20 Сәуір, 2010

ҚАСІРЕТІ МЕН ҚАСИЕТІ ТОҒЫСҚАН ӨҢІР

550 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Еліміз бейбітшіліксүйгіш саясатымен әлемдік қоғамдастықта өзіндік орнын алған елдердің санатында танылып келеді. Кешегі Парламент Мәжілісінде өткен “Қазақстан – бейбітшілік елі” тақырыбындағы дөңгелек үстел соның бір айғағы. Аталған шарада Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов кіріспе сөз сөйледі. Ж.Кәрібжанов қырық жылдан астам уақыт ішінде Семей поли­го­нында жүргізілген 450 сынақтан 1,5 миллион адам зардап шеккендігін атап өтті. Сонымен бірге, Қазақ­станның ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылуы және бейбітшілік жолында жасаған басқа да шаралары халықаралық анти­ядро­лық қозғалысқа тың серпін беріп, оны жаңа даму деңгейіне шы­ғарғанын айтты. Таяуда ғана рес­ми сапармен келіп кеткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун: “Мен бар­лық державаларды Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын” дей оты­рып, еліміздің Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевқа жаһандық анти­ядро­лық қозғалысты басқаруды ұсынды. Осы ретте Вашингтон қа­ласында өткен саммит барысында АҚШ президенті Барак Обама Қазақстанның ядролық қауіпсіздік бағытындағы ұстанымын жоғары бағалап, оны АҚШ-тың ядролық қаруды таратпау жөніндегі ең се­нім­ді стратегиялық әріптесі санай­тынын ерекше жеткізді. Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте сөйлеген сөзінде Нұр­сұл­тан Назарбаев ядролық қарудың алапат қуатынан барынша зардап тартқан ел ретінде Қазақстан жер бетінде қауіпсіздік пен татулықтың орнауын жақтайтынын мәлімдеп, оны дамыту үшін бірнеше нақты ұсыныстар айтты. “Соның ішінде ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ қарарын қабылдау туралы мәселе де бар. Бұл – халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін құру жолындағы аса маңызды ұсыныс. Біз енді осы ұсыныстардың иесі ретінде оларды барынша ілгерілете жылжытуға күш салуымыз қажет. Бұл бағытта біздің Парламент депутаттары да белсене атсалысуға тиіс, деді Жәнібек Сәлімұлы. Жиналғандар алдында “Қазақ­стан – бейбітшілік елі” атты жаңа деректі фильм көрсетілді. Бұл фи­льм­де Семей сынақ аймағының 40 жыл бойы жарылыстар жасағаны көрсетілді. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқан ел ретіндегі Мем­лекет басшысының рөлі көрі­ніс тапқан және ядролық қауіп­сіз­дік жолындағы күрестер бейне­ленген. Дөңгелек үстелде Мәжіліс депутаты Виктор Рогалев “Ядролық қарусыз әлемге жету жолында” деген тақырыпта баяндама жасады. “Қазақ жерінің дерті” тақыры­бын­да “Азғыр” полигонында жүр­гі­зіл­ген ядролық сынақтардың зар­дап­тары жөнінде парламентші Виктор Киянский өз ойларын ортаға сал­ды. Семей сынақ аймағының қасі­рет­тері жайлы депутат Нұртай Са­билья­нов жан-жақты ашып көр­сетті. 1992 жылғы 18 желтоқсанда “Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шек­кен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы” Заң қабылданған. Мем­лекет осы заңдық құжатқа сәйкес 2006-2009 жылдары осы зардап шеккен азаматтарға біржолғы ақ­ша­лай өтемақы төлеуге 14 млрд. теңге бөлген. Н.Сабильяновтың пайымынша, полигон зардабын жоюға жалғыз Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығының күш-жігері жұмылдырылуы қажет. Халықты емдеу, сауықтыру, ден­сау­лығын қалпына келтіру, әлеуметтік қорғау жөнінде арнаулы мемлекет­тік бағдарлама мен кешенді шара­лар қабылдау керек. Депутаттардан соң, Ж.Кәріб­жа­нов дөңгелек үстелді қорытын­дылады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.