Қоғам • 19 Қаңтар, 2021

Өткен жылы Алматыдағы тауда 80-нен астам адам құтқарылды

295 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2020 жылы Алматыдағы тауда 80-нен астам адам құтқарылды, деп хабарлайды Egemen.kz ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен жылы Алматыдағы тауда 80-нен астам адам құтқарылды

Алматы таулары әсемдігімен, шатқалдарымен адамдарды өзіне баурайды. Алайда, адамдар тауда әртүрлі төтенше жағдайға ұшырап, жарақат алып тіпті абайсызда көз жұмып жататын жағдайлар да кездеседі.

«Көбінесе, тауға шығуға даярланбаған адамдар қиындыққа тап болады. Интернеттен көрген көздің жауын алатын кадрларға қарап, тауда не күтіп тұрғанын бағамдамайды. Барғалы тұрған бағыты туралы қажетті ақпаратты білместен, арнайы жабдықсыз, қиын жолды таңдай отырып, түстен кейін тауға шығып, өміріне қауіп төндіреді. Түнгі уақытта тауда жолды таппай қалуы мүмкін», дейді ведомство өкілі.

2020 жылы Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары тауда 80-нен астам адамды, оның ішінде бес баланы құтқарды.

«Оларға алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Сонымен қатар іздестіру кезінде кинология топтары көп көмек көрсетті. Іздестіру-құтқару жұмысы көбіне түнгі уақытта жүргізіледі. Әртүрлі ауа-райы (жаңбыр, қар, тұман), күрделі рельефті жер бедері, теңіз деңгейінен 4 000 метрге дейінгі биікте жүргізілетін іздестіру оңаға соқпайды», делінген хабарламада. Баспасөз қызметі осындай оқиғаның біріне тоқталды.

Оқиға жазда болған. Төрт қарағандылық түстен кейін, ауа райының қолайсыздығына қарамастан Үлкен Алматы көліне серуендеуге аттанады. Алайда, ымырт түсіп, жаңбыр жауып, көріну нашарлап, ауа температурасы күрт төмендеп, туристер баратын жеріне жете алмаған. Қыздардың бірі құлап, тізесін жарақаттап алды, ол өздігінен тау етегіне түсе алмаған. Қалғандарға үрейге бой алдырды. Туристер РЖҚЖ құтқарушыларынан көмек сұрады. Мұндай жағдай құтқарушы жұмысында жиі кездеседі.

«Қыста адамдар тау соқпақтарында сырғанап, өзі немесе өзге біреуді қағып кетіп, жарақат алып жатады. Тауда қажетті жабдықсыз, арнайы аяқ киімсіз адамның үсік алу қаупі бар. Мысалы тауда жоғалып кеткен Түркия азаматының екі аяғын II дәрежелі үсік шалып, сол жақ аяғы сынған. Сол кезде шетелдік азаматты Алматы қалалық ІІД қызметкерлері іздестіріп жатқан болатын. Алайда, тау бедерінің ерекшеліктерін және арнайы дайындық қажеттілігін ескере отырып, таудағы іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге РЖҚЖ құтқарушыларына жүгінді. Шетелдікті Үлкен Алматы шатқалының шығыс жағынан тапты, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, арнайы зембілмен жолға дейін жаяу жеткізіп, Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне тапсырды», делінген хабарламада.

Тауға барған кезде адамдар тау ауруына тап болуы мүмкін, ол жалпы әлсіздік, жүрек соғысы, бас айналу, естен тану және тыныс алудың қиындауынан байқалуы мүмкін. Мұндай оқиға 2020 жылы қыста орын алды, «Турист» шыңының баурайынан шаңғымен сырғанап жүрген Нидерланд азаматының жағдайы нашарлап кеткен.

Достары жүрек ауруы деп күдіктеніп, Республикалық жедел-құтқару жасағынан көмек сұрайды. Құтқарушылар алғашқы медициналық көмек көрсетіп, шетел азаматын тау етегіне жеткізіп, жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Тауда созылмалы аурулар да өршуі мүмкін. Осыған ұқсас оқиға жазда Карлытау шыңының маңында болды.

Тауға шыққан кезде ер адамның талмасы ұстап қалған. Құтқарушылар алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ер адамды қауіпсіз жерге жеткізді.

«Құтқарушылардың таудағы әрбір іздестіру-құтқару жұмыстары бір-біріне ұқсамайды, түрлі жағдай орын алып тұрады. РЖҚЖ құтқарушыларының айтуынша, қала мен таулы аймақтардың ауа райы бір-біріне ұқсамайды, әрі күніне бірнеше рет ауа температурасы өзгереді. Биіктеген сайын ауа температурасы төмендеп, тұман мен жауын-шашынның ықтималдығы да артады. Тауға жалғыз шығуға болмайды, төтенше жағдай болса, жаныңызда көмек көрсететін немесе құтқарушыны шақыратын адам керек. Әсіресе қыста қар көшкіні қаупі де арта түседі. Егер сіз серуендеуге баратын болсаңыз, өзіңізбен бірге сіріңке, қосымша жылы киім, жаңбырдан қорғайтын жамылғы алып, арнайы маусымға сәйкес келетін аяқ киіммен шығу керек. Сондай-ақ, қосымша байланыс құралын, термос және тамақ алуды ұмытпаңыз. Таңдаған бағытыңыз жайлы жақындарыңызды хабардар етіңіз, төтенше жағдай болса, бұл іздестіру-құтқару жұмысын тездетеді. Тауға шығар алдында жақындарыңызға өз бағытыңыз туралы міндетті түрде ескертіңіз, бұл да іздеуші жұмысын жеделдетеді. Есіңізде болсын, басты мақсат – таудың басына шығу немесе шыңды бағындыру емес, үйге аман-есен және сау оралу», дейді ведомство өкілі.