Аймақтар • 14 Қаңтар, 2021

Жас дарындар фестивалі

137 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құрманғазының «Адайы», күйсандықта шебер орындалған Шопеннің шығармасы киелі Түркістан аспанында қалықтады. Ұстаздар мен мектеп оқушылары халық аспаптар оркестрінің орындауындағы күйлер, күйсандыққа жан бітірген тоғызыншы сынып оқушысы Шұғыла Әбілқасының шеберлігі көпшілікті тәнті етті. Қазылар алқасының мүшесі, «Жігіттер» квартетінің әншісі Айдар Тұрғанбектің өнері де көрермен көңілін көтерді.

Жас дарындар фестивалі

Осылайша, Түркістан қаласында «Түркістан: көне мен келешек көпірі» атты жаңа облыстық өнер фестивалінің қалалық кезеңі бастау алды. Аудан, қалалық іріктеу кезеңі жас өнерпаздардың шабытын шыңдап, үлкен сахнаға жол ашпақ. «Ақжайық» музыка мектебінде өткен кеште түркістандық таланттар өнерлерін қазылар алқасының сынына салды. Жас өнерпаздарды қолдауға келген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жастардың танылуына жол ашатын өнер додасының қатысушыларына сәттілік тіледі. «Елдегі карантин шектеулеріне байланысты оқушылар өнерін көпшілік алдында кеңінен көрсетуге мүмкіндіктер болмауда. Дегенмен Түркістан қаласында бастау алып отырған өнер фестивалі әрі қарай аудан, қалаларда жалғасын табады. Бүгінгі өнер додасына қатысқан барлық жас дарындарға сәттілік тілеймін. Шығармашылықта өнерлеріңіз шыңдалып, биік белестерден көрінуге тілектеспін!», деді Өмірзақ Шөкеев.

Жас таланттар фестивалінде «Сымбат» би тобы «Шашу» биін билеп, түркістандық оқушылар мен Түркістан саз мектебінің ұстаздары бірлесе саксафон, флейта, рояль, барабанда ойнап, өз өнерін көрсетті. Сондай-ақ, «Шабыт» домбырашылар ансамблінің орындауында «Нәр ағашы» күйі көрермен назарына ұсынылды. Халық аспаптар оркестрінің квартеті күй тартып, «Болашақ» вокалды тобы, балалар мен жасөспірімдер орталығының квартеті әннен шашу шашты.

Айта кетелік, өңірде 8 өнер мектебі, 13 саз мектебі жұмыс істейді. Оның ішінде «Ақжайық» саз мектебін ерекше атап өтуге болады. Мектеп заманауи үлгідегі музыкалық аспаптармен жабдықталған.

 

Түркістан облысы