Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
2018 жылы бекітілген Үкіметтің Кешенді жоспары жемісін беруде. Аймақтық жалпы өнім үш жылдың ішінде 34 пайызға өсті. Ақшаға шақсақ, бұл – облыстың өндіріс ошақтары қосымша 378,5 млрд теңгенің өнімін шығарды деген сөз. Осы мерзімде экономикаға құйылған инвестиция көлемі 50%-ға немесе 93,5 млрд теңгеге артты. Соның нәтижесінде өнеркәсіп өнімдері 14%-ға, ал ауылшаруашылық өнімдері 54%-ға өсті.
«Алтын шыққан жерді белден қаз» деген емес пе, Солтүстік Қазақстандағы Кешенді жоспар жеміс бере бастаған соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен бұл бағдарлама 2025 жылға дейін созылды. Яғни облыс экономикасына қосымша қаражат құйылып, жедел дамуға жаңа серпін бермек.
Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуына қарағанда, Кешенді жоспардың шеңберінде ауыл шаруашылығында қосымша 52 сүт фермасы, 8 мал бордақылау алаңы, 3 құс фермасы салынады. Ал өнеркәсіпте 10 жаңа кәсіпорын тұрғызылмақ. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 35 %-ға жететін болады. Осының бәрі қосымша 15 мың жұмыс орнын ашады. Сайып келгенде, бұл аймақтың экономикасын 4 %-ға арттырады деп күтілуде.
Егер тек 2020 жылдың қорытындысына тоқталатын болсақ, экономиканың барлық саласы бойынша өсім болды. Соның ішінде көптеген көрсеткіш республиканың орташа көрсеткіштерінен жоғары. Нақты айтқанда, ауыл шаруашылығының өсімі – 101%, өнеркәсіп секторындағы өсім – 104,8%, инвестиция тарту – 120,5%, құрылыс көлемі – 111,2%, тұрғын үйлерді пайдалануға беру қарқыны 122,4% болды. Осы өсімнің нәтижесінде қосымша 13 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
– Экономиканың өсімі қаржылық тұрақтылықты да қамтамасыз етті. Салық түсімдері 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 34,7%-ға артты. Зейнетақы қорына түскен аударылым 44%-ға өсті. Түсімдердің артуы облыс бюджетінің өсіміне де мүмкіндік тудырды. Нақты айтсақ, 2019 жылғы 245 млрд теңгеден 324 млрд теңгеге дейін өсті. Осы өсім 2021 жылғы облыс бюджетін 26 %-ға арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, жаңа жылдың бюджеті былтырғыдан 69 млрд теңгеге артық бекітілді. Сөйтіп әлеуметтік саланың шығындары артты, – деді облыс әкімі.
Экономиканың нақты секторындағы өсім оның даму перспективаларын сеніммен айқындауға мүмкіндік береді. Қазір облыстың ауыл шаруашылығы тұрақты даму жолына түскен. Былтырғы жалпы өнім көлемі 779 млрд теңгеге жетіп, 2019 жылмен салыстырғанда 167 млрд теңгенің өнімі артық өндірілді. Бұл облыстар арасындағы екінші орындағы көрсеткіш. Ал осы салаға инвестиция тарту бойынша Солтүстік Қазақстан көшбасшылық орнын сақтап қалды.
Облыс шаруалары интенсивті даму әдісін қолдануда. Мұны шаруалардың минералдық тыңайтқыштарды қолдану бойынша республикадағы алдыңғы орында екенінен көруге болады. Былтыр барлығы 135 мың тонна тыңайтқыш себілсе, биыл белгіленген жоспар – 160 мың тонна. Екіншіден, аграрлар техниканы жаңарту жұмыстарын да жақсартуда. 2019 жылы 1896 дана жаңа техника сатып алынса, былтыр 2 мыңға жетті. Ал 2021 жылға белгіленген жоспар – 2200 техника алу. Бұл қатарда аграрларға ауадай қажет комбаин, трактор, егу кешендері және т.б. техника түрлері бар.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару ғана емес оны өңдеу де артып келеді. Осы қатарда сегіз жылдан бері тоқтап, былтыр қайта іске қосылған астықты түбегейлі өңдейтін «Биоперейшн» ЖШС-ны айрықша атап өтуге болады. Оны іске қосуға 12 млрд теңгенің жеке капиталы құйылды. Енді бұл кәсіпорын крахмал, глютен және ақуызбен қатар биоэтанол шығарады. Сонымен қатар былтыр жылына 100 мың тонна құрама жем өндіре алатын «Байрек» зауыты іске қосылды.
Ет пен сүт өндіру де артып келеді. Жылдың қорытындысы бойынша сүт өндіру көлемі
5 %-ға, ет өндірісі 7%-ға артты. Бір жыл ішінде 10 сүт кешені іске қосылып, 11 кешеннің құрылысы басталды. Мал бордақылау алаңдары да көбейіп келеді. Биыл Уәлиханов және Ақжар аудандарындағы әрқайсысы 13 мың тұяққа есептелген алаңдардың құрылысы аяқталады.
Жоғарыда айтқанымыздай, былтыр экономикаға инвестиция тарту 2019 жылмен салыстырғанда 20,5% артып, 281 млрд теңгеге жеткен-ді. Жыл өткен сайын Солтүстіктің инвестициялық тартымдылығы артып келеді. 2024 жылғы дейін 53 инвестициялық жобадан тұратын аймақтық пул құрылды. Оның қаражат көлемі 900 млрд теңгеден асады.
Облыстың инфрақұрылымын дамыту жалғасын табады. 2020 жылы оның құрылысы 2019 жылмен салыстырғанда 11,2%-ға артқан. Ендігі өсім бұдан да асып түсуге тиіс. Тұрғын үй құрылысының да қарқыны былтырғыдан төмендемейді. Былтыр 3300-ден артық пәтер пайдалануға берілген, ал 2021 жылы бұл іске 15,6 млрд теңге бөлініп, жаңадан 3 700 пәтер салынбақ.
2020 жыл жаман індетпен күрес кезеңі ретінде есте қалды. Қатаң карантин, бекеттер, маска режімі – мұның бәрі әдеттегі өмір салтын өзгерткенімен, халықтың ұжымдасуын жақсартты. Енді вируспен күрестің жаңа кезеңі басталмақ. Ақпан-наурыз айларында қауіп-қатер тобындағы азаматтарға екпе егіле бастайды.
Облыс әкімдігінің жиынында Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының сайлауы ұйымшылдықпен өткені ерекше аталды. Солтүстікқазақстандық сайлаушылардың 75,5%-ы сайлау учаскелеріне барып, өздерінің азаматтық позицияларын айқындаған. Бұл – республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.
Отырыста әлеуметтік саладағы оң өзгерістер мен қол жеткен табыстар туралы айтылды. Өзінің қорытынды сөзінде облыс әкімі Қ.Ақсақалов: «Біздің жалпы міндетіміз – азаматтарға барлық жағдайды жасап, өмір сапасын жақсартуға ұмтылу», деді. Осы талаптың үдесінен шығу – жергілікті биліктің ең маңызды міндеті екені сөзсіз.
Солтүстік Қазақстан облысы