Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Әлия Бейсенова туралы бір үзік сыр
Қазыналы қазақ әйелінің бүгінгі таңдағы тағылымды үлгісі жайлы әңгіме қозғағанда Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның физикалық география мен экология саласындағы аса көрнекті, бетке ұстар маманы әрі осы саланың еліміздегі жаршы қарлығашы Әлия Бейсенованы айналып өте алмаймыз. Әлия апамыздың қадір-қасиеті, қажыр-қайраты баршамызды қайран қалдырып келеді. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұстаз. География ғылымы бойынша зерттеулері елімізден тыс жерлерге де мәшһүр.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Әлия Бейсенова туралы бір үзік сыр
Қазыналы қазақ әйелінің бүгінгі таңдағы тағылымды үлгісі жайлы әңгіме қозғағанда Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның физикалық география мен экология саласындағы аса көрнекті, бетке ұстар маманы әрі осы саланың еліміздегі жаршы қарлығашы Әлия Бейсенованы айналып өте алмаймыз. Әлия апамыздың қадір-қасиеті, қажыр-қайраты баршамызды қайран қалдырып келеді. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұстаз. География ғылымы бойынша зерттеулері елімізден тыс жерлерге де мәшһүр.
Экологиялық проблемаларды, әсіресе, соңғы ширек ғасырда кеңінен зерделеп, молынан көтеріп, қозғап келеді. Қазақстан табиғатын зерттеумен, тарихын таразылаумен үзбей шұғылданып келе жатқанына да жарты ғасырдан асыпты. Осы үрдісте алар болсақ, 500-ге жуық ғылыми еңбек жазған одан басқа қазақ әйелін табу қиынға соғарына да күмән келтіре қоймаспыз. Оның ішінде монографиялар мен оқулықтардың өзі 20-дан асқан. 20-ға жуық ғылым кандидаты мен докторларын даярлаған. Көптеген экспедицияларға қатысқан. Тәуелсіз еліміз үшін аса маңызды Атластардың авторы.
Америкада «2006 жыл әйелі» деп танылған да Әлия апай. Тәуелсіз елінің «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері. Қазақстанның жоғары мектебіне еңбегі сіңген қызметкер. Төрт бірдей академияның академигі. Иә, профессорлығын (1985) былай қойғанда. География ғылымынан қазақ әйелдері арасынан, кеңестік шығыс әйелдері арасынан тұңғыш қорғаған докторлық дардай атағын (1984) былай қойғанда. Сонымен бірге, еш күмәнсіз елдегі экологиялық білімнің негізін қалаушы.
Иә, шын мәнінде де Әлия Сәрсенқызының барша ғылыми-шығармашылық қызметі, керек десеңіз, бүкіл саналы ғұмырының қантамырдай соғысы Қазақстанның географиялық саладағы ғылыми мекемелерімен тығыз байланыста өтіп келеді. Ол Геология және кен қойнауын қорғау, Экология және қоршаған ортаны қорғау министрліктерімен әрдайым ынтымақтаса жұмыс істеп отырды. Олардың жұмыстарын сараптау ісіне қатысты. Оның жетекшілігімен Білім және ғылым министрлігі География институтының жоспары бойынша «Экологиялық тұрақсыз аудандардың (Каспийдің оңтүстік-шығыс жағы) ландшафты мен олардың ресурс мүмкіндігін бағалау», «Қазақстан Республикасының тұрақты дамуының географиялық негіздері» атты іргелі зерттеулер жүргізді. Абай атындағы ҚазҰПУ-де аттай алпыс жылға таяу созылып келе жатқан аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, география және экология ғылыми-әдістемелік орталығының жетекшісі ретіндегі қат-қабат жұмыстардың арасында студенттік дәрісханаларда лекциялар оқуға да үлгеріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің география факультеттерінің ғылыми зерттеулеріне де қол ұшын беріп, қомақты үлесін қосады.
Әлия Бейсенованың ғылыми-педагогтік қызметінің үлкен бір саласы Қазақстанның жоғары оқу орындары мен орта мектептері үшін оқулықтар мен оқу құралдарын, бағдарламалар жасау және оны бастыру ісімен байланысты екендігін айту ләзім. Ол география мамандығы бойынша қазақ тілінде оқулықтар жоғын ескеріп, алғашқы кезде орыс тіліндегі оқулықтарды қазақ тіліне аудару жұмысына белсеніп кірісті. Кейін ол Қазақстан географиясы бойынша оқулықтар жазуға араласты.
Әлия Сәрсенқызының географ-ғалым ретіндегі зор ғылыми қызығушылық әрі мүдделілік тудырған саласы Географиялық атластар жасау дер едік. Оның алғашқысы 2000 жылы Мәскеудегі «Дизайн» баспасында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басып шығарылды. Ол Қазақстан табиғаты жайында көбірек білуге құштар жандардың бәрінің де қажетіне жарады. Мұндағы әрбір картаға ғалымның асқан ыждағаттылығымен түсіндірме мәтін тіркеліп берілгендігі де құба-құп. Толықтырылып-молықтырылған түріндегі бұл атласты 2003 жылы Алматы қаласындағы «Глобус» баспасы қайтадан басып шығарды. Сонымен бірге, Әлия Сәрсенқызының үш томдық Қазақстанның ұлттық атласын жасауға қатысуы да зиялы қауым көзінде аса салиқалы еңбек деп әділ бағаланды. Бұл ерекше толымды да толайым Атласты 2010 жылы еліміздің Білім және ғылым министрлігінің География институты басып шығарды. Өмірге осылайша Қазақстанның жаңа сападағы географиялық атласы келген еді.
Қанша жылын жұмсап, қаншама авторлармен бірге көз майын тауыса еңбектенген осынау Атластар ақжолтай болып шықты. Сөйтіп, сексеннің сеңгірінен асқан шағында академик Әлия Бейсенова ғылымда тағы бір ерлік жасап, мерейін асырды. Қазақстанның атластық картографиясындағы аса елеулі ғылыми жұмыстар топтамасы Елбасы Жарлығымен еліміздің ғылым мен техника саласындағы 2013 жылғы Мемлекеттік сыйлығына лайық деп танылды. Нағыз әділ баға осы еді. Жұбайы Серік Қирабаев – баршамызға қадірменді әдебиетіміздің абызы Серағаң екеуі бұған дейін бір үйден екі академик болып орта толтырып жүрсе, енді әмбе бір шаңырақтан екі лауреат қатарынан шығып, шаттыққа бөленгеніне елі сүйінеді.
Мәртебеге жеткізген, толайым ел кәдесіне жараған, мемлекет мүддесімен кәміл үндескен осынау зерделі еңбек, ақжолтай атлас жайында кеңірек айтқанымыз абзал. Әуелі, бұл Қазақстанның жаңа Атласы – жаңадан жасалған және алғаш жарияланған карталардан түзілген дара туынды, төл шығарма. Онда еліміздің мемлекеттік рәміздері – Елтаңба, Ту және Әнұран келтіріліп, жастарды отансүйгіштікке баулудағы бастау бұлаққа барынша мән берген. Сонымен бірге, республиканың жаңа әкімшілік-аумақтық бөлінісі мен географиялық (топонимдер) және экономикалық нысандардың қазіргі атаулары айшықталған. Мүмкіндігінше, елдің табиғат байлықтарының мағлұматы барынша мол көрініс тапқан.
Үш тілде жарық көрген атластың бір құндылығы, онда елдің көптеген ұйымдары мен мекемелерінің заманауи картографиялық, статистикалық һәм әдеби материалдары молынан топтастырылған. Атласта қазақ сахарасы арқылы өткен Ұлы Жібек жолының ежелгі маршруттары алғаш рет таңбаланды. Көне замандардан қазіргі кезге дейінгі географиялық зерттеулерді дәуірлерге бөлу орайындағы материалдар паш етілді. Оларда нешеме буын географтар мен саяхатшылардың еңбегімен хатқа түскен Қазақстан табиғаты туралы әр алуан әрі шынайы мағлұматтар жинақталды.
Қазақ жерін мекендеген халықтардың ұлттық, ұлыстық құрамы, жалпы түркі жұртының дүние жүзіне қоныстануы, олардың қай өңірде азайып, қай өңірде молайып отырғаны деректермен дәйектелген. Экономикалық картада еліміздің жерасты, жерүсті байлығына сай даму қарқыны, ауыл шаруашылығына қажетті, жарамдысы әр адам басына шаққанда 12 гектардан келетін жер ресурстары, жайылымдықтар мен шабындықтар да жан-жақты, толымды талданыпты.
Атласта Қазақстанның географиялық келбетінің сипаттамасы аса жарқын түрде көрінеді. Тәуелсіздік алғаннан бергі кезең ішіндегі елдің бет-бейнесін тұтастай көрсететін осындай туынды үлгі етуге әбден лайықты. Ұлт игілігіне айналған осынау ұлағатты еңбектің, ұстынды туындының туын көтерген ұйытқысы, көшін бастаған көшелі кемелі академик Әлия Бейсенова болғаны анық. Олай болса, байтақ жұртының, егемен елінің баянды бақ-берекесіне себін тигізуден, терін төгіп, тілек қосудан жазбай келе жатқан ана, ұстаз, ғалым, асыл жардың осындай өнегесі баянды болсын деп тілейік. Бүгінгі биіктен қарасақ, мақсат алыс еді. Жетті. Мұрат асыл еді. Қауышты. Себебі, қайраты – қарымды, қажыры – берік, сабыры – серік, ақылы – кең болып шықты. Ұзағынан сүйіндірсін!.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.