Бұл алдағы уақытта партиялар арасындағы саяси бәсекені күшейте түсері анық. Парламентке өте алмай қалған партиялар, болашақта құрылуы мүмкін саяси ұйымдар барын ескерсек, олар үшін бес пайыздық меже үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.
Аталған ұсыныстардың ішінде ауыл әкімдерін сайлауды ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Ауыл халқына өз әкімін таңдауға жол ашу – игі бастама. Өйткені сайланған әкім сол елді мекеннің тұрғындарына толық жауапкершілік алып, олардың алдында жауап беретін болады. Бұл жергілікті әкімдердің қоғам, халық алдындағы есеп беру механизмін одан әрі жетілдіре түспек. Сонымен қатар алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлау процесі тиімділігін көрсететін болса, бұл реформа өзге деңгейдегі әкімдерді сайлайтын жүйеге бір қадам жақындата түседі. Мәселен, аудан әкімдерін де сайлау арқылы таңдауға болар еді. Байқағанымыздай, Қазақстан саяси реформаларды жүзеге асыру барысында эволюциялық жолмен сабырлы әрі сатылы саясатты ұстанып отыр.
Одан бөлек Мемлекет басшысының онлайн-петиция жүйесін іске қосу туралы бастамасы да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарына толық сай екенін айта аламын. Осылайша, халықты толғандырған мәселелер аудандық, облыстық, тіпті республикалық деңгейде назарға алынып, өз шешімін табатын болады. Қоғамда қызу талқыланатын мәселелерді анықтау арқылы да халықтың көңіл күйін, өзекті тақырыптар мен реформа жүргізу керек салаларды анықтауға мүмкіндік береді. Кейбір мәселелерді жергілікті атқарушы органның, министрліктің, тіпті Парламенттің деңгейінде де көтеруге болар еді.
Мемлекет басшысы азаматтық қоғамның дамуына қатысты мәселелерді де көтерді. Үкіметтің, биліктің қызметіне қоғамдық бақылаудың күшеюі – Қазақстанның саяси жаңғыруға бет алғандығының айғағы. Қайырымдылықпен айналысатын азаматтарды ынталандыру да өзекті. Осындай ұсыныстардың заңнамалық тұрғыда бекітіліп, іске асырылуы еліміздегі кей салалардың қарқындап дамуына жол ашпақ.
Бауыржан СЕРІКБАЕВ,
Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы