Қоғам • 14 Қаңтар, 2021

Түркістан облысының полицейлері жол апатына ұшыраған жүргізушіге көмектесті

196 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының тәртіп сақшылары жол апатына ұшыраған қырғызстандық азаматқа көмектесті, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Түркістан облысының полицейлері жол апатына ұшыраған жүргізушіге көмектесті

12 қаңтарда шамамен кешкі сағат 22.30-да Бәйдібек ауданының аумағындағы Шымкент-Самара тас жолының 56 шақырымында “Вольво” маркалы ауыр жүк көлігінің жүргізушісі рөлді басқара алмай, көлік аударылып қалған.

Оқиға орнына жеткен Бәйдібек ауданының ПБ полицейлері көлік тізгінінде отырған шетелдік азаматқа автокөлікті қайта тұрғызуға көмектесіп, оны айыппұл тұрағына жеткізді. Көкөністер тиелген бұл автокөліктің Қырғызстан Республикасынан Ресей Федерациясына қарай бағыт алғаны анықталды.

Жол апаты салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Жүргізушіге тиісті медициналық көмек көрсетілді.

Полиция қызметкерлері Қырғызстан Республикасының азаматы болып табылатын көлік жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы) бойынша әкімшілік хаттама толтырды.

Жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жіберілетін болады. Қырғызстан Республикасының азаматы полицейлердің көрсеткен көмегіне өз ризашылығын жеткізді.

– Түнде трассада менің көлігім аударылып қалды. Сол сәтте дер кезінде көмекке келіп, мені құтқарып қалған полицейлерге алғыс айтамын! Мені тамақтандырып, медициналық көмек те көрсетті. Аударылған көлігімді қайтадан тұрғызып берді. Полицейлерге үлкен рақмет! – деді ол.

Өз кезегінде, тәртіп сақшылары автокөлік иелерін жолда, әсіресе ауа-райының қолайсыз кезінде және көктайғақта абай болуға шақырады. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелері мен арақашықтықты сақтау туралы ескертеді.