Пікір • 14 Қаңтар, 2021

Ішкі тұрақтылық – басты құндылық

27 рет көрсетілді

Елорда жұртшылығы күн сайын қала көшелерінен күртесінде «Ұлттық ұлан» деген жазуы бар жауын­гер­лерді көріп үйренген. Бас қаланың барлық аудандарында жүрген әскери жасақтар қала азаматтары мен қонақтарының көңіліне тыныштық, сенім және қауіп­сіздік сезімін ұялатады.

Қала тұрғындарының бей­біт өмірін қамтамасыз етуші жауынгерлер қызмет ететін 5573 әскери бөлімі – әскердің ең элиталы жедел құрамасы. Бұл құраманың жеке құрамы жан-жақты ба­ғыттағы міндеттерді ат­қаруға жұмылдырылады. Қа­лашықтың аумағы мен қару-жарақ қоймасын күзететін ішкі қарауыл, жарылғыш заттар, есірткі іздегіш және қылмыскердің ізін кесуші қызметтік иттерді дайындайтын кинологиялық орталық, маңызды ресми іс-шаралар мен салтанатты рәсім ке­зінде, әскери дәстүрлерде ай­рықша қызмет атқаратын Құрмет қарауыл ротасы бар. Әскердің ән-би ансамблі мен оркестрі, хореография және хор ұжымдары, Орталық мұражайы да қалашық базасында орналасқан.

Құраманың жаңа технологиялармен жабдықталған мәдениет орталығы мен ла­зареті, ату тирі, үш залдан тұратын спорт кешені бар. Мұның бәрі жеке құ­рам­ның жауынгерлік дайын­ды­ғын үздіксіз шыңдауға, мо­бильдендіруге жасалған жағ­дай деп білген жөн. Төтенше жағдайлар кезін­де жеке құрам дабыл қағы­лысымен оқиға орнына ат­тануға немесе тиісті мін­детті орындауға жедел жа­сақталады. Дегенмен, әс­кери қызметшілердің негіз­гі міндеті – күнделікті қо­ғамдық тәртіп пен қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету. Бү­гін біз жедел мақсаттағы батальондардың қыс мезгі­лін­дегі қызметі жайлы сөз етпекпіз.

Қызметке шығатын күні әскери жасақтардың бағыттары айқындалып, сар­­баздар киім-кешектерін ал­дын ала сайлап қойды. «Ас – адамның арқауы» де­мекші, қызмет алды күш жинап, жақсылап ауқат­танып алды. Қалашық плацында әскери жасақтар ке­зек­шісі, патрульдік топ бас­тықтары мен көліктегі патрульдер және әскери бағ­дарлардың дайындығы, құ­рал-жабдықтарының бүтін­дігі тексерілді. Құрама ко­мандирі, полковник Нұрлан Мұхамедовтен бұйрық алған жеке құрам бөлімнің көлік паркіне саппен бет алды.

Бұл уақытта қызмет­тік тех­никалардың жүргізу­шілері қала ішінде қозғалу рұқсатнамаларын алып, жа­нар-жағармайын құйып, тех­никалық ахуалын тек­серіп, көлікті жылытып жеке құрамды күтіп тұрған болатын. Бағыт – аудандық полиция басқармалары. Жар­ты сағатта тиісті ны­сан­дарға жеткен 1 және 2-жедел мақсаттағы батальон жауынгерлеріне қа­ла­ның Есіл, Алматы аудан­да­­рындағы полиция бас­қар­маларының бас­шы­лары қоғамдық тәр­­­тіп­ті қам­та­масыз ету­ді және қыз­мет ба­рысында заң­сыздықтарға жол бер­меуді, өздеріне жүк­тел­ген мін­детті үлкен жауапкер­шілік­пен атқаруды тапсырды.

– Қызмет бабында түрлі жайттар орын алып жатады. Сонысымен де ұнайды. Себебі кейде жоғалған заттарды тауып алып, иеле­ріне қайтарып, алғысқа бө­ле­несің. Мұндай күндері көңі­лің көтеріліп, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Бір пайдаға жарағаныңа, жақ­сылық жасағаныңа, қыз­мет ете жүріп сауап жинағаныңа, біреудің шын көңілмен рахмет айтқанына қуанасың. Енді бірде ұрының ізіне тү­сіп, қолға түсіреміз. Іздеуде жүр­гендерді, суық қаруы бар аза­маттарды, нашақорларды, адам зорламақ болғандарды құрықтаймыз. Яғни бұрын-соңды дәл мұндай міндет атқарып көрмеген біз үшін бұл үлкен жауапкершілік. Қысқасы, «Отан қорғаушы» сөзінің байыбын түсініп жа­тырмыз, – дейді Бекзат Таңсықбай.

Бекзат Түркістан облы­сы Сарыағаш ауданы Қы­зыләскер ауылының тумасы. Қала тыныштығын қо­рып жүргеніне тоғыз ай болыпты. Ал жасақты басқар­ғанына жарты жылдан ас­қан. Әскерге кеше ғана буы­ны қатая қоймаған бозбала күйде келген ол бүгінде есейіп, қарамағындағы кө­мек­ші патрульдеріне жол көр­сетіп, өзінің үлкендігін та­нытып жүр. Әскери жа­сақ бастығының қоғамда өз рөлі бар екенін жақсы түсі­неді. Сөзі нық. Бойы тік. Мұн­дай қасиет пен қабілет тә­жірибе мен жауынгерлік дайындықтың нәтижесінде қалыптасады.

Қасындағы патрульдің бірі қатардағы Асхат Тәжен Қызылорда қаласынан шақы­рылған екен. Бұған дейін дәл осы 5573 әскери бөлімінде Нұр­лан Қожахмет және Рус­лан Қожахмет есімді туыс ағалары 2015 және 2017 жыл­дары Отан алдындағы борышын өтепті. Солардың әскер туралы әңгімелерін, естелікт­ерін естіген Асхат ер­терек сарбаз атануға асық­қан көрінеді.

Жауынгерлердің уақы­тын алмайық деп келесі бағытқа қарай бет алдық. Үш­тікке енді жақындай бер­­генде, қасымызға «Ұлттық ұлан» деген жазуы мен әс­кери символикасы бар кө­лік келіп тоқтады. Жа­сақ бастығы қолын шеке­сіне қойып, көліктен түс­кен әс­кери қыз­метшіге  жағ­дай­ды баян­дады. Сол күнгі әс­кери жасақ­тар бойынша кезекшілік етіп жүрген офи­цер 4-жедел мақсаттағы ротаның ко­мандирі капитан Рахат Әбіл­жанов екен.

– Жарты жыл сайын бір шақырылым кетіп, бір ша­қы­рылым келіп жатады. Жас сарбаздарымыз тәжі­ри­белі жауын­герге айнал­ғанда, қатарға жаңадан қо­сыл­ғандар әскери істің қыр-сы­рымен енді ғана таныса бастайды. Яғни жеке құрам жаңарып, өзгергенмен, жа­уын­герлік қызмет ешқа­шан тоқтамайды. Олардың қызметке тез бейімделіп, мін­­­детін жетік меңгеруі, қа­лып­­тасу кезеңіне тікелей бай­­ланысты. Оқу пунктінде жүр­генде дұрыс бағыттап, атқаратын міндеттерінің ма­ңызын түсіндіре білсең, қыз­метке оң ой, жақсы көңіл күй­­­мен аттануына жағ­дай жа­­­са­­саң нәтижесі де жоға­ры бо­­­лады, – дейді Рахат Сәбит­ұлы.

Айта кетелік, 5573 әскери бөлі­мінің жеке құрамы Нұр-Сұлтан қаласының ішкі істер бөлімдеріне өткен жылы әкім­шілік құқық бұзушылық жасаған 4261 адамды, қыл­мыс­тық белгілері бар 86 адам­ды жеткізді. Олардың ішін­де ішімдік ішіп, қоғам­дық орында тыныштық бұз­ғандар, ұсақ бұзақылық жа­сағандар, ел аумағында заң­сыз, құжатсыз жүргендер, іздеу­де жүргендер бар. Сон­дай-ақ әскери жа­сақтар­дың көмегімен 36 ұр­лық, 5 тонау, 6 бұзақылық, 5 алаяқтық, 3 ден­саулыққа қа­сақана нұқсан келтіру, 19 заңсыз есірткі тасымалдау және қолдану, 1 көлік ұрлау, 1 соққыға жығу, 5 билік өкіліне бағынбау, 4 билік өкіліне күш қолдану фактісі ашылған. Профилактика деген осы.

 

Мөлдір НӘЛІБАЕВА,

аға лейтенант

 

Соңғы жаңалықтар

Жұмекен жырдың жеті бояуы

Руханият • Бүгін, 13:32

Ұқсас жаңалықтар