13 Желтоқсан, 2013

Әлеуметтік қамсыздандыру әлеуетімізді арттыра ала ма?

388 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында алты мәселе қаралды. Бұл жолы депутаттар назарына әлеуметтік қамсыздандыру, мемлекеттік органдардың құзыретін заңнамалық бекіту, атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру және өзге де маңызды мәселелерге құрылған заң жобалары ұсынылды.

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында алты мәселе қаралды. Бұл жолы депутаттар назарына әлеуметтік қамсыздандыру, мемлекеттік органдардың құзыретін заңнамалық бекіту, атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру және өзге де маңызды мәселелерге құрылған заң жобалары ұсынылды.

Алдымен, «1997 жылғы 10 маусымдағы Жазасын әрі қарай өтеу үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды тапсыру туралы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы шартқа өзгеріс енгізу туралы Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Аталған заңдық құжат ратификациядан өткеннен кейін еліміздің Бас прокуратурасы Қазақстан Республикасынан Шартты іске асыру мәселелері бойынша құзыретті орган болып айқындалады. Бас прокурордың орынбасары Иоган Меркельдің мәліметіне қарағанда, қазіргі таңда Әзербайжан түрмелерінде 5 қазақстандық жазаларын өтеп жатса, Қазақстанда бас бостандығынан айырылған 47 әзербайжандық бар көрінеді. Сондықтан да, Хаттаманы ратификациялау адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары үшін қажет. Дауыс беру нәтижесінде заңдық құжат бірауыздан қабылданды.

Бұдан кейін депутаттар «2009 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Еуропа Қайта құру және Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге (Оңтүстік – Батыс жол дәлізінің жобасы (Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізі) №1 Қосымша келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарады. Шымкент – Ташкент тас жолына қатысты заң жобасы бойынша баяндаманы Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев жасады. Министрдің айтуынша, еліміз аумағы бойынша дәліздің жалпы ұзындығы 2787 шақырымды құрайды. Соның ішінде 2452 шақырымы қайта жаңартылып жатыр. Аталған жобаны іске асыру үшін Халықаралық банк, Еуропа банкі, Ислам және Азия даму банкі, Жапония халықаралық агенттігі сияқты халықаралық қаржы инс­титуттары тартылған.

2011 жылы Ақтөбе облысында 215 шақырым, 2012 жылы Жамбыл және Қызылорда облыстарында 700 шақырым жол пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта дәліз­дің 1854 шақырымында жұ­мыстар жүргізілуде. Со­ның ішінде ағымдағы жылы қалған 449 шақырымға жөн­деу жұмыстары басталған. Министр жобаның аяқталуы 2015 жылға жоспарланғанын атай кетті. Ал Қосымша келісім Еуропа Қайта құру және Даму банкінің қолданыстағы 2009 жылғы 30 наурыздағы Қарыз туралы келісім шеңберіндегі үнемделген 54,5 миллион АҚШ доллары мөлшеріндегі қарыз беру мәселелерін қамтиды. Осы келісімді іске асыру көлік дәлізі өтетін өңірдің экономикалық дамуына, сондай-ақ, елдің көлік жүйесінің тиімділігі мен сенімділігінің артуына ықпал етеді. Бұл заң жобасы да депутаттар қолдауына ие болды.

«Қазақстан Республикасы мен Азия Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 2 Дәліз Инвестициялық бағдарламасы/Маңғыстау облысындағы учаскелер/ -2-жоба) ратификациялау туралы» заң жобасы да қабылданды. Келісім мақсаты Қазақстан Республикасына Азия Даму банкі ұзындығы 170 шақырым Шетпе – Ақтау автожолының учаскесін реконструкциялауды қаржыландыруға, сондай-ақ, құрылысты қадағалау жөніндегі іс-шараларға беретін 371,2 миллион АҚШ доллары сомасындағы қарызды алу болып табылады. Қарызды өтеу мерзімі – 5 жылдық жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 20 жыл. Республикалық бюджеттен қарызды қоса қаржыландыру 45,9 миллион АҚШ доллары.

Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қызу талқыға салынды. Заң жобасымен жұмыс істейтін әйелдер үшін бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланыс­ты міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау енгізілген. Осы санаттағы азаматтарға зейнетақы аударымдарының 10 пайызының 4 пайызы міндетті әлеуметтік сақтандыру қаражатынан, ал 6 пайызы бюджет қаражатынан қамтамасыз етілетін болады. Мұндай төлемақыны жыл сайын 150 мыңнан астам әйел азамат алып отыратын болады. 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджетте бұл мақсатқа 30,6 миллиард теңге қарастырылса, соның 8,8 миллиарды 2014 жылы төленеді деп күтілуде.

Заң жобасында Байқоңыр қаласында тұратын Қазақстан азаматтарын әлеуметтік қорғау мақсатында жүктілікке және босануға, сондай-ақ, бала асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтік төлемді Ресей денсаулық сақтау федералды ұйымдары берген еңбекке уақытша жарамсыздық парағы негізінде тағайындау туралы норма көзделген. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем кейіннен өтініш жасаған кезде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысудың жалпы өтілі негізге алына отырып тағайындалады. Егер жұмыс беруші өндірістегі зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайларын жо­йса, бұл өндірістік объектілерді аттестаттау нәтижелерімен мін­детті түрде расталуы тиіс, онда ол міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді жүзеге асырмайды. Және де егер әлеуметтік ауда­рымдарды есептеу объектісі ең төменгі жалақы мөлшерінен кем болса, онда әлеуметтік аударымдар ең төменгі жалақы мөлшері негізге алына отырып есептеледі. Заң жобасында бұдан басқа да бірқатар өзгерістер бар.

Сенаторлар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға бірқатар сұрақтар қойып, өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, депутаттар жұмыссыздық, ең төменгі күнкөріс үшін қарастырылған 18660 теңгенің мардымсыздығы, өзін-өзі жұмыспен қамтыған­дар­дың жағдайы сияқты өзекті мә­селелерге жауап іздеуге тырысты.

Сенаторлар «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заң­на­ма­лық актілеріне мемлекеттік органдардың құзыретін заң­на­малық және (немесе) заңға тәуелді деңгейде бекіту мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен бірге, «Қа­зақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді же­тілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда қолдау тапты.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

 

Соңғы жаңалықтар