Қаржы • 18 Қаңтар, 2021

Ұлттық банктің болжамы қандай?

194 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлттық банк 2020 жылы инфляция дәлізі 4-6 пайыз шамасында болады деп болжаған еді. Алайда 2020 жылдың ортасында бұл көрсеткішті қайта қарауға тура келді. Ал инфляцияның құбылуы экономиканың өзге салаларына һәм әлеуметтік салаға әсер еткені түсінікті.

Ұлттық банктің болжамы қандай?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Ұлттық банктің Ақпарат және коммуникациялар департаменті инфляцияға әсер еткен факторлар туралы біздің сауалымызға:

– 2020 жылдың басындағы әлемдік эко­номикадағы жағдайды күрт өзгерістерге толы болды деп сипаттауға негіз бар. COVID-19 вирусының таралу географиясының кеңей­­гені Қытай мен Еуропалық одақ сияқ­ты қазақстандық экспорттың негізгі тұтыну­шы­ларын қоса ал­ғанда, көптеген елдердің эко­­номикалық даму перспективалары на­шарлауының басты факторына айналды. Мұнай өндіруді қысқарту бойынша ОПЕК+ келісімдеріне қол жеткізе алмағандықтан, жағдай күрделене түсті, бұл мұнай бағасының айтарлықтай төмендеуіне түрткі болды (бір күн ішінде 30%-ға дейін). Теріс сценарийді іске асыру нәтижесінде инфляция 2019 жылғы нау­рыздан бастап нысаналы дәліздің жоғарғы шекарасынан (жылдық мәнде 6,4%) шықты, – деп жауап берді.

Ұлттық банк хабарлағандай, осыған байланысты 2020 жылы Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 1 шілдедегі кеңестің қорытындысы бо­йынша берген тапсырмасына сәйкес Ұлттық банк жыл қорытындысы бойынша инфляция деңгейін 8-8,5 % шегінде ұстап тұру жөнінде шаралар қабылдады.

Пандемияға байланысты карантин шарала­рарының күшейтілуі мен төтенше жағдай жа­рияланған уақыт өткен жылдың наурыз айымен тұспа-тұс келген болатын. Сол себепті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев «жыл соңына қарай инфляция 6-8 пайызды құрауы мүмкін» екенін айтқаны есімізде. Бұл болжам жыл соңында орындалды ма?

– 2020 жылғы наурыздан бастап жылдық ин­фляция белгіленген мақсатты дәлізден 4-6%-дан асты. 2020 жылдың соңында 7,5% деңгейінде қалыптасты. Бұл бұрын жария­ланған 6-8% деңгейіне сәйкес келеді. Инфля­циялық процестер Қазақстанда және біздің сау­да серіктестеріміз болып табылатын елдерде карантиндік шаралардың әсерінен, тең­генің әл­сіреуінен, сондай-ақ әлсіз бекітілген ин­фля­циялық күтулер нәтижесінде қалыптасты. 2020 жылы инфляцияға үлес қосқан негізгі себеп – азық-түлік тауарлары бағасының өсуі, – деп хабарлады бас банктің Ақпарат және коммуникациялар департаменті.

Иә, 2020 жылдың соңындағы есеп бойынша баға  11,3%-ға өсті. Азық-түлік инфляциясының үдеуіне жекелеген тауарларға деген сұраныстың артуымен қатар, төтенше жағдай мен каран­тиндік шаралар жағдайында шикізат пен өнім­дер тізбегінің тоқтауынан туындаған шек­теу­лі ұсы­ныс та әсер етті.

Азық-түліктің қымбаттауымен қатар, тұты­нушылардың төмен сұранысы аясында сондай-ақ карантиндік шаралар мен бөлшек сауда объектілерінің жұмысына шектеулердің сақ­талуы аясында орын алған азық-түлік емес және қызмет компоненттерінің тұрақты динамикасы инфляцияның одан әрі өсуін тежеді. Азық-түлік емес тауарлар мен қызметтер бағаларының жыл­дық өсімі 2020 жылы желтоқсанда сәйке­сінше 5,5% және 4,2%-ды құрады.

Ал инфляцияны біртіндеп тізгіндеуге нен­дей факторлардың әсері тиді? Ұлттық банк хабарлағандай, инфляцияға қысымның төмен­деуі қашықтан жұмыс істеу және оқу жолға қойылуына орай жанар-жағармай материалдарына сұраныс қарқынының баяулауы әсер етті. Сөйтіп 2020 жылғы наурыздағы 3,8%-дан желтоқсанда 1,6%-ға дейін төмендеді.

Қызмет инфляциясының қалыпты өсуі­нің негізгі факторы төтенше жағдай кезеңін­де реттелетін коммуналдық қызметтер тариф­терінің уақытша төмендеуі, сондай-ақ әуе көлігі мен туристік қызметтер бағаларының төмендеуі болды.

Сонымен қатар Үкіметтің қабылдаған шаралары коронавирустық дағдарыс кезінде азық-түлік бағасының өсуін тежеуге көмектесті. Оның ішінде төтенше жағдай кезеңінде кейбір тауар­­лық заттардың экспортын шектеу, бір­қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар­ларының шекті бағаларын белгілеу және осы тауарлар тобына қосымша құн салығын уақытша төмендету сияқты шараларды ерекше атап өт­кен ләзім.

Дегенмен, жыл соңына қарай теңгенің нығая түскені байқалды. Оны Ұлттық банк:

– Теңге бағамының динамикасы сыртқы және ішкі нарықтағы үрдістерді көрсетеді. 2020 жылғы қараша-желтоқсан айларындағы коронавирустық вакцинаның сәтті сынақтары туралы жаңалықтар әлемдік нарықтарда инвесторлардың тәбетін ашып, көптеген дамушы елдің валюталарына, соның ішінде теңгеге оң әсерін тигізді. Мұнай бағасының өсуіне вакцинаны қолданудың күтімі мен көмірсутектерге деген сұраныстың өсуі әсер етті, бұл теңгені нығайтты.

Мұнай бағасынан басқа, 2020 жылдың аяғында теңгенің нығайғандағы қосымша факторы салық кезеңі болды, онда ірі экспорттау­шылар салық міндеттемелерін төлеу үшін шетел валютасын сатты. Жоғарыда аталған фак­тор­лардың үйлесуі – теңге бағамының динамикасына және оның 2020 жылдың аяғында нығаюына оң әсерін тигізді, – деп түсіндірді.

2021 жылға инфляция дәлізіне қатысты болжам қандай? Бас банктің болжамы бойынша 2021 жылы жылдық инфляция 4-6% нысаналы диапазонның жоғарғы шегіне қарай біртіндеп баяулап, одан әрі осы дәлізде қалыптасады.

– Инфляциялық серпіннің баяулауына 2020 жылы азық-түлік тауарлары, оның ішінде ет, нан-тоқаш өнімдері, күнбағыс майы, қант, жұ­мыртқа, қарақұмық жармасының баға­сы­ның өскеніне байланысты қалыптасқан инф­ля­ция­ның жоғары статистикалық кезеңі кеткені әсер етеді деп күтілуде.  Қытай мен Еуропалық одақ­­тағы инфляциялық болжамдар нәтижесінде бо­ла­­тын әлсіз сыртқы инфляциялық қысым да біз­­ге оң әсер етеді, – деп хабарлады Ұлттық банк.

Соңғы айларда байқалған жекелеген тамақ өнімдері қымбаттағаннан кейін әлемдік азық-түлік бағасы біртіндеп төмендейді деген болжам бар. Азық-түліктің әлемдік бағасының қалыпты болуына астық қорларының өскені, ұсыныстың артқаны оң ықпалын тигізуге тиіс.

Эпидемиялық жағдай жақсарып, эконо­микалық белсенділік қалпына келген сайын­ тұтынушылық сұраныстың кеңейіп келе жат­қаны байқалады. Бұл дезинфляциялық қы­сымды рет-ретімен әлсірете түседі. Сонымен бірге, инфляцияның азық-түлікке жатпайтын компонентіне нақты ақшалай кіріс төмендеген кезде тұтынушылық талғамның арзан импорттық тауарларға ауысуы да сеп болады.

Қорыта келгенде, инфляция ақылы қыз­меттер бағасына, көбінесе реттелетін қызмет­тердің қазіргі бағасы сақталуына, сондай-ақ карантиндік шектеулердің алынып тасталуына қарай реттелмейтін қызметтердің жекелеген түрлеріне бағаның өсуіне байланысты болады.