14 пәтерлік үй салынатыны ауыл өмірін жаңғыртуға септік жасайды деп білеміз.

– Таратып айтқан әңгімеңіз үшін рахмет.

Әңгімелескен

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы.

 

Соңғы жаңалықтар