Руханият • 19 Қаңтар, 2021

«Толық адам» кім өзі?

904 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Абай тілі сөздігінде» (1968 жыл) берілген дерекке қарағанда, ұлы ақынның шығармашылық мұрасында алты мыңнан астам сөз бар екен. Сол алты мыңның іші-сыртында ақын қол­данған фразеологизмдер, паремиологизмдер, афо­ризмдер өз алдына жеке тақырып. Одан беріде ақын шығармаларының текстологиясы жасалып, екітомдық жинағының ғылыми ака­демиялық басылымы жарық көрді (1977 жыл).

«Толық адам» кім өзі?

Бір сөзі мыңға баланатын ақынның тілі – аса зор байлық. Қазақтың халықтық тілі ұлт қазынасынан алатын орны да ерекше. Абай қаламына тән сөзсаптау үлгілері тағы бар. Айта берсек, абайтанудың зерделе­нетін қырлары – зерттеушілерін күтіп жатқан кеніш.

Абайдың көпқырлы сөз әлемін лексика-се­ман­­ти­калық, лингвопоэтикалық, эстетикалық, лингво­дидактикалық, т.б. қырдан қарастырған зерттеу­лер де жоқ емес.

Абайдың дүниетанымын айтқан зерттеулер біз­дерді кезінде сыншыл ақын, аса көрнекті ойшыл тұлға деп үйретті. Алайда Абайды қайта бір оқығанда байқағанымыз, ақынның сыншылдығы – аяусыз ащы шындық екен. Жанға батыра айтқан сол өтімді өткір шындық Маған да, Саған да, Оған да дейтіндей үш жаққа қатысты, «қазақ» деген жинақтауыш атаумен жүз жыл бұрын айтылған шындықтың, шынтуайтын айтқанда, біз де Абайдың бүгінгі адресатымыз.

Ал сыншылдық, шындық – этикалық ұғымдармен байланысты танымдық категория. Олардың тілдік референттері аксиологизмдер (бағалауыш сөздер) деп аталады. Абайдың сыншылдық дүниетанымын барлап білу үшін алдымен «оң» және «теріс» бағалауыштық мағынаға ие аксиологизмдерді индикатор ретінде бағдарға алып, үш топқа бөліп қарастыруды тиімді көрдік. Олар төмендегідей үшке топталды.

Этикалық құндылықтарға қатысты аксиологизмдер: адамгершілік, адалдық, абырой, ақыл, еңбек, достық, махаббат, ақыл, ұят, ізгілік, имандылық, ынсап, ғылым, білім, әділет, халал кәсіп, ар-ұят, рақым, мейірбандық, өнерлі, өнерпаз тағы басқа.

Құндылықтар аясындағы дүниетанымдық ұғым атауларының парқын, мазмұн-межесін айқындай түсуде Абайдың айтқанынан іздеп, айқындаймыз. Мысалы, рақым, мейірім, ізгілік, шындық тәріз­ді атау­лар – санамыздың тіл кеңістігіндегі «тер­белмелі, тыныш» күйдегі моральдық-этикалық ұғым­дар. Мұндай ұғым атаулары сол күйінде, мысалы, «шын­дықты айтқан дұрыс» деп қолданылса, жай ғана уағыз айтқандық болар еді. Абай санадағы «бейтарап» күйдегі ұғымды «тіл жүректің айтқанына көнсе, жал­ған шықпайды» деп ой-санамызды сәулелендіреді. Абай­дың сөзсаптасы осылайша ұйқылы-ояу санаға жүрек­тен сәуле түсіретін нұрлы сөзге айналады. Мұндағы нұр атауын «рух» деп түсіндік. Жай рух емес, Алладан бо­латын құдіретті рухты басқа рухтардан ажырату үшін нұр деп атаған болу керек.

Антиқұндылықтарға қатысты аксиологизмдер: арам­дық, жалқаулық, зымияндық, арсыздық, қор­қақ­тық, алдау, еріншектік, қастық, жағымпаздық, тілен­шілік, бақастық...

Абайдың «Үшінші сөзінде» бұл айтылған этикалық ұғымдармен байланысты антиқұндылықтардың мағыналарын қайталама байланыста өрбітіп отырады.

Амбивалентті құндылықтар: бірлік, тірлік, күлкі, қайғы т.б.

Абайдың «Алтыншы сөзінде» қасиетті бірлік ұғымының мал, дүниеге ортақтасатын арзан бірлікке айналып, құнсызданып, елді аздыратын теріс әрекетке түскені айтылған. Абай мал, дүниені тамақ, киім, бас­пана тағы басқа материалдық құндылық деп тани отырып, бірлікті малға, дүниеге ортақтасатын бірлік емес, сол мал мен дүниені табатын «ақылға бірлік, сөз ұғарлық ақылға бірлік» болуға тиіс деп, ағайын-туыс, жегжат-жұра­ғат­тық, дос-тамырлықты бетке ұстап, мал-дүниеге ортақ­таса кететін әдеттің санаға сіңіп бара жатқанын сы­нап, әрі одан арылудың тура жолын ақылдастыққа сілтеген.

Тірлік ұғымының қазақы ортада теріс түсінікке айналып бара жатқанын хакім Абай сынға алуға мәжбүр болып, «тірлік кеудеден жан шықпағандық емес, ондай тірлік итте де бар», дейді.

Тірлік әйтеуір тіршілік үшін қулықпен де, алдаумен де, жағымпаз, өтірік-өсекпен де, ұрлықпен де мал-дүние табатын, адамды аздыратын, елді тоздыратын небір теріс әрекет емес, «Тірлік көңілдің тірлігі, көкірегі ояу, сөз ұғарлық тірлік, олай болмаса, адал еңбекпен мал табуға жігер қыла алмайсың», деп этикалық ұғымның қадір-қасиетін қайта жаңғыртады.

Абай қолданған этикалық ұғымдармен байланысты ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, дін бағу, бала бағу тәрізді атаулар қоғамның әлеуметтік бейнесін танытатын материалдық және мәдени танымдық құндылықтар болып табылады. Алайда Абай ел ішіндегі айтыс-тартыс, алыс-жұлыс, қулық-сұмдық, ұрлық-қарлық, арызқойлық, партияшылдық, шенқұмарлық жайлап дағдарысқа түскен қоғамның әлеуметтік теріс сипатынан түңілгендей болады.

Абай адамның (инсанның) «Қайрат», «Ақыл», «Жүрекпен» байланысты қасиеттерінің өзді-өздеріне тән ерекшеліктерін жеке-жеке субъект ретінде ала отырып, оларды тайталастыра таразылайды. Сөйтіп Абай толық биліктің тізгінін «Жүрекке» ұстата келіп, «осы үшеуі бір кісіден табылса, «табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол» дейді.

 «Табан топырағын көзге сүртетін» кемел адам екі дүниеде бар ма? Болса, кім? Әлде кемел адам (толық адам) идеал ма? Идеал болса, оған жақындай түскен тұлға­лар бар ма? Әлде Абай «болмасаң да ұқсап бақ» деп, кемел­дікті бағдарға алып, ниет қылуды айтып отыр ма?

   

 Hұргелді УӘЛИ,

филология ғылымдарының докторы, профессор