Аймақтар • 19 Қаңтар, 2021

Бостандық ауылындағы бокс залы

538 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Ауызбірлік болса, алмайтын асу, жет­пейтін мақсат болмайды екен, соған көзім жетті», дейді Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданына қарасты Бос­тандық ауылында тұра­тын қарапайым мұғалім Асыланбек Сармалаев. Ол осыдан он жыл бұ­рын шалғай ауылда бокс үйірмесін ашып, шәкірт тәрбиелей бастаған.

Бостандық ауылындағы бокс залы

Ауыл мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін Асыланбек Мусаұлы қарадомалақтарды былғары қолғап өнеріне бау­лып жүргеніне де он жыл болып қалыпты. Ауыл мек­тебінің жертөлесінде – төбе­сі тапал, терезесі жоқ, едені топы­рақ қуыста жүріп, жар­қы­раған жаттығу залын, жарағы сайлы рингті аңсайтын. Бірақ ол ойының жүзеге асуы оңай емес-тін. Осындай өтініш­пен талай есікті қағып, талай дөкейдің алдынан өттім дейді жаттықтырушы.

Ауылдағы бокс залын асар­латып салып алу идеясына жан бітірген – осыдан бір жылдан аса уақыт бұрын аудан тізгінін ұстаған Альберт Есалиев екен. Ол Асылан­бек Сармалаевтың ұсыны­сын қызу қолдап, жергілікті билік орындары тарапы­нан да барынша көмек көр­сету­ге уәде берген. Бұған ауыл спортын дамытып жүрген аза­маттың шынайы ықыласы, шәкірттерінің жетістіктері де әсер етсе керек.

Осылайша, 2020 жылдың ақпан айында нақты іс басталып та кетті. Еңбек ардагері, ертеректе ауылға басшылық еткен Тасқали Ілиясов ақсақал қарамағындағы бос тұрған ғимаратты сыйға тартты.

Бірақ бұл «ғимараттың» қалқиған 4 қабырғасынан басқа жарамды жері аз еді. Асыланбек ауылдың атпал азаматтарының, кәсіп­кер­лердің алдынан өтті. Осы Бос­тандықта туған, бүгінде әр жерде жүрген жерлестер де қарап қалмады. Сөйтіп, Бос­­тан­дықта бокс залын ашу – бір қауым жұрттың басты мақсатына айналды. Шал­ғай­дағы ауылда қолға алынған іс-шара астанадағы «Батыр боламын» атты қайырымдылық қордың да назарына ілініпті. Осылайша, ауыл мұғалімінің жүрегінен шыққан ұшқын бірте-бірте талай жанның жүрегін жылытқан, ықыласын ысытқан жалынға айналды.

– Он бір ай бойы күні-түні осы істің басы-қасында жүрдім. Бұл бастамаға үлес қосқан, қолдау білдірген жандар өте көп. Соның ішін­де ауылымыздың азаматы Абзал Нұғманов деген аға­мыз жалғыз өзі 6 млн тең­гедей қаржысын берді. Нұр­лан Нұғманов, Айдынбек Әбитов, Әділбек Ғазизов, Қай­рат Бекмұхамбетов секіл­ді жерлестерім үлкен үлес қосты. Одан бөлек 100-200 мың теңгеден орта­ға салған атымтай азамат­тар бар. Тех­никамен көмек­тес­кен, тіпті қол көмегін көр­сет­кен жандар да жетер­лік. Жер­гілікті бюджеттен де қара­жат бөлінді. Бостан­дықт­ағы бокс залы – бірліктің, ба­уыр­малдықтың белгісіндей болған бастама, – дейді Асыланбек Сармалаев.

Өзі туралы сараң сөйле­генімен, ең басты еңбек Асы­лан­бек Мусаұлына тиесілі екенін ауылдастары жақсы біледі. Содан да болар, 2021 жылдың басында бокс залының салтанатпен ашылу кезінде кәсіпкер Абзал Нұғманов ауылдастар атынан алғыс айтып, бапкерге сәйгүлік мінгізді.

Әрине, ұстаздың жетістігі шәкірті шыққан шыңмен өлшенеді ғой. Бостандықтың бұған дейін жертөледе жат­тыққан жас бокшылары арасынан талай дарабоз шығыпты. Қазірдің өзінде Асыланбек баптаған балалардың 6-уы – спорт шеберлігінен үміткер атанған. Ал Тұрарбек Қалиев – жасөпірімдер арасында Қазақстан чемпионы болса, Санжар Марксов осы атақты екі дүркін жеңіп ал­ған! Халықаралық жарыстар­да да жеңімпаз атанған жас­тар өсіп келеді.

– Ендігі арманым – ала­қан­дай ауылдан Азияның, әлем­нің, тіпті олимпиаданың чемпиондары шықса деймін, – дейді Асыланбек.

Осы істің ұйымдастыру жұмыстарына өз еркімен жегілген волонтер, «Батыр боламын» қайырымдылық қоры­ның үйлестірушісі, Орал­дағы «Өз өмірімнің иесі­мін» атты тренинг тобы­ның мүшесі Әдемі Мәрлен­қызының айтуынша, Бостан­дық­тағы бокс залының құры­лысы мен жасақталуына барлығы 21 млн теңгедей қаражат кеткен. Оның едәуір бөлігі қайырымдылық қоры­ның есепшотына түскен қаржы екен. Қор президенті Арман Уахап бұл қаржыға сапалы спорттық снарядтарды арзандау бағамен алуға көмектескен.

Бокс залының ашылу салтанатына Қазталов ауданы­ның әкімі Альберт Есалиев, Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшыс­ы Қаймен Есендияров секіл­ді лауазымды тұлға­лар да қатысып, ауыл азамат­тары­ның қуанышын бөлісті. Жаңа залдың қажетті құралдары сый-сияпатпен түгенделіп, кәсіби ринг, ыңғайлы спорт­тық киімдер, бокс қаптары, резина төсеніштері тарту етілді.

Қазталов ауданы – бокстан Олимпиада чемпионы атанған Данияр Елеусіновтің туған жері. Сондықтан бос­тандықтық жас боксшылар бой түзеп, үлгі алатын тұлға жоқ емес.

Бүгінде Бостандық ауылын­­­­­­­дағы жаңа спорт за­лын­­­­­да бокс және дзюдо үйір­­­ме­лері жұмысқа кірісіп те кет­ті. Асы­ланбек Сар­ма­лаев­­тың өзі жат­т­ық­тыратын топта 30 бала бар. Ауылда смарт­фонға жіпсіз байланып, бос-болбыр отыру сән емес. Осы­ның бәрі жалғыз адамның жіге­ріне, жанқиярлығына байланысты.

Ал балалар бапкері Асы­лан­бек Мусаұлы болса, «бәрін ел істеді» деп отыр. «Елі­мізде ауызбіршілік болса, ал­майтын асу, жетпейтін мақ­сат болмайды екен, соған көзім жетті» деп қояды жай ғана.

 

Батыс Қазақстан облысы