Кино • 19 Қаңтар, 2021

Ұлылар трагедиясын айшықтаған («Абай жолы» телесериалы – ұлттық киноның табысы)

742 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кез келген өнер туындысының әде­биет, театр, кино болсын бәрі­бір, адамның сезімін толқытып, жүрек түк­піріне дейін қатты әсер ете алуы – оның сәтті шыққандығының бас­ты белгісі. Бұл орайда алты тараудан тұратын «Абай жолы» телесериалы осы талаптың үдесінен шықты деп айта аламыз.

Ұлылар трагедиясын айшықтаған («Абай жолы» телесериалы – ұлттық киноның табысы)

 

Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман эпопеясының траге­диясы туралы түсірілген бұл сериал бы­лайғы жұрт былтырғы Абай жылына арналып, ұлы ақын туралы түсірілген фильм екен деп ойлап қалдық. Бірақ онда ұлы ақын мен ұлы жазушының және ұлы туынды «Абай жолы» роман-эпопеясының да тағдыры көрінген. Үш ұлының трагедиясының бастарын бір жерге тоғыстырған фильмді түсіруге тәуе­кел еткен режиссер Мұрат Есжан және оның қатысуымен сценарийін жазған Ұлар­бек Нұрғалымұлы мен Мақпал Ма­диярованың еңбегі аса зор. Өзге елдерде болатын кинофестивальдарда сыйлық алуды көздеп, қазақы дүниенің бәрін аттап-бұттап тәрк етіп, тыраштанып түсірілген «шалақазақ» фильмдердей емес, мына ­туынды нағыз қазақы қалыбын, табиғи тынысын, даланың сағын сындырмаған асыл дүние екен. Сөздің сыны да, тілдің тіні де бұзылмай, ұлттық қаймағын айырмаған қалыбында тұр.

Фильм оқиғалары «Абай жолы» рома­нының негізінде өрбігенімен толығымен оның мазмұнында кетпей, ақынды соцреализм құрсауынан ада, шыншыл бағытта танытпақты ғана алдына мақсат етіпті. Бұл тұрғыдан да жеткен табыстары бірсыдырғы зор. Мәселен, жазушы соцреализмнің талабына мойынұсынып «таптық күреске» жақындату мақсатымен ойдан шығарып, қосқан Дәрмен, Иса, Иіс және т.б. сияқты романдағы кедейлерден шыққан орталық кейіпкерлер жоқ. Мұнда негізінен тарихи тұлғалар ғана көрінеді. Әрине, ұлы жазушының зор талантымен қанаттасқанда олқы кеткен тұстары көп. Олар туралы төменде айтатын боламыз.

Фильмде ұлы Абайдың трагедиясы ақын туралы роман жазған Мұхтар Әуезов трагедиясымен қатар өріліп отырады. Екі ғасырдағы қазақ ұлыларының басына тиген надандықтың параллель соққылары айқын көрінген. Абайдың басына тиген қара тобырдың соққылары қазақ ортасында туған болса, Мұқаңның басына тиген таяқ қызыл-империяның күшеюін ғана көздеп, ұлттық дүниелердің бәрінің қанын судай ағызған Кремльден туған қанды қасаптардың лаңы. Қызыл империяға жағынып, жақсы атаққа ілегуді көздеген ұлтын сатқан жағымпаздардың соққысы тісі өткір қандендердің балақтан қапқаны сияқты жазушыға ащы тиеді.

Фильмдегі шолақ белсенділердің сұғын қадағаны – романның бірінші кітабы. Қазақ даласындағы қазір зиялы деп атайтын, ал ол кездегі жақсылар мен жайсаңдар өмірінің терең қырларын бейнелеп, көркем тілмен әлемге танытқан ұлттық болмысымыздың аса құнды көрі­ністеріне қызыл белсенділер қанжарын сұғып бағады. Советтік идеологияға сәйкес оларға қазақтың тек жабайылығы, мәдениетсіздігі, тобыр-надандығы ғана керек еді. Олар қазақты толыққанды, қалыптасқан ұлт ретінде көргісі келмеді. Ал мына жерде қазақ орта­сының орыс мұжығынан әлдеқайда ақыл­ды, парасатты, мәдениетті екендігі кө­рінеді. Кеңесшіл алашапқындардың шамына тигені сол. Өмір шындығын ашып көрсеткен осы эпизодтар қазіргі қазақтың да санасына селкеу салып, көзін аша түсіп, көңіл көкжиегін көтере түсері сөзсіз.

Фильмде бірінші томды төмпештеуге ба­ғытталған «идеологиялық күрес» шы­найы­­лықпен көрінген. Ұрдажықтардың па­сық­тығы адамның жүрегін айнытардай лас, арсыз, қараңғы. Абайдың ақындық мек­тебі дегенге шүйілген бір топас «марк­­сизм-ленинизм» мектебі ғана болады дегенді айтуымен өзінің адам сана­сын улаған жағым­паздықтың шыңына көтерілгенін айғақтап тұр. Бар мақсаты алаш­ордалықтар аңсаған қазақтың өзге­лермен теңелуіне жан-тәнімен қарсы кү­рес­кен сол Нұрышев  ақыры келешек ұрпақ­тан жеңіліп, өз немересінің Әуезовті аспан­дата көтеріп, әділетті бағалағанын көр­генде тілі байланып қалады. Осындай озық ойлы тапқыр тұжырымдар фильмде көп. Абайға қа­рау­ға беті жоқ Оразбайдың көңіл айтып кіруге дәті бармай, үйдің сырты­нан келіп сөй­лескені де – нанымды, тап­қыр шешім.

Бала Мұхтарды әжесі Абай ауылына апарып, оның өлеңін атаның алдында айтқызғысы келгені де жақсы эпизод. Бала­ның аты асқар таудай атаның алдын­да қысылып қалғаны да нанымды, табиғи. Саналы балалар ғана ұялшақ болады. Қазіргі балалар құсап тақылдап айтып тұрса нанымсыз болар еді. Бұл да – режис­сердің тапқырлығы. Ұтымды шыққан.

Алайда негізгі кейіпкерлердің образдарын күшті, құдіретті ету үшін олардың жаулары мен қастарының образын да күрделендіре түсу керек еді. Әуезовтің өзі «Абай жолында» Абайды күшті ету үшін Құнанбайды терең, Оразбайды қира­кезік, қастық пен жауыздық жолында жалықпай күресетін белі бекем, қисық, барынша қы­ңыр етіп көрсетті. Ал фильмдегі осы кейіп­керлердің болмысы солғындау. Ораз­байдың рөліне таңдаған әртіс Оразхан Кене­баевтың да сұсы мен тысы шынжыр балақ, шұбар төс Оразбайдан гөрі адам­гер­шілігі мол адамды сомдауға лайық. Кері­сінше Оспанды ойнаған әртіске осы рөл­ді бергенде ұтымды болар ма еді деп ойлаймыз.

Оразбай мен Оспан арасындағы тартыс та солғын. Оспан өзінің үстінен арыз алып кеткен Оразбайды артынан қуып барып арбаның артына таңып алып келгені кітапта қаншалықты нанымды болса фильм­де соншалықты сенімсіз. Өйт­кені фильмде Оспан болыстыққа өте алмай қалған, ал кітапта ол алғашқыда өте ал­ма­ғанымен артынан Күнтудың орнына бо­лыстыққа тұрған соң ұлықтығын мойын­­дамаған Оразбайдың ісіне қатты шам­данып, намыстанады. Сондықтан ғой «тау соққандай екпінмен» жауын жай­пағаны. Ал жай арыз әкеткенге бола Оспан соншалықты туламас еді.

Құнанбайдың Меккеге жүрерінде пар­то­­крат-бюрократтар «Қодар-Қамқа оқи­­ғасы алдынан шықсын» деп фильм­де ав­торға шегелеп тапсырады. Бұл шын­дық болуы әбден мүмкін. Алайда ұлы Мұ­хаң романның бұл эпизодында исі қазақ­­тың жақсысы мен жайсаңының ел мен жерге қоштасардағы қимастығын көрсеткен аса көркем де күрделі сәтті жасап шыққан. Құнанбайдың: «Ей, менің балаларым, дос-жарым, іні-туғаным» деп басталып, «от басында немереге, ас басында келінге, мал басында малшыға «әй-өй» деп отырып өлетін бай-бай шал бо­лып өтсем мен сендерге лайық әке, ла­йық аға-бауыр болғаным қані» деген сияқ­ты жүрек тебірентерлік ұтымды сөз­де­рінің өзі неге тұрады? Ал қызыл бел­сен­ділердің тапсырмасымен қосылған «Дәр­кембай-Дәрмен дауы» сиырға ер сал­ғандай жараспай тұр. Қажылыққа кетіп бара жатқан адамға бойында адамгершілігі бар қазақ еш кінә артпайды. Тіпті өзіне қамшы сілтеген Оразбайдай жауызды да Абай өмірде кешіріп, Меккеге жүрерде ризашылығын берген. Сондықтан осы эпизодты қосқанда халықтың Құнанбайдан шо­шына шегінгенін және оның жалғыз ат­ты болып қалуын фильмге алмаса да болар еді. Санасы соцреализмнен ада қазір­гі көрермен оған түсіністікпен қарар еді. Ке­рі­сінше, ел-жұрттың Құнанбаймен қимай қоштасып, ал бәйбішесі Ұлжанмен екеуінің күйменің ішіндегі арыздасу эпизоды – Абайдың ата-анасының кім екенін анық көрсетіп, жүрек сырларын ақтарған ең ұтымды, ең өнегелі көрініс болмас па еді?

Әрине, «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» демекші режиссердің эпопеяның қандай эпизодын қалауы өзінің еркінде ғой. Біз тек ұтымдылығы жоғары эпизодтарды еске салып жатырмыз.

Біздіңше, фильмдегі Қайым Мұхамед­хановтың образы да сәтті шықпаған. Ол ұлы жазушының барлық ақылы мен білімін бойына сіңіріп және өзінің көп жылдық еңбегі сынаққа ұшырап, қайта қаралатын болғанына қапаланып, жүйкесі ширығып, трагедиялық күй кешіп жүрген құймақұлақ жас ғалым емес, сұхбат алуға келген журналист сияқты пікір қал­ды­рады. Ешқандай күйзеліссіз жүрген жеңіл сы­пайылық бұл образға жат болуы керек-ті. Сондықтан бұл рөлге таңдаған артист өзі­нің образын аша алмаған деп айта аламыз. Оның үкімі оқылғанда «СССР Қылмыстық кодексінің 58-ші бабымен сотталады» деген де дұрыс емес. Біздің қуғын-сүргінге ұшыраған ағаларымыздың бәрін «РСФСР ҚК 58-ші бабымен» соттаған. Бұл ұсақ-түйек емес, адам өзгеріп, заман өзгеріп жатқанда тү­бінде бөтен елдің заңымен біздің азаматтарымызды неге соттаған деген сұрақ та тууы мүмкін... Сондықтан бұл фактіні бұр­малауға болмайды.

Абай өзін алғаш тергегенде патша ше­неу­ніктері және қазақтың сайланған ұлық­тарына тән сипат парақорлық, өтірік куәлік, әділетсіздік деп айта келіп, оған қазіргі «коррупция» дегенді қосқанда бұл сөз ойлы көрерменнің құлағына түр­під­ей тиеді. Өйткені ол заманда мұндай тер­мин жоқ екенін жұрттың бәрі біледі, ал орысша айтқысы келсе «мздоимство» немесе «лихоимство» деп айтса жа­­расар еді. Сондай-ақ Абайдың Се­мей­­дегі Гоголь кітапханасында тоңмойын ше­неу­­нікті қатырған атақты сөзі де тым қа­ра­байыр болып кетіпті. Шенеуніктің «кітапханаға даланың түйелері қашаннан ке­летін болған» дегеніне орай Абай «мұн­да қаланың есектері де келеді» деп ұтым­ды жауап берген. Яғни мәселе, «қала» мен «дала» деген сөздермен ойналып, нә­тижесінде шенеунікті есекке теңеп кет­кенінде. Ал фильмде қаланың деген сөз мүл­де жоқ, тек «мұнда есектер де отыр» деп түйеден түскендей дүңк еткізген. Сөй­тіп ол Абайды тасырлау етіп көрсеткен жағымсыз көрініске айналып кетіпті.

Фильмде «Салиха қыздың дауы» да алынған екен. Бұл Абайдың Оразбайлардан бойы өсіп, халқының ұлы болуға бет алған күрделі эпизод. Алайда фильмде ол жеңіл қайрылған. Тіпті Абайдың: «Етімді шал сипаған құрт жесін деп, Жартастан қыз құлапты терең суға» деген жыр жолдарын туғызған күйзелісі де жоқ. Осы эпизодтағы ірілігі сол, ол осыған дейін өзінің қатарласы әрі үзеңгілесі болып жүрген Оразбай мен Жиреншені «оттапсың екі төбет» деп бас­тап әбден жер қылатын еді. Фильмде оған көңіл аударылмай Абай Жиренше мен Оразбайды ықтыра алмаған, керісінше дәл осы эпизодта ана екеуі мықтырақ. Әсіресе, Жиреншені ойнаған әртіс қырыс кеткен, қулық пен сұмдыққа әбден піскен жан екенін көрсетеді. Ол Абайға «ата жолынан садаға кет!» деп ақырады. Осының өзімен-ақ Жиреншелер ірі болып тұр. Ал фильм керісінше Абайды осылардан сонағұрлым биік қылып шығаруы керек еді, бірақ оған қол жетпеген...

Мұндайлар ұсақ-түйек болып көрінгені­мен «Абай жолын» жатқа білетін білікті оқырмандарға ұнамай, теріс пікірдің тууына себеп болады. Ал шын мәніндегі ұсақ-түйектер қатарына Оразбайдың үйіне жиналған мешкей билердің етті асап жемей түртіп жеуі, барлық жарлы-жақы­байларға дейінгі кейіпкерлердің бір-бірімен ағылшындарша сіз-біз деп сөй­лесуі, Абайдың шылым тартпай, насы­бай атуы, шақырумен кірген Салиха қыз­дың иіліп иба жасамай, тікесінен тік тұрып қалуы және т.б. ұсақ-түйектер де көрер­меннің көзіне оғаштау көрінері хақ.

Сондай-ақ М.Әуезовті жауларының ­ортасына жалғыз қалдыру да дұрыс емес еді. 1952 жыл 37-ші жыл емес, мұнда жазушы КСРО Мемлекеттік сыйлығының жалғыз лауреаты, оған Ғабит Мүсірепов сияқты үл­кен жазушылар ара түсіп, қол­даған. Сол жер­лер де ескерілмеген.

Өзіміз байқаған осындай шағын олқы­лықтар болғанымен фильм, жоғарыда айт­қанымыздай, өте нанымды, оқырманды сен­діре алатын шыншыл туынды деп айта ала­мыз. Оны қазақ киносының соңғы жыл­дар­дағы үлкен табысы деп айтуға әбден лайық.