Олардың бірінде ауыл тұрғындарына арналған су тарифін төмендету көзделіп отыр. Оған субсидия алу жөніндегі рәсімдерді оңтайландыру есебінен де қол жеткізілуге тиіс. Ал осы тарифтердің өзі енді нақты өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып айқындалуы тиіс.
Мұндай жаңалықтар «Қазақстан Республикасының Су кодексіне жергілікті өкілді, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында ауызсумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда қарастырылған. Құжат бүгін екі оқылымда қабылданды.
«Ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – еліміздің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Депутаттар бастамашылық жасаған осы заң ауылдық жерлерді сумен жабдықтау мәселелерін шешу жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз. Ұсынылып отырған нормалар өңірлерді дамытуға және жергілікті атқарушы органдардың жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал ететіні айқын», деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.