Біріншіден, ауданның киелі топырағында қазақтың өнері мен мәдениетіне, әдебиетіне, өзге де салаларына өлшеусіз еңбек сіңірген саңлақ тұлғалардың кіндік қаны тамған. Соның ішінде қазақтың күй өнерінде қайталанбас мұра қалдырған Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Дина Нұрпейісова осы топырақта өмірге келген. Ауданға күй атасы – Құрманғазы Сағырбайұлының есімі берілсе, ел шекарасында темір жол бекеті Дина Нұрпейісованің атымен аталады. Одан беріде Әзидолла Есқалиев пен Бақыт Қарабалинадай домбыраның қос ішегінен күй күмбірлеткен өнер тарландары да өнер жолына осынау құнарлы топырақтан қанат қаққан еді.
Уфадағы «Ғалия» медресесінде білім алып, әйгілі ақын Бейімбет Майлинмен бірге қазақ оқушыларының «Садақ» атты қолжазба журналын шығарған, кейінгі өмірін ғылымға, ағартушылыққа арнап, 1929-1930 жылдары халық ағарту комиссары қызметін атқарған мемлекет қайраткері Нұғман Манаевтың балалық шағы аталған ауданда өтіп, күреске толы өмірге киелі мекеннен аттанған болатын. Теңіз толқыны буырқанып жататын жағалауда туып, қазақ поэзиясының ақша бұлтына айналған ақын Әбу Сәрсенбаев пен Қошалақтың қырындағы сорға басылған әке ізімен сырласып, сағынышын жырына айналдырған қаламгер Жұмекен Нәжімеденов, белгілі әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиев пен ауылдың қарапайым адамдарының болмысын прозалық һәм драмалық шығармаларына арқау еткен талантты жазушы Рахымжан Отарбаев киелі топырақтан нәр алғаны даусыз.
Екіншіден, бұл ауданда да тылсым сыры ашылмаған тарихи жер көп. Солардың қатарында Кененбай үңгірі бар. Бұл үңгірде не сақталған? Сондай-ақ Сармат тайпасына тән жәдігерлері мен біздің заманымызға дейінгі Х-ХІ ғасырдағы Пешенек дәуіріне жататын тарихи құндылықтары бар Құдайберген обасының толық зерттелер сәті жақындап келеді. Ауданда Азғыр (Ақ қала), Шалқар, Қырықоба, Алайғыр, Сүйіндік, Балқұдық және өзге де тарихи атаулардың астарында не жасырылған?
Үшішіден, мұнда «Азғыр» аталатын әскери сынақ полигоны бар. Онда 17 рет жерасты сынағы жасалған. Полигон аумағында алмаз алынады деген жоспармен орнатылған «Ява» қондырғысы әлі тұр.
Осындай ерекшеліктері бар Құрманғазы ауданының екінші тынысы тәуелсіздік жылдарында ашылды. Қазір ауданда кәсіпкерлік, әсіресе ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге басымдық беріліп отыр. Тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған жұмыстар қолға алынған. Жол, ауыз су сынды инфрақұрылымдық жобалар атқарылып жатыр.
Әрине, тарихи тұлғалардың бұрынғы һәм бүгінгі қол жеткен жетістігі болашақ ұрпақ үшін үлгі-өнеге болары анық. Мұның бәрі аудан әкімі Қайрат Нұртаевтың айтуынша, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жарық көрген «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» атты шежіре кітапқа арқау етілді. Оны академик-жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Өмірзақ Қажымғалиұлы бастаған жергілікті өлкетанушылар дайындапты.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, қаламгер Таңатар Дәреловтің мәліметінше, «Ағатай» баспасынан жарық көрген кітапта «Дәуір демі», «Киелі адамдар, қасиетті жерлер», «Сыр шертер нысандар», «Тұғыры биік тұлғалар», «Өткенімізді зерделеп, өзімізді танушылар» деп аталған бес тарау бар. Мәселен, «Дәуір демі» тарауында Нарын өңірінде жүргізілген ғылыми зерттеу жұмысы, тарихи орындардың атауы қамтылып отыр. Сондай-ақ Каспий теңізінің жағалауындағы ауылдар мен кенттердің пайда болу кезеңі мен жер-су атауларының шығу тарихы, тарихи-мәдени ескерткіштері туралы мәліметтер берілген.
Ұлы күйшінің есімін иеленген аудан хан-сұлтандар, батырлар, күйші-жыршылар, сан алуан қасиет қонған аруақты адамдардан да кенде емес. Екінші дүниежүзілік соғыста шейіт болған батырлар да бар. Елдің мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, экономикасын, шаруашылығын өркендетуге үлес қосқан біртуар танымал тұлғалар, еңбек ерлерінің ерен ісі «Киелі адамдар, қасиетті жерлер» тарауында кеңінен баяндалады. Бұл тарауда сондай-ақ қасиетті жерлер, тарихи жәдігерлер туралы мәліметтер бар. «Сыр шертер нысандар» тарауында мазарлар мен қорымдар, петроглифтер мен ескерткіштер жайлы сыр шертіледі. «Тұғыры биік тұлғалар» тарауындағы өлке тарихын зерттеп жүрген журналист Асқар Ғұмаровтың танымдық толғанысы баршаны қызықтырары даусыз.
– Бұл кітап – кең Нарынның дархан даласында өмір сүрген хан-батырларды, дарынды тұлғаларды, қасиетті адамдарды жұртшылыққа кеңінен танытатын құнды дүние. Мұндай кітап өзге аудандарда, басқа өңірлерде әзірге шыға қойған жоқ. Десек те шежіре кітапта тек бір ауданның ғана емес, елдің дамуына еңбек сіңірген тарихи тұлғалардың тағылымдық өнегесі кеңінен қамтылды. Әсіресе, жастардың танымдық өй-өрісін кеңейтуіне септігі тиеді, – дейді Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының жетекшісі, «Ағатай» баспасының директоры Қойшығұл Жылқышиев.
Атырау облысы