Заң жобасы жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мерзімін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастауға, құжаттарды ресімдеу және жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу рәсімдерін оңайлатуға мүмкіндік береді. «Ақпарат құқықтық кадастрдан электронды үкімет веб-порталы арқылы берілетін болады. Бұл құқықтарды электронды тіркеу кезінде ведомствоаралық үйлестіруді арттыруға, сондай-ақ мәліметтерді құқықтық кадастрдан уәкілетті органдар мен тұлғаларға беруге мүмкіндік береді», деді комитет хатшысы Қанатбек Сафинов.
Сондай-ақ заңнамалық деңгейде енгізілген түзетулермен жергілікті атқарушы органдарға жылжымайтын мүлік объектісін бұзу туралы құжатты беру жөніндегі функцияларды бекіту және шаруашылық серіктестіктеріне қатысушылар құрамының өзгеруіне байланысты оны қайта тіркеу тәртібін айқындау жоспарланып отыр. «Заң жобасы сот орындаушыларының құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелерін алу құқығын бекіту нәтижесінде сот актілерінің уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге ықпал етеді», деді сенатор Нұрлан Бекназаров.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттары бастамашы болған еді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.