Президент Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуындағы Елбасының дара көшбасшылығының маңызына айырықша тоқталды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы соңғы уақытта аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне де жауап бере отырып, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыздың бар екенін баса айтты. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті шешілгені де белгілі.
Сондай-ақ Президент азаматтарымызды көптен мазалап жүрген жер мәселесі бойынша да сөз қозғап, қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейтінін тағы да растады.
Бірлікті ел бұзылмас, сондықтан мемлекетімізді біртұтас деп білуіміз және танытуымыз қажет. Ол үшін аймақтарымызды солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс деп бөле бермей, тарихи, мәдени маңызды атауларды енгізу де маңызды. Әрине, оны Мемлекет басшысы айтқандай, байыппен, ойланып жүзеге асыру керек.
Әр қазақ үшін аталарымыздың қаны мен тері тамған бір уыс топырақтың өзі – есебі жоқ байлық. Алайда бұл жерді дұрыс пайдалану, қадірін біліп қастерлеу, шынайы отансүйгіштікті қалыптастыру – кезек күттірмейтін үлкен жұмыс.
Жаһандану мен ақпараттық даму заманында елдің жат жұрттың идеологиялық ықпалына тез ілесіп кетуі белең алуда. Әсіресе жастар бұл қауіптің алдында тұрғаны анық. Бұған төтеп берудің жолы – жаңа заманға сай білім мен бәсекеге қабілеттілікті, артықшылықтарды бойға сіңірумен қатар, тамырымызды, ұлттық болмысымызды берік сақтау.
Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет.
Ұлттың жаңа болмысы өткенді білуден, дәріптеуден басталады. Тәуелсіздік құндылығы халқымыздың жадында мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек. Бұл ретте, тарихи жадының орны ерекше. Тәуелсіздігіміздің 30-жылдығымен қатар, егемендікке жеткізген қайғы-қасіретке толы тарихи оқиғаларды ұмытпаған жөн. Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. 1986 жылы ұл-қыздарымызды Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шығарған Желтоқсан оқиғасына да 35 жыл толады. Бұның бәрі – біздің тарих. Мемлекеттілігіміз туралы бөтен пікір айтып жүргендердің аузына құм құю үшін мыңдаған ғасырларға созылған тарихымыздың, әлемнің жартысына ие болған алып мемлекеттік құрылыстың, азаттық үшін соғыстардың, батырлар жырларын, Алаш қозғалысының бағдарламаларын, жалпы ұлт шежіресін жаппай қайта қарап, оны өз елімізбен қатар бүкіл әлемге жаңа ақпараттық тетіктер арқылы паш ету – маңызды міндет.
Ел бірлігінің, ұлт намысының ажырамас бөлігі – ол тіл. Мемлекет басшысы қазақ тілінің мәртебесін ерекше айтып, мемлекеттік тілді көпшіліктің үйренуі жөніндегі өз үндеуін нақты жеткізді. Мемлекеттік тілді білу – әр азамат үшін парыз. Ол үшін елде барлық жағдай жасалуда, қалғаны әр адамның өз ниетінде. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты.
Қазақстанның асқақ болашағы үшін елдік саясат, жасампаз патриотизм, мемлекеттің игілігі үшін күнделікті еңбек пен ұлт бірлігі өте маңызды.
Мәдина БЕКТЕНОВА,
Президент жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері