Қала тұрғындарының бейбіт өмірін қамтамасыз етуші жауынгерлер қызмет ететін 5573 әскери бөлімі – әскердің ең элиталы жедел құрамасы. Бұл құраманың жеке құрамы жан-жақты бағыттағы міндеттерді атқаруға жұмылдырылады. Қалашықтың аумағы мен қару-жарақ қоймасын күзететін ішкі қарауыл, жарылғыш заттар, есірткі іздегіш және қылмыскердің ізін кесуші қызметтік иттерді дайындайтын кинологиялық орталық, маңызды ресми іс-шаралар мен салтанатты рәсім кезінде, әскери дәстүрлерде айрықша қызмет атқаратын Құрмет қарауыл ротасы бар. Әскердің ән-би ансамблі мен оркестрі, хореография және хор ұжымдары, Орталық мұражайы да қалашық базасында орналасқан.
Құраманың жаңа технологиялармен жабдықталған мәдениет орталығы мен лазареті, ату тирі, үш залдан тұратын спорт кешені бар. Мұның бәрі жеке құрамның жауынгерлік дайындығын үздіксіз шыңдауға, мобильдендіруге жасалған жағдай деп білген жөн. Төтенше жағдайлар кезінде жеке құрам дабыл қағылысымен оқиға орнына аттануға немесе тиісті міндетті орындауға жедел жасақталады. Дегенмен, әскери қызметшілердің негізгі міндеті – күнделікті қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бүгін біз жедел мақсаттағы батальондардың қыс мезгіліндегі қызметі жайлы сөз етпекпіз.
Қызметке шығатын күні әскери жасақтардың бағыттары айқындалып, сарбаздар киім-кешектерін алдын ала сайлап қойды. «Ас – адамның арқауы» демекші, қызмет алды күш жинап, жақсылап ауқаттанып алды. Қалашық плацында әскери жасақтар кезекшісі, патрульдік топ бастықтары мен көліктегі патрульдер және әскери бағдарлардың дайындығы, құрал-жабдықтарының бүтіндігі тексерілді. Құрама командирі, полковник Нұрлан Мұхамедовтен бұйрық алған жеке құрам бөлімнің көлік паркіне саппен бет алды.
Бұл уақытта қызметтік техникалардың жүргізушілері қала ішінде қозғалу рұқсатнамаларын алып, жанар-жағармайын құйып, техникалық ахуалын тексеріп, көлікті жылытып жеке құрамды күтіп тұрған болатын. Бағыт – аудандық полиция басқармалары. Жарты сағатта тиісті нысандарға жеткен 1 және 2-жедел мақсаттағы батальон жауынгерлеріне қаланың Есіл, Алматы аудандарындағы полиция басқармаларының басшылары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді және қызмет барысында заңсыздықтарға жол бермеуді, өздеріне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.
– Қызмет бабында түрлі жайттар орын алып жатады. Сонысымен де ұнайды. Себебі кейде жоғалған заттарды тауып алып, иелеріне қайтарып, алғысқа бөленесің. Мұндай күндері көңілің көтеріліп, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Бір пайдаға жарағаныңа, жақсылық жасағаныңа, қызмет ете жүріп сауап жинағаныңа, біреудің шын көңілмен рахмет айтқанына қуанасың. Енді бірде ұрының ізіне түсіп, қолға түсіреміз. Іздеуде жүргендерді, суық қаруы бар азаматтарды, нашақорларды, адам зорламақ болғандарды құрықтаймыз. Яғни бұрын-соңды дәл мұндай міндет атқарып көрмеген біз үшін бұл үлкен жауапкершілік. Қысқасы, «Отан қорғаушы» сөзінің байыбын түсініп жатырмыз, – дейді Бекзат Таңсықбай.
Бекзат Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Қызыләскер ауылының тумасы. Қала тыныштығын қорып жүргеніне тоғыз ай болыпты. Ал жасақты басқарғанына жарты жылдан асқан. Әскерге кеше ғана буыны қатая қоймаған бозбала күйде келген ол бүгінде есейіп, қарамағындағы көмекші патрульдеріне жол көрсетіп, өзінің үлкендігін танытып жүр. Әскери жасақ бастығының қоғамда өз рөлі бар екенін жақсы түсінеді. Сөзі нық. Бойы тік. Мұндай қасиет пен қабілет тәжірибе мен жауынгерлік дайындықтың нәтижесінде қалыптасады.
Қасындағы патрульдің бірі қатардағы Асхат Тәжен Қызылорда қаласынан шақырылған екен. Бұған дейін дәл осы 5573 әскери бөлімінде Нұрлан Қожахмет және Руслан Қожахмет есімді туыс ағалары 2015 және 2017 жылдары Отан алдындағы борышын өтепті. Солардың әскер туралы әңгімелерін, естеліктерін естіген Асхат ертерек сарбаз атануға асыққан көрінеді.
Жауынгерлердің уақытын алмайық деп келесі бағытқа қарай бет алдық. Үштікке енді жақындай бергенде, қасымызға «Ұлттық ұлан» деген жазуы мен әскери символикасы бар көлік келіп тоқтады. Жасақ бастығы қолын шекесіне қойып, көліктен түскен әскери қызметшіге жағдайды баяндады. Сол күнгі әскери жасақтар бойынша кезекшілік етіп жүрген офицер 4-жедел мақсаттағы ротаның командирі капитан Рахат Әбілжанов екен.
– Жарты жыл сайын бір шақырылым кетіп, бір шақырылым келіп жатады. Жас сарбаздарымыз тәжірибелі жауынгерге айналғанда, қатарға жаңадан қосылғандар әскери істің қыр-сырымен енді ғана таныса бастайды. Яғни жеке құрам жаңарып, өзгергенмен, жауынгерлік қызмет ешқашан тоқтамайды. Олардың қызметке тез бейімделіп, міндетін жетік меңгеруі, қалыптасу кезеңіне тікелей байланысты. Оқу пунктінде жүргенде дұрыс бағыттап, атқаратын міндеттерінің маңызын түсіндіре білсең, қызметке оң ой, жақсы көңіл күймен аттануына жағдай жасасаң нәтижесі де жоғары болады, – дейді Рахат Сәбитұлы.
Айта кетелік, 5573 әскери бөлімінің жеке құрамы Нұр-Сұлтан қаласының ішкі істер бөлімдеріне өткен жылы әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 4261 адамды, қылмыстық белгілері бар 86 адамды жеткізді. Олардың ішінде ішімдік ішіп, қоғамдық орында тыныштық бұзғандар, ұсақ бұзақылық жасағандар, ел аумағында заңсыз, құжатсыз жүргендер, іздеуде жүргендер бар. Сондай-ақ әскери жасақтардың көмегімен 36 ұрлық, 5 тонау, 6 бұзақылық, 5 алаяқтық, 3 денсаулыққа қасақана нұқсан келтіру, 19 заңсыз есірткі тасымалдау және қолдану, 1 көлік ұрлау, 1 соққыға жығу, 5 билік өкіліне бағынбау, 4 билік өкіліне күш қолдану фактісі ашылған. Профилактика деген осы.
Мөлдір НӘЛІБАЕВА,
аға лейтенант