Аймақтар • 15 Қаңтар, 2021

Қызылордалық зияткер баламалы қуат көзін ойлап тапты

209 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Мерей Сембай қала көшелерін жарықтандырудың тиімді әдісін ойлап тапты.  Ол ұстазы Жеңісбек Жалмырзаевпен бірлесе отырып, көлік қозғалысы арқылы электр қуатын өндіруге болатынын дәлелдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Қызылордалық зияткер баламалы қуат көзін ойлап тапты

Көшеде үздіксіз ағылған көліктерді көрген сайын Мерейді «осылардың қозғалысы арқылы қандай пайдалы дүние жасауға болады?» деген ой мазалап жүргеніне біраз болыпты.. Көп ұзамай жетекшісі Жеңісбек Жалмырзаевпен бірлесе зерттеу жасап, автокөлік қозғалысындағы шығын энергиясын баламалы қуат көзіне айналдыру туралы идея туындаған.

«Жүрген көліктерден энергия өндірудің шағын макетін жасадық. Өндіру механизмі бірнеше бөлшектерден тұрады және көліктер көп шоғырланған аймақтардың көшелерінде жер астында орналастырылады. Олар жылдамдық бəсеңдеткіш төмпешіктерге ұқсас болады. Аталмыш платформадан көлік өткен сайын құрылғы төменге түсіп, қайта орнына келу арқылы энергия өндіреді», дейді жас өнертапқыш.

Механизм құрылысын сипаттау және қажетті есептеулер жүргізу үшін  жоба авторлары Қызылорда жылу электр торабының қызметкерлерінен кәсіби кеңестер алады. Сол жердегі генераторлардың жұмысын қадағалап, оның параметрлері мен құрылғылар өлшемдері жайлы ақпарат жинақтапты.

«Бұл –электр энергиясын адам денсаулығына, қоршаған ортаға залалсыз түрде алудың тиімді əрі қарапайым жолы. Қомақты қаржыны да қажет етпейді, белгілі аумақты жылдар бойы ешқандай шығынсыз жарықпен қамтамасыз ете алады. Мәселен, біздің қалада 20-дан астам жылдамдық бəсеңдеткіш төмпешік бар. Солардың орнын осындай 10 құрылғымен алмастырсақ,  үш жыл жылдың ішінде 70 млн теңге қаржы үнемдей аламыз», дейді жоба жетекшілері. 

Өнертапқыштар экономикалық, экологиялық және энергетикалық тұрғыда тиімді саналатын бұл жобаның әзірге елімізде баламасы жоқ дейді. Сондықтан алдағы уақытта тың технологияны патенттеп алып, өндіріске қосуды мақсат етіп отыр.

Жоба ұлттық STEAMUP жарысында ІІІ орын иеленген. Сондай-ақ, физика пәніне ерекше қызығушылық танытқан дарынды оқушыға Стенфорд университетінің жазғы оқу курсына қатысуға жолдама да беріліпті.