Бұйымдар тоқуды виртуалды курстардан үйренген Гүлнұр уақыт өте келе тоқыған өнімдерін табыс көзіне айналдыруды көздейді. Анасынан «Бастау» жобасы туралы естіп, Кәсіпкерлер палатасынан кеңес алып, жоба аясында біліктілігін жетілдіреді.
«Бастау» жобасын 2019 жылы оқыдым. Бизнес-тренер Наталья Мишуковадан сабақ алдым. Бизнесті бастаудың алғышарттарымен танысып, салықтық және өзге де есептіліктерді тапсыруға қатысты құнды ақпараттарға қанық болдым. Осылайша қызығушылықтан басталған тірлігімді теңгеге айналдырудамын», - дейді жас кәсіпкер Гүлнұр Борбасова.
«Бастау» жобасынан сертификатын алған соң, курста әзірлеген бизнес-жоспарын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы гранттық комиссия алдында қорғап, 530 мың теңге қайтарымсыз қаржыға қол жеткізеді. Ол қаржыға тоқыма машинасын сатып алған кәсіпкер енді еңбек өнімділігі арта түсетініне сенімді.
Гүлнұр жас аналарға, өзі секілді жастар мен қыз-келіншектерге қолдарынан келетін қабілетті кәсіпке айналдыруға кеңес берді.
«Қазір мүмкіндік жеткілікті. Тек сол мемлекеттің қолдау тетіктерін тиімді пайдалану керек. «Бастау» жобасын осындай тиімді құрал дер едім. Өте ыңғайлы бағдарлама», - дейді ол.