Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты телевизиялық жобасының қорытынды марапаттау рәсімі болып өтті.
Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты телевизиялық жобасының қорытынды марапаттау рәсімі болып өтті.
Бұл жоба Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша түсіріліп, «ҚазМедиа Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Еуразия бірінші» арнасының көрсеткен ақпараттық қолдауы бойынша жүзеге асқан. Еліміздің ең өзекті мәселесі – қазақ тілінің шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне жете алмауы. Келелі мәселені шешуде ерекше ерен еңбек сіңірген осы тележоба болса керек. Елбасымыздың талай рет тұғырда тұрып «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!» деген сөзін ұран етіп, «Еуразия бірінші» арнасы бойынша бағдарлама тіл үйренуші көрермен қауымға жол тартты. Жобаға қатысқан 10 азамат бар-жоғы 30 телесабақта қазақ тілін меңгеріп шықты. Аталмыш бағдарламада тіл үйренушілер үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы арнайы әзірлеген «Тілдарын» әдістемесі бойынша оқытылды. Жобаға қатысқан 10 азамат бағдарлама барысында 300 сөз және 50 сөз иірімін үйренді. Мүлде қазақ тілін білмеген олар бүгінде еркін сөйлеседі. Оларға ұстаздық етіп, телесабақтарды жүргізген Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, «Тілдарын» кешенді әдістемесінің авторы Сара Жұманова.
Салтанатты кеште «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!» жобасына қатысқан 10 азаматқа тіл үйрену курсынан өткендіктері туралы сертификаттар табысталды.
Жобаға қатысушы Александра Романова мен Қанат Сатыбаевқа сертификаттарды табыстай отырып «Журналистика және саясаттану» факультетінің деканы Қайрат Сақ: «Атақты Алашорда көсемі Ахмет Байтұрсыновтың: «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзі бар. Елбасы өзінің Жолдауында 2020-шы жылы халықтың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейді деп қадап айтты. Бұл бізге жүктелген үлкен жауапкершілік. Осындай өзекті мәселенің өткір шешімін тауып, жобаға қолдау көрсеткен «Еуразия бірінші» арнасына ризашылығымызды білдіреміз. Ал бүгінгі марапаттау салтанаты біздің факультетте өтіп жатқаны бізге де үлкен мәртебе», – деп ізгі ниетін білдірді. Ал, келесі қатысушылар Алена Баянбекова мен Хасан Шариповты журналист, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Кенжеболат Жолдыбай марапаттады. Ол: «Адам жаңа бір тілді меңгеріп, білген сайын таным көкжиегін де кеңейте түседі. Сондықтан, тілді үйренгендеріңіз ең алдымен, өздеріңіз үшін үлкен жетістік», – деп ұлағатты ұстаз С.Жұмановаға ризашылығын білдірді. Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Тіл комитетінің басқарма басшысы Серік Жақсылықұлы Карина Кумарова мен Ольга Быковскаяға сертификаттарды тапсырды. Барлық қатысушылар қазақ тілінде ойларын еркін жеткізіп, алғыстарын білдіріп жатты. Сөз кезегін алған Сара Жұманова: «Бұл бағдарлама арқылы қатысушылар тілді 3 аптада меңгеріп шықты. Бағдарлама ән айтумен басталып, қатысушыларды тілдік кедергіден өткізді, екіншіден, эмоционалдық-психологиялық жағдайдың қолайлылығынан олардың сабақта ойларын емін-еркін білдіруіне және қарым-қатынас жасауларына мүмкіндік туғызылды. Жаңа инновациялық әдістеме бойынша қазақ тілі грамматикасы функционалдық тұрғыдан ұсынылды. Яғни, тілді меңгеру үшін жиілік негізінде 300 лексикалық минимум және 15 грамматикалық құрылым ғана білу шарт екен. Осы ұстаным бойынша жұмыс істеп, оның тиімді екенін біз дәлелдеп шықтық», – деп қатысушыларға алғысын білдірді.
Бағдарламаға қатысқан 10 азамат ұлтына, жас ерекшеліктеріне, қызметіне қарамастан қазақ тілін меңгеріп шықты. Қатысушылардың бірі Хасан Шарипов: «Тілді үйрену ешқашан да кеш емес екен!» деп ой түйді.
Нұрзада КҮМІСБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті.