Пікір • 20 Қаңтар, 2021

Ел пікірі ескерілді

169 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің VII шақырылымы бірінші сессиясының ашылуында Қазақстанда саяси реформаларды жүргізуге ниетті екенін жеткізді.

Ел пікірі ескерілді

Ел Президентінің бастамалары оның бір жарым жылдан астам уақыттан бері жүргізіп келе жатқан саяси реформаларының қисынына сәйкес келеді. Осылайша, Мемлекет басшысы саяси реформалардың үшінші пакетін жариялады. Бұған дейін Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының аясында көптеген бастама көтерілген болатын. Бұл бастамалардың басым бөлігі нақты заң түрінде жүзеге асырылды. Мәселен, саяси партиялар, сайлау, бейбіт шерулер туралы бірқатар заң қабылданды.

Жаңа бастамалар бұған дейін қоғамда да тал­қы­ланған. Мысалы, саяси партиялардың Парламентке өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендету ұсынылған бола­тын. Мұндай қадам басқа елдердің тәжірибесінде бар. Бұл бастама саяси партиялардың Парламентке өтуіне және сол арқылы өз сайлаушыларының мүдделерін қорғауына мүмкіндік береді. Бір қарағанда 5 пайыз көп емес болып көрінуі мүмкін. Алайда сайлау нау­қаны кезінде дауыс берген нақты адамдардың санын ескеретін болсақ, әңгіме жүз мыңдаған азамат туралы екенін аңғарамыз.

Бұл – дұрыс бағыт. Президент атап өткендей, Парламенттегі саяси партиялардың саны көп болуы пікірлер плюрализміне және сол арқылы неғұрлым дұрыс шешім қабылдауға оң ықпал етеді.

Сайлау бюллетеніне «Бəріне қарсымын» деген жазуды енгізу туралы ұсыныс та маңызды. Өйткені VII еліміздегі сайлау науқаны кезінде әлеуметтік желілерде көптеген адам барлық партияға қарсы дауыс бергенін білдіргенін байқадық. Сондықтан, бұл қадам қоғамдық пікірді ескеру тұрғысынан да дұрыс болатын сияқты. Осылайша, билік те, саяси ұйымдар да қанша азаматтың партиялардың ешқайсысын қолдамайтынын нақты біле алар еді. Бұл қоғамдық пікірдің барынша айқын көрінісі болар еді.

 

Расул ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы