13 Желтоқсан, 2013

Жылыту маусымы жіті назарда

576 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Үкімет үйінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен 2013-2014 жылдарға арналған жылыту кезеңін жүргізу мәселелері жөнінде селекторлық режімде кеңес өткізілді.

Кеше Үкімет үйінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен 2013-2014 жылдарға арналған жылыту кезеңін жүргізу мәселелері жөнінде селекторлық режімде кеңес өткізілді.

Б.Сағынтаевтың айтып өт­ке­ніндей, Үкімет отын-энергетика кешені мен өңірлерді қысқы маусымға сапалы дайын­дау жөнінде тиісті шаралар қабылдады. Кейбір өңірлер үшін отын сатып алуға Үкімет резервінен қаражат бөлінді.

Б.Сағынтаев өңір­лер­дегі  жалпы жағдай тұрақты деп санайды. Алайда, жөндеу жұмыстарының жоспарын, температуралық кестені және энергия көздеріндегі отынның нормативтік қорларын сақтау бөлігінде шешілмей қалған мәселелер бар.

Тұрғын үй-коммуналдық сек­тор, әлеуметтік сала нысандары­ның жұмысы және коммуналдық қызмет үшін берешектер туралы Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев баяндады.

Министрдің айтуынша, жылыту маусымының басында коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың дебиторлық берешегі 5,8 млрд. теңгені құраса, ағымдағы жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 4,9 млрд. тең­гені құрады. Дебиторлық берешек Алматы қаласында 1 млрд. теңгеге, Ақтөбе облысында 13,8 млн. теңгеге, Қызылорда облысында 10,9 млн. теңгеге азайды. Ал Астана қаласында 64 млн. теңгеге, Солтүстік Қазақстан облысында 12 млн. теңгеге өсе түсті.

Кеңесте Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев қуат өндіру кәсіпорындары мен магистралдық электр желілерінің жұмысы туралы баяндады. Вице-министр еліміздің бірыңғай электр-энергетикалық жүйесі штаттық режімде жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Қуат өндіру көздеріне жоспарланған жөндеу жұмыстары аяқталды. Ағымдағы жылғы 11 желтоқсанға энергия көздерінің отын қоймаларында 5,1 млн. тонна көмір және 161,2 мың тонна мазут жинақталған. Бұл көрсеткіш жалпы Үкімет бекіткен нормаларға сәйкес келеді.

Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петровтың баяндағанындай, қазіргі уақытта республикадағы 779 қазандық тұтынушыларды жылу энергиясымен және 389 қазандық ыстық сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді, резервте 375 қазандық бар. Бұдан бұрын бекітілген жөндеу жұмыстарының кестелеріне сәй­кес резервке қойылған 15 қазандықта жоспарлы жөндеу жұмысы жал­ғасуда.

Өңірлерді жылу энергиясымен және ыстық сумен жабдықтауды 100 пайыз қамтамасыз еткен кезде Жамбыл, Ақмола, Қызылорда, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында қа­зандарды жөндеу жұмыстары жалғасатын болады. Жылу маусымы басталғаннан бері бірқатар өңірлерде 26 технологиялық бұзу­шылықтар (қазандықтар мен тур­биналардың авариялық тоқтап қалуы) орын алды, оның ішінде 12-сі жылыту бетіндегі қуыстардың себебінен болды.

Кеңесті қорытындылай келе, Б.Сағынтаев әкімдіктер жылыту маусымының апатсыз өтуін барынша қамтамасыз етуге тиіс екенін атап көрсетті. Сонымен қатар, ол мереке күндері өңірлерде жылыту маусымының өтуін қатаң бақылау қажет екенін еске салды. Әкімдіктерге мереке күндері штаттан тыс жағдайларды жедел жою үшін жөндеу жұмыстарын жүргізетін бригадаларды қажетті материалдармен және жабдықтармен қамтамасыз ету жөнінде қосымша шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

 

Соңғы жаңалықтар