Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тоңазытқышта тұншыққан сәбидің өліміне қатысты іс қаралды. Айып орындығында «Атырау облыстық перинаталдық орталығы» кәсіпорнының директоры, кезекші дәрігер мен акушер, екі неонатолог-дәрігер отырды. Алдыңғы үшеуіне Қылмыстық Кодекстің 99-бабының 2,3-бөлігінің 7,14 тармақтарымен алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып, дәрменсіз күйдегі кәмелетке толмағанға қатысты адам өлтіру деген айып тағылды. Ал соңғы екеуіне тағылған айып Қылмыстық Кодекстегі 434-бапта қарастырылған. Нақтысында, екі неонатолог-дәрігер қылмыс туралы хабарламаған деп танылды.
Сотта істі қарау кезінде бірнеше эпизод анықталып отыр. Мәселен, кісі өлтіру және қылмыс туралы хабарламау эпизодына тоқталар болсақ, 2019 жылғы 29 қыркүйекте жәбірленуші Н.Т. мерзімінен бұрын босанып қалып, әйел жынысты тірі нәрестені дүниеге әкелген. Кезекші дәрігер балаға тексеру жүргізген. Бірақ ол директордың уақытынан бұрын туған нәрестеге реанимациялық көмек көрсетуді тоқтату, кейіннен ұрықтың қайтыс болуы туралы медициналық құжаттарға әдейі жалған ақпарат енгізу арқылы оның анасының құрсағында қаза болғандығы жөнінде шаралар қабылдау, жұмыс статистикасына әсер еткізбеу туралы ауызша нұсқауларын заңсыз екенін біле тұра орындап, босану бөлімшесінің акушерлеріне нәрестеге қатысты құжаттар антенаталды болып толтырылатынын айтқан.
Содан кейін бала басқа бөлмеге орналастырылып, оған медициналық көмек көрсетілмеген. Кезекші дәрігер нәрестенің анасына сәбидің шетінегені туралы хабарлаған. Екі сағаттан кейін акушер (айыпталған) бөлмеге келіп, нәрестеде тіршілік белгілері бар екенін көріп, бұл туралы кезекші дәрігерге хабарлаған. Кезекші дәрігердің өзі де баланың тірі екенін көріп, неонатолог-дәрігерлерді шақырып, бұл туралы директорға да хабарлаған екен. Алайда директор перинаталдық орталықтың статистикалық көрсеткіштерін бұзбау мақсатында кезекші дәрігерге шала туған баланы тоңазытқышқа салуды тапсырыпты. Кезекші дәрігердің тапсырмасымен акушер баланы тоңазытқышқа салып, соның салдарынан бала шетінеп кетеді. Ал екі неонатолог-дәрігер қылмыс туралы құқық қорғау органдарына хабарламаған.
Сотталушылардың өлтіру және қылмыс туралы хабарламағаны зерттелген дәлелдемелер жиынтығы, куәгерлердің жауаптары, телефон арқылы сөйлескен әңгімелердің стенограммасы, сондай-ақ жасырын тергеу әрекеттері нәтижесінде алынған директор мен кезекші дәрігердің жаңа туған нәрестені өлтіру әдісін талқылауы жазылған аудиожазбалар мен бейнетаспалар арқылы толықтай дәлелденген. Аудиожазбадағы дауыстардың сотталушыларға тиесілігін сарапшылар растаған. Сот-медициналық сарапатаманың қорытындысы бойынша төмен температуралы тұйық кеңістікте болған кезде баланың оттегі жетіспеушілігінен қайтыс болғаны анықталды.
Сотта анықталған тағы бір эпизод – лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану. Бұл оқиғада 2019 жылдың 13 қыркүйегінде сағат 13:20 шамасында жәбірленуші М. баласын тірі туған. Бірақ нәресте перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімінде шетінеген. Мұнда да директордың нұсқауымен босану журналына баланың өлі туғаны туралы жазба енгізілген. Перинаталдық орталық басшысының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, директор мен патологоанатомиялық бюроның бас дәрігері арасындағы телефон әңгімелерінің аудиожазбасымен расталған. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы да М.-ның сәбиі тірі туғанын анықтаған.
Үшінші эпизод – пара беруге оқталу. 2019 жылғы 19 тамызда перинаталдық орталықтың басшысы алдын ала келісім бойынша куәгер Т.-мен кездесіп, перинаталды орталықта өлі босанған әйелге қатысты сот-медициналық сараптама қорытындысын оң шешкені үшін 300 000 теңге салынған конверт бергені анықталды. Алайда Т. оны алудан бас тартқан. Бұл жағдайлар да куәгердің айғақтары және телефон әңгімелерінің аудиожазбасы арқылы дәлелденген.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты перинаталдық орталық директорын, кезекші дәрігер мен акушерді аса ауыр қылмыс – кісі өлтіру, сонымен қатар директордың лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланып, пара беруге оқталуы үшін кінәлі деп тапты. Ал екі неонатолог-дәрігер қылмыс туралы хабарламағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот жаза тағайындау кезінде ауырлататын мән-жайлар ретінде дәрігерлердің қабылдаған антының бұзылуын, қылмыс жасаудағы әркімнің рөлін, сондай-ақ директордың бірнеше қылмыс жасағанын ескеріпті. Сот үкімімен перинаталдық орталықтың директорына 18 жыл, кезекші дәрігерге 16 жыл, акушерге 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сондай-ақ екі неонатолог-дәрігердің бас бостандығы 3 жылға шектелді.
Рас, адам өлтіру – ауыр қылмыс. Тегінде қылмыстың жеңілі бола ма? Әрине, айыпталушылар сот үкімімен келіспейтінін білдірді. Енді олар апелляциялық шағым түсіре алады. Өйткені сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Сол себептен айыпталушылардың аты-жөнін атауды жөн деп таппадық.
Атырау облысы