Үкімет • 19 Қаңтар, 2021

Үкімет мүшелерінің кандидатуралары келісілді

142 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжілістің комитеттерінде Премьер-Министрдің орынбасарымен және министр лауазымдарына ұсынылған кандидатураларды ке­лі­суге арналған кеңестер өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Үкімет мүшелерінің кандидатуралары келісілді

Төменгі палатаның Қаржы және бюджет комитетінің мүшелеріне Пре­мьер-Министрінің бірінші орын­басары етіп тағайындау үшін Әли­хан Асханұлы Смайыловтың канди­датурасы ұсынылды. Ал Үкімет басшы­сының орынбасарлары қыз­мет­теріне ұсынылған Роман Васи­льевич Скляр мен Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың кандидатуралары Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті мен Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне енген депутаттарға таныстырылды.

Үміткерлер қалыптасқан рә­сім бойынша депутаттардың сұрақ­та­рына жауап беріп, Мемлекет бас­шысының Парламенттің VII шақы­рылымдағы I сессиясының ашы­луында берген тап­сырмаларын іске асырудағы басым­дықтар, сондай-ақ өздері жетекшілік ететін бағыттар бойынша жұмысты одан әрі ұйымдастыру жайлы баяндады.

Мәселен, Әлихан Смайыловқа са­лық міндеттемелерін орындауды жеңілдетуге, салықтар мен төлемдер санын қысқартуға, бюджеттің мұ­най­лық емес тапшылығының мөлшерін азайтуға және жаңа салық саясатына қатысты басқа да сұрақтар қойылды.

Роман Склярға депутаттар көлік­тің барлық түрімен транзиттік жүк­терді тасымалдау көлемін ұлғайту, экономиканың басым салаларында ірі стратегиялық инвестициялық жобалар пулын қалыптастыру, сон­дай-ақ отандық тауарлар өндірі­сін арттыру және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды шикізатпен қам­та­масыз ету туралы сұрақтар қойды. Жергілікті маңызы бар автомобиль жол­дарын салуды қаржыландыру, ауылдық елді мекендерді газбен қам­тамасыз ету мәселелері де көте­рілді. 

Ералы Тоғжановқа депутаттар та­ра­пынан ауылдық жерлердегі меди­­ци­налық және педагогикалық кадр­лар­дың тапшылығы, жаңа мектеп­тер са­лу және жұмыс орындарын құ­ру сияқты әлеуметтік саладағы өзек­ті мә­селелерга қатысты сұрақтар қо­йыл­ды.

Мәжіліс депутаттары министр лауазымына алғаш рет ұсынылған үміткерлерге көбірек сұрақ қойды. Атап айтқанда, Ұлттық эконо­ми­ка министрі лауазымына ұсы­ныл­ған Әсет Ерғалиевтің кандида­ту­­ра­сын келісу кезінде шағын жә­­не орта бизнестің үлесін арт­ты­ру, мемлекеттік басқаруды орта­лық­­­сыздандыру және өңірлердегі бюд­жетаралық қатынастарды жетіл­діру жай­лы мүдделі әңгіме болды. Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі лауазымына ұсынылған Се­рік Шапкенов зейнетақы жүйесін да­­мыту, ең төменгі базалық әлеу­мет­тік стандарттарды жетілдіру, ең­­бек нарығындағы сұранысқа ие ма­ман­дықтар қажеттілігін болжау әдіс­те­м­есі және басқа өзекті мәсе­лелер хақында өз ой-пікірлерін ор­таға салды.

Мәжілісмендер өз сөздерінде іске асырылып жатқан барлық бағ­дар­ламаны аяғына дейін жеткізу және елдің дағдарыстан кейінгі дамуы үшін сабақтастықты қамтамасыз ету маңызды екенін атап айтты.

Мәжіліс комитеттері отырыс­тарының қорытындысы бойынша жоғары лауазымдарға тағайындау үшін ұсынылған кандидатураларды мақұлдау туралы шешімдер қабылданды.

Соңғы жаңалықтар