Тағайындау • 18 Қаңтар, 2021

Ұлттық экономика министрі тағайындалды

911 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Ұлттық экономика министрі тағайындалды. Бұл туралы Ақорда жариялаған  Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамы туралы Жарлықта «Әсет Арманұлы Ерғалиев – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі» делінген, деп жазады Egemen.kz.

Ұлттық экономика министрі тағайындалды

Бұған дейін Ерғалиев ҚР ұлттық экономика бірінші вице-министрі болып қызмет еткен. Ұлттық экономика министрі қызметінде оған дейін Руслан Дәленов болған. Ол бұл қызметке 2019 жылдың ақпанында тағайындалған еді.

Әсет Ерғалиев Қазақстандық менеджмент, экономика және болжамдау институтының (КИМЭП) мемлекеттік саясат экономика саласында бакалавр дәрежесінде үздік тәмәмдады (Алматы, Қазақстан). Халықаралық Йонкопинг бизнес мектебін халықаралық экономика саласында ғылым бакалавры дәрежесімен (Jönköping University, Швеция), Йорк университетін экономикадағы ғылым магистрі дәрежесімен (University of York, Ұлыбритания), Ноттингем университетін экономикадағы философия магистрі дәрежесімен (The University of Nottingham, Ұлыбритания) аяқтады.

Әсет Ерғалиев Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінің PhD докторы дәрежесін иемденген (Лондон, Ұлыбритания). Еңбек жолын Лондондағы Еуропалық даму және қайта құру банкінің (ЕДҚБ) Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия бойынша экономика департаментінің аумақтық экономисті ретінде бастаған.

2013 жылғы қаңтардан бастап 2016 жылғы маусым аралығында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры, басқарма төрағасының орынбасары, басқарма төрағасы лауазымдарын атқарған. 2016 жылғы желтоқсаннан бастап 2017 жылғы шілде айына дейін Қазақстан Республикасы премьер-министрінің кеңесшісі болып қызмет істеген.

2017 жылғы тамыздан бастап Қазақстан Республикасы премьер-министрі кеңсесінің Жобалауды басқару орталығында жұмыс істеді. Вице-министр қызметіне тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы премьер-министрі кеңсесінің Жобалауды басқару орталығының меңгерушісі қызметін атқарды.

2019 жылдың тамызында ол ҚР ұлттық экономика бірінші вице-министрі болып тағайындалған еді.

Айта кетейік, бұған дейін Үкіметтің жаңа құрамы жарияланғанын хабарлаған болатынбыз.