Отырысқа жаңа тауарларды тауар биржалары арқылы сауда-саттыққа шығаруға және сауда-саттық жүргізіліп жатқан өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы, көмір, мұнай өнімдерінің көлемін ұлғайтуға мүдделі барлық тарап қатысты. Биржалық тауарлардың тізбесі былтыр желтоқсан айының соңында Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен бекітілді. Оған 1-сұрыпты бидай ұны, мұнай өнімдері (битум, бензин, авиа және дизель отыны) жаңадан енгізілді. Тізбеде көрсетілген тауарлар биыл кезең-кезеңімен сауда-саттыққа шығарылады және шығару қарсаңында туатын бірқатар елеулі мәселені шешу қажет. Құрамына Мемлекеттік кірістер комитеті, салалық ведомстволар, қауымдастық басшылары және нарықтың басқа да қатысушылары кіретін биржалық комитет тауар биржалары арқылы экспорттық келісімшарттар жасау кезінде қосымша құн салығын қайтару процесін жеделдету мүмкіндігін талқылаған болатын. Экспорттаушылардың электронды шот-фактуралары болған жағдайда ҚҚС-тың 70%-ы көлемінде – бірден, ал 30%-ын аудит нәтижелері бойынша қайтару жоспарлануда. Бұл мүмкіндік қазіргі күнде Сауда және интеграция министрлігімен және Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп пысықталып жатыр.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне тәртіп орнатуды тапсырған коммуналдық-тұрмыстық көмірдің биржалық саудасына да ерекше назар аударылды. Бүгінде коммуналдық-тұрмыстық көмір өндіретін ірі компаниялар өнімнің барлық көлемін тауар биржалары арқылы сатады. Оны ірі көтерме компаниялар сатып алып, өңірлік операторларға қайта сатады. Нәтижесінде, өндірушіден 1 тонна үшін 4 400-6 200 теңге мөлшерінде көмірдің бастапқы көтерме бағасы 13-15 мыңға дейін өседі. Бұл ретте биржаларда көмір сатып алатын ірі көтерме саудагерлердің орташа үстемесі шамамен 3-4 мың теңгені құрайды.
Мәселені шешудің бір нұсқасы өңірлік операторлардың шағын көлемде тұрмыстық көмір сатып алу үшін тауар биржасына шығу мүмкіндігі. Мұндай мүмкіндікті пысықтау үшін БҚДА нарықтың әлеуетті қатысушыларымен іскерлік ойындар өткізді және мүдделі тараптармен бірлесіп нарық субъектілерінің тауар биржалары арқылы халықтың мұқтаждықтары үшін коммуналдық-тұрмыстық көмірді өткізудің секциялық қағидаларын әзірледі. Қағидалардың басты шарттарының бірі – өндірілетін коммуналдық-тұрмыстық көмірдің жалпы айлық көлемінің 10%-ын биржалық сауда-саттыққа ай сайын шығару. Сондай-ақ қағидалар көмірді халыққа тікелей сататын компаниялардың сауда-саттыққа қатысу мүмкіндігін көздейді. Ұсыныс – қолданыстағы заңнамаға «өңірлік оператор» ұғымын, яғни халыққа көмірді ұсақ көтерме және бөлшек саудада сату саласында жұмыс істейтін, бұл үшін тиісті инфрақұрылымы бар компанияларды енгізу. Секциялық қағидалар Биржалық комитеттің қарауына енгізілді.
Өз тарапынан Биржалық комитеттің мүшесі, «Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Николай Радостовец тауар биржаларының басқа елдердегідей жұмыс істемейтінін айтып, заңнамаға қазір қандай да бір өзгерістер енгізбеуді ұсынды. Басқа ұсыныстардың ішінде қандай да бір нысанда жаңа оператор құрмау үшін барлық ниет білдірушілерге сауда-саттыққа қатысуға мүмкіндік беру мақсатында «өңірлік оператор» ұғымынан бас тарту; көмірдің бағасын бірде-бір елде мемлекет реттемейтін әлемдік тәжірибені ескере отырып, көмір сатуды мемлекеттік реттеуді ұсыныстардан алып тастау; өндірілетін көмірдің барлық көлемінің 10%-ын ай сайын емес, тұтынудың 4 ең жоғары айы ішінде қыркүйектен желтоқсанға дейін сатуды бастау бар.
– Егер біздің ұсыныстарымызды Биржалық комитет қабылдаса, ОЭК-ке жетекшілік ететін облыс әкімдерінің орынбасарларымен барлық ілеспе мәселелерді пысықтауды бастаймыз, – деді агенттік төрағасы Серік Жұманғарин. – Бұл ауқымды жұмыс, нарықтың жаңа қатысушыларын жаппай оқыту алда тұр, ал өңірлерде олардың саны аз емес. Тауар биржаларында жұмыс істеуге оқыту процесі алдыңғы биржалық тауарларда болды. Өңірлік операторлар болуы керек, барлық сауда-саттыққа рұқсат беру делдалдарға оралуды білдіреді. Ал бізге қажетті инфрақұрылымы бар нақты нарық субъектілері қажет. Себебі әлеуметтік міндет қазір шешілуі тиіс мәселе.
Сондай-ақ Биржалық комитетке қатысушылар басқа биржалық тауарлармен сауда жасаудың өзекті мәселелерін қарады.