Кәрі құрлықтағы ахуал күрделеніп барады. Мәселен, Ұлыбританияда елге шетелдіктердің кіруіне тыйым салынбақ. Премьер-министр Борис Джонсон 18 қаңтар күнгі сағат 04:00-ден бастап әлемнің барлық елдерінен келетін меймандардың кіруі тоқтатылатынын мәлімдеді.
Осыған байланысты Тұманды Альбионға ат басын тірейтіндердің бәрі елге келмес бұрын коронавирусқа тест тапсыруы қажет. Сондай-ақ Ұлыбритания аумағына келгеннен кейін 10 күн оқшауланбақ. Немесе 5 күндік оқшаулаудан соң қайта тест тапсыруы тиіс. Ұлыбританиядағы мұндай шектеу шаралары 15 ақпанға дейін жалғасады.
Егер эпидемиялық жағдай тұрақталса, оны біртіндеп жеңілдету қарастырылған. Биліктің хабарлауынша, қазірдің өзінде оқшаулау шаралары нәтиже бере бастаған көрінеді. Мәселен, кейінгі бірнеше күнде жаңадан науқастанғандар саны күрт азайған.
Соған қарамастан, Англия астанасы Лондонда тағы бір уақытша мәйітхана жұмыс істей бастады. Жоспар бойынша, мәйітхана 1300 мүрдені қабылдауы тиіс. Пандемияның алғашқы толқыны кезінде Лондонда уақытша төрт мәйітхана ашылған еді.
Лондон мэрі Садық Ханның мәліметіне сүйенсек, Ұлыбритания астанасында пандемия құрбандарының саны 10 мыңнан асты. Бір апта ішінде салынған мәйітхана тоңазытқыш қондырғылары бар шатырлардан тұрады. Осындай уақытша нысандар басқа да ағылшын қалаларында бой көтермек.
Бұған дейін Ұлыбритания және басқа да бірқатар ел Оңтүстік Америка, Португалия және Кабо-Верде елдерінен келетін жолаушыларға уақытша тыйым салған-тұғын. Себебі жапон ғалымдары коронавирустың жаңа, «бразилиялық түрін» анықтап, аталған мемлекеттерде өршіп тұрғанын мәлімдеген-ді.
АҚШ-та пандемия басталғалы коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 23,5 миллионға жетті. Оның 39 мыңнан астамы кеселден көз жұмды. Елде кейінгі екі апта ішінде вирус құрбандарының саны 42800-ден асып, рекордтық көрсеткішке жеткен. Орта есеппен алғанда тәулігіне 3 мыңға жуық адам қауіпті инфекциядан көз жұмады. Мамандар алдағы 6 күнде тағы 14 мыңнан астам америкалық тұрғын өмірімен қоштасады деп отыр. Президенттік сайлауда жеңіске жеткен Джо Байден ел тұрғындарын маска тағу режімінен бас тартпай, қауіпсіз арақашықтықты сақтап, халық көп жиналатын орындарға бармауға шақырады.
Індеттің күрт өсуі салдарынан Бразилиядағы ауруханаларда оттегі қоры түгесілуге жақын. Бөлімшелерде бос төсектер, өкпені жасанды желдету аппараттары мен оттегі маскалары да қалмаған. Дәрігерлер ауруханаларға жеткізіліп жатқан жаңа пациенттерге көмектесуге қауқарсыз екенін айтып отыр. Қарапайым халық туыстарына оттегі баллонын жеткізу үшін кезекке тұрып, әуре-сарсаңға түскен.
Қазіргі таңда Бразилия коронавирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде үшінші орында тұр. Бұл елде 8,3 миллион тұрғын дертке шалдыққан. Ал 207 мың науқас өлім тырнағына ілінді. Осылайша, қайтыс болғандар көрсеткіші бойынша Бразилия екінші орынға шықты.
Германияда коронавирус жұқтырғандар саны 2 миллионнан асты. Осыған байланысты Германия канцлері Ангела Меркель федералды аумақ басшыларымен жиын өткізіп, қатаң локдаун енгізу қажеттігін жеткізді.
Португалияда жаппай локдаун жарияланды. Карантиндік шектеу 30 қаңтарға дейін созылады. Мектептер, азық-түлік дүкендері, ветеринарлық клиникалар, наубайханалар, гүл дүкендері мен қонақүйлер ашық күйінде қала бермек. Жауапты билік өкілдері азаматтардан еш себепсіз үйден шықпауға кеңес беріп отыр.
Венгрия Қытайдың CoronaVac вакцинасын мақұлдаған алғашқы еуропалық ел атануы мүмкін. Премьер-министр Виктор Орбан дәл осы вакцинаны қолдану қажет екенін айтады. Сондай-ақ ол елдегі тиісті мекемелерді тезірек шешім қабылдауға шақырды.
Аустриядағы Китцбюэль тау шаңғысы курортында індет жұқтырғандар күрт көбейді. Жергілікті аумақ басшылығының пікіріне сай, бұған Ұлыбританиядан келген нұсқаушылар кінәлі. Енді курорт басшылығы өз қалтасынан қаржы шығарып, бүкіл округтегі тұрғындарға тест тапсыртуды жоспарлап отыр.
Испанияда рождестволық мерекелерден кейін індет күрт өскен. Қазіргі таңда елдегі ауруханаларда вирус жұқтырған 19 мың науқас жатыр. Олардың көпшілігі қаңтар айының басында вирус жұқтырған.
Қытайда да вирус қайта өршіп барады. Таяуда өткен жылдың 1 наурызынан бергі ең жоғары тәуліктік көрсеткіш тіркелді (144 жағдай). Науқастардың көпшілігі 22 миллион халқы бар Хэбэй провинциясында тұрады. Осы провинцияда шұғыл түрде 3 мың орындық аурухана-изолятордың құрылысы басталды.
Жоғарыда бірқатар елде вакцина салу басталып кеткенін айттық. Израиль әлемде алғаш болып бүкіл халықты екпемен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Жоспар бойынша, наурызға дейін тұрғындардың бәріне вакцина егіліп бітуі тиіс.
Үндістанда жаппай екпе егу науқаны басталды. Жергілікті билік қолданысқа екі препаратты енгізген. Бірі «Коваксин», екіншісі «Ковашилд» атты үнді препараттары. Жоспар бойынша наурыз айына қарай аймақта 12 мың вакциналау орталығы ашылады. Вакциналау шарасының бірінші кезеңіне 30 млн адам тартылады. Олардың арасында медицина қызметкерлері мен полиция өкілдері бар. Ауқымды шараның бірінші күні 300 мың адамға екпе егіледі.
Дегенмен вакцина мәселесінде кедергілер көп болып тұр. Соның бірі – екпені жеткізу. Мәселен, Еуропалық одақта вакцина тапшы. Pfizer компаниясы өздерінің өнімін уәде етілген көлемде жеткізе алған жоқ. Швеция, Дания, Финляндия, Литва, Латвия және Эстония тарапы бұл жағдайға наразылығын білдірді.
БҰҰ Бас хатшысы індеттен қаза тапқандардың саны 2 миллионнан асқаннан кейін мәлімдеме жасап, вируспен күресте, әсіресе вакциналарды тарату мәселесінде ынтымақтасуға шақырды.
«Осы екі миллион адамның өмірін еске ала отырып, әлем күш жұмылдыруы керек», деген БҰҰ басшысы вакциналарға қатысты мәселелерге алаңдаушылық білдірді. Гутерриштің айтуынша, табысы жоғары мемлекеттер вакциналарға тез қол жеткізсе, әлемдегі ең кедей елдерде жағдай қиын. Кейбір мемлекеттер астыртын келісім жасап, вакциналарды артығымен сатып алуда.
«Вакцина өндірушілер жауапкершілікті сезініп, COVAX механизмімен және бүкіл әлемдегі елдермен бірлесіп, вакциналарды қажетті мөлшерде жеткізіп, дұрыс тарату үшін жұмыс істеуі керек. Елдер артық вакцинаны бөлісуге міндеттеме алуы тиіс», деді БҰҰ Бас хатшысы.
Осылар орындалғаннан кейін ғана әлемдегі медицина қызметкерлерін тез арада вакцинациялауға және денсаулық сақтау жүйелерін сақтап қалуға мүмкіндік туады. Антонио Гутерриш халықтың вакциналарға қатысты теріс пікірін жоюдың маңызына да тоқталды. БҰҰ басшысы ғалымдар мен дәрігерлердің жұмысына кедергі келтірмей, керісінше, бәріміз үлес қосуымыз керек екенін еске салды.
«Бір-бірімізді қорғау үшін қарапайым және дәлелденген мәселелерді есте сақтайық. Маска тағу, физикалық қашықтықты сақтау және көпшіліктен аулақ болу. Әлеміміз бұл вирусты бірлесіп әрекет еткенде ғана жеңе алады», деді А.Гутерриш.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Төтенше жағдайлар комитеті шекарадан өткенде коронавирус вакцинациясы туралы сертификатты талап ету міндетті емес екенін мәлімдеді. Себебі вакциналар бәріне бірдей қолжетімсіз.