Кеше Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мүшелерінің мемлекеттік орган басшыларымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру шеңберінде «Елімізді әлеуметтік жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы» тақырыбын талқылаған кездесуі болды.
Кеше Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мүшелерінің мемлекеттік орган басшыларымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру шеңберінде «Елімізді әлеуметтік жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы» тақырыбын талқылаған кездесуі болды.
Кездесуді Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов ашып, жүргізіп отырды. Өзінің кіріспе сөзінде комитет төрағасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы әлеуметтік мәселелерге үлкен көңіл бөлетінін айта келіп, осы бағытта қабылданған бағдарламалардың орындалу барысы туралы комитет мүшелері толық хабардар болғысы келетінін жеткізумен бірге, мемлекеттің жаңа әлеуметтік саясатының ерекшелігі мен өзектілігін атап өтті. Әлеуметтік қорғау тетіктерін күшейту, аймақтардағы әлеуметтік теңсіздіктерді жою, еңбек және жұмыспен қамту саясатын жаңғырту, денсаулық сақтау мен білім беру жүйесін дамыту мәселелері мемлекеттің стратегиялық бағыттарын мақсат еткен шешімдердің қатарында, деді ол.
Сонымен бірге, әлеуметтік бағдарламалардың орындалуына заңнамалық тұрғыдан қолдау қажет болса, парламентарийлер бұл іске әрқашан да дайын екендігі айтылды. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы еңбекақы, зейнетақы мен жәрдемақының, кепілді дәрігерлік және білім беру қызметтерінің көлемін, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету, сондай-ақ, осы стандарттарды бұзғаны үшін лауазымды адамдар мен жұмыс берушілердің жауаптылығын орнықтырумен бірге, өмір сапасының ең төменгі негізгі көрсеткіштері көрініс табатын әлеуметтік стандарттар мен әлеуметтік құқықтар туралы заң жобасын әзірлеу туралы тапсырма бергенін атап өтті.
Елімізді әлеуметтік жаңғыртуға мүмкіндік беретін бағдарламалардың орындалу барысы туралы алғашқы баяндаманы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жасады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша үстіміздегі жылдың 1 қарашасына дейінгі мәліметке сәйкес шамамен 256 мың адам мемлекеттік көмек алған. Бағдарламаға қатысушылардың жартысынан астамы 29 жасқа дейінгі жастар. Осы шара бойынша барлығы 234 мың адам жұмысқа орналасқан. Соның ішінде 109 мыңы қайта даярлау, дайындау және біліктілігін арттыру курстарынан өткен. 16 мыңнан астамы шағын несиелермен қамтылып, қосымша 12 мың жаңа жұмыс орындары ашылған.
Сондай-ақ, бағдарламаны орындау барысында 11 мыңнан артық адамның жұмысы бар жерлерге көшіріліп, олардың арасынан жұмыс істеуге қабілеттілерінің 80 пайызға жуығы еңбекке тартылғаны белгілі болды. Ал ауылдық инфрақұрылымдарды дамыту бойынша 1485 жоба іске асырылып, соның арқасында 26 мың адам жұмыспен қамтылыпты. Сонымен бірге, баяндамашы бағдарламаны іске асыруға қолбайлау болып отырған жайттарға де тоқталып өтті. Соның ішінде бағдарламаның қалың көпшілікке тарамай, көптеген елді мекендердің оның іске асырылу тетіктерінен хабарсыз екендігі айтылды.
Қосымша баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев кездесуге қатысушыларды әзірленіп жатқан ең төменгі әлеуметтік стандарттар туралы заң жобасы және оның негізгі қаржы-экономикалық көрсеткіштері туралы хабардар етті.
Кездесуге, сондай-ақ, Спорт және денешынықтыру жөніндегі агенттіктің төрағасы Тастанбек Есентаев, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ерік Байжүнісов, Білім және ғылым министрінің орынбасары Тақыр Балықбаев, Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Кұрманғалиева, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Амандықов қатысып, депутаттардың сауалдарына жауап берді.
Кездесуді қорытындылай келіп, А.Бижанов бұл талқылаудың еліміздің әлеуметтік жаңғыртудың құқықтық базасын жетілдірудегі жұмыстардың тиімділігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».