Оқиға • 15 Қаңтар, 2021

Бауырластықты бекемдейтін басылым

176 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі ака­демиясы елордада Әзер­бай­жан мен Қарабаққа қа­тысты бірнеше кітаптың таныстыру-тұсаукесер рә­сімін өткізді.

Бауырластықты бекемдейтін басылым

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

 

Атап айтқанда, «Қарабақ – Әзер­бай­жанның жауһары: тарихы, мә­дениеті, табиғаты», «Жоғалтқан ба­қы­тым: Қарабақтың шынайы оқиға­ла­ры» және «Әзербайжан Халық Республикасы» кітаптары оқырманға жол тартты.

Айта кетерлігі, үш жинақ та қазақ тілінде жарық көрді. Ал Қа­рабақ туралы альбом-кітап – халықаралық ұйым та­рапынан шығарылған алғашқы кітап.

Тұсаукесер рәсімінің құр­мет­ті қо­нақ­тары қатарында Әзербай­жанның Қазақстандағы Тө­тен­ше және өкілетті елшісі Ра­шад Мам­мадов, Қырғыз Рес­пуб­ликасының Қазақстандағы Тө­тенше және өкілетті елшісі  Жээн­бек Кулубаев болды. Сонымен қатар Әзербайжан Милли Меджлисінің депутаты, Мәдениет комитетінің төрайы­мы Ганира Пашаева, Қырғыз­стан­ның экс-мемлекеттік хатшысы Ос­манакун Ибраимов, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлы да қатысты. Сондай-ақ Әзербайжан парламенті депутаттары жиынға арнайы келгенін айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, Түркі елдерінің жазушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық корпус өкілдері, танымал ғалымдар мен зиялы қа­уым іс-шараның басы-қасында жүрді.

«Халықаралық Түркі акаде­мия­сы Қарабақ мәселесінде әр­дайым Әзербайжанның жанында болды, қолдады. Біздің ең үл­кен тартуымыз – Қарабақ туралы альбом-кітап, Әзербайжан Рес­пуб­ликасының жүз жылдығына арналған кітап және Қарабақтың шы­найы оқиғалары тура­лы әңгі­мелер жинағы жарық көрді. Оған өткен жылдың басынан бері дайындық жүргіздік. Сапалы су­рет­тер мен материалдарды жинас­тырдық. Біздің бұл кітапты баспа­ға беруіміз Әзербайжанның Шуша­ны алуымен сәйкес келді», деді Ха­лықаралық Түркі академия­сы­ның президенті Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ жиын барысында Әзер­байжанның Қазақстандағы Төтен­ше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов Халықаралық Түркі акаде­мия­сының арнайы медалімен марапат­тал­ды.

Бұдан кейін сөз алған Рашад Маммадов Елбасы бастамасымен құ­рыл­­ған Түркі академиясының бауырлас елдерге ортақ игілік саналатынын атап өтті. Сондай-ақ Халықаралық Түркі академиясы атқарып жатқан жұмыстарға тоқталып, Түркі мем­лекеттерін жақындастыруға зор үлес қосып отырғанын жет­кізді. Елші өз сөзінде Қазақ­стан халқына қиын кезеңде қолдау көрсеткені үшін рахмет айтты.

«Түркі академиясы екінші Қара­бақ соғысы басталғаннан-ақ Әзер­байжан халқының жанынан табылды. Сүйеу болды, қолдау көр­­сетті. Әрдайым әділет сөзін сөй­леп, жарқын жеңісімізді жа­қын­датуға үлес қосты. Қарабақ туралы қазақ тілінде алғаш рет кітаптың жарық көруі өте маңызды. Өйткені бұл жинақ тәуел­сіз ұйым тарапынан жарық көріп, әлемге Қарабақтағы оқи­ғаларды шынайы жеткізеді.

Академия жылдар бойы тарихи, географиялық, әдеби және одан да басқа кітаптарды шы­ға­рып, Әзер­бай­жан­ды бауырлас халық­тарға, бауыр­­­­­лас халықтарды Әзер­бай­жан­ға таныта алды. Ортақ тари­хымыз бен ортақ географиямыз жазылды. Осы­лай­ша, бүкіл Түр­кі әлемі ғалым­да­рының басын қос­қан үлкен алаңға айналды», деді Әзербайжан елшісі.

Қырғызстанның экс-мемле­кет­тік хатшысы Османакун Иб­раи­мов өз сөзінде Қарабақ туралы кі­таптың қазақ тілінде жарық көруін жоғары бағалады.

«Халықаралық Түркі акаде­мия­сы қоғамға қажетті, елдері­мізді жа­қындастыратын маңызды шаралар ұйымдастырып, құнды кітаптар жариялап келеді. Таяуда жарық көрген «Түркі әлемінің та­рихи-мәдени атласы» соның айғағы», деді О.Ибраимов.

Бұдан кейін Әзербайжан Мил­ли Меджлисінің депутаты, Мәде­ниет комитетінің төрайымы Ганира Пашаева сөз алып, Қа­зақ­станға және Халықаралық түркі академиясына қол­дау біл­діргені үшін алғысын жет­кізді.

«Келісім нәтижесінде, Әзер­бай­­жан­ның негізгі территориясы мен Нахчиван автономиялық рес­пуб­ли­ка­сы арасында дәліз ашылды. Бұл – түркі елдері үшін үлкен жетістік. Яғни тікелей байланыс орнатуға мүм­кін­дік туады», деді Г.Пашаева.

Жиынға қатысушылар түркі ел­­дерінің ынтымақтастығын да­мы­туға осындай жинақтардың жа­рық көруі зор үлес қосатынын атап өтті.