13 Желтоқсан, 2013

«Екі Кенен тумайды Алатауға ексең де...»

470 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Таулы қырат етегінде халық ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың ескерткіші бой көтерді.

Кенен ақын жасынан ауыз әдебие­­­тінің сан ғасырлардан бері үзілмей келген асыл мұралары үлгілеріменақындықжыршылықшешендікайтыскерлік өнерден нәр алыпоны өз тарапынан жетілдіріпкемелдендіре отырыпкейінгі ұрпаққа жеткізуге ұйытқы болды.

Алматыдағы Таулы қырат етегінде халық ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың ескерткіші бой көтерді.

Кенен ақын жасынан ауыз әдебие­­­тінің сан ғасырлардан бері үзілмей келген асыл мұралары үлгілерімен: ақындық, жыршылық, шешендік, айтыскерлік өнерден нәр алып, оны өз тарапынан жетілдіріп, кемелдендіре отырып, кейінгі ұрпаққа жеткізуге ұйытқы болды. «Туған елім, туған жер, ешбір өкпем жоқ сенде, Екі Кенен тумайды Алатауға ексең де...», деп жырлаған баба ескерткіші Тәуелсіздік мерекесі күні қарсаңында ашылып отыруында да бір үндестік бар сияқты, деді салтанатты жиында жүрекжарды лебізін білдірген қала әкімі Ахметжан Есімов.

Алматыда Кенен Әзірбаевтың атына мектеп, көше берілгенімен, тасқа қашалған бейнесі бұған дейін орнатылмаған екен. Етек-жеңі кең, қолында домбырасы бар бабаның тас мүсінін жасап, бүгінгі ұрпақпен қауыштырған Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Ескен Сіргебаев пен Ба­қытжан Әбішев.

«Құлағымнан кетпейді салған әні...», деп ұлы Жамбыл бабамыз жырлағандай, осы салтанаттағы жұртшылық алдында: «Халық үшін сайра тіл, жауға қылыш қайра тіл. Жұртым көрсін пайдамды, өнеріңді сайла тіл», деп жырлаған жыры ұрпақпен бірге жасай береді деп, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, белгілі ақын Ғалым Жайлыбай, ғасырға жуық өмір сүріп, 11 жасынан елінің, жерінің, қазақтың қамын ойлап, мадақтап жыр жазған қайталанбайтын тұлға екенін жеткізген қоғам қайраткері Ғайни­­­кен Бибатырова, Кенен атамыздың төл­басы атанған қызы Төрткен апай да жылы лебіздерін білдіріп, естеліктер айтты.

– Ескерткіштің ашылуы тек алма­тылықтар емес, бүкіл Қазақ елі, қа­зақ мәдениеті, өнері үшін үлкен тарихи оқиға, – деді асылдың сынығы, ақынның ұлы Бақытжан Кененұлы осы үлкен шараны жүзеге асырған Алматы қаласының әкімдігіне, Қордай жұртшылығы мен ақынның ауылдас­тарына Әзірбаевтар әулетінің атынан рахмет айта келе. – Сонау 2004 жылы уақытының тығыздығына қарамай Елбасымыздың ақынның ауылына атбасын бұрып, мұражайында болып, жұртпен емін-еркін әңгімесінің куәсі болып едік. Сонда мұражайдағы Құрмет кітабына: «Есімі әруаққа айналған Кенен атаның арманы – халқының бірлігі, болашақ ұрпағының баянды бақыты. Сол әруақ бізді қолдасын, Тәуелсіздігіміз, егемендігіміз мәңгілік болсын», деп жазған болатын. Міне, бүгінгі Тәуелсіздік күніне орай ашылып отырған атамыздың ескерткіші сол Нұрағаң айтқандай «өткенімізді ұмытпайық, ата-бабамыздың өткен тарихын келесі ұрпаққа ұстатып, бүгінді ертеңмен жалғастырайық» деген арманының жүзеге асуының бір көрінісі. Оған ел, халық куә.

Жетісу ән дәстүрінің алтын қазығы, сал-серілердің соңы, қазақ әдебиеті тарихында өзінің атын мәңгілікке қалдырған ақынның өлмес жырлары мен әсем әндері туған халқымен бірге жасай бермек.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Суретті түсірген

Берсінбек СӘРСЕНОВ.

 

Соңғы жаңалықтар