Қоғам • 20 Қаңтар, 2021

Екі ауыз сөзді ежіктеп...

807 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен аптада VII шақырылымдағы Парламенттің алғашқы жалпы отырысында депутаттар халық алдында ант қабылдағаны мәлім. Бір сағаттан аса уақытқа созылған бұл рәсімнің «қызық-шыжығы» жетерлік.

Екі ауыз сөзді ежіктеп...

Депутаттар бірінен кейін бірі мінберге шығып, «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтас­тығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конс­ти­туциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін», деді.

Өкінішке қарай, мінберге шыққан кейбір депутаттар анттың мәтінін ұмытып қалып, қағазға қайта-қайта шұқшиды. Ал енді бірі тілі шықпаған бала секілді, мемлекеттік тілде былдырлап, бірдеңені айтқан болды.

Сөзіміз дәйекті болсын. Мінберге көте­рілген бірнеше депутатымыз «тұтас­тығы» деген сөзді айта алмай, әбден тұтықты. «Тутыстығы», «дудастығы» деді ме, әйтеуір, әбден тілдері бұратылды. Екі ауыз сөзді ежіктеп, ант мәтінінің дал-дұлын шығар­ған­дай болған халық қалаулыларының «қы­зығы» мұнымен де біткен жоқ.

Ант беруге шыққан тағы бір депутат «атқаруға» деген сөзді «ат қора» деп бір мүдірсе, келесісі «ат ару» деп шатасты. Не айтқанын өзгелер түгілі, өздері де түсінбеген болар?!

Бұл аз болғандай, «тәуелсіздігін» деген сөзді айтуға кей депутаттың аузының икемі келмей, әбден қиналды. Естіп отырып, күйінесің. Енді ше, азаттық аңсаған бабаларымыздың асыл арманы болған «Тәуелсіздік» деген қасиетті сөзді елдің жоғары заң шығарушы органындағы лауазымды қызметті атқаруға тиіс адамдар айта алмай жатса...

Әрине, аяқ астынан ант бер деп қалса, кез келген адамда қобалжу болатыны сөзсіз. Бірақ төрт ауыз сөзді жаттап айту үшін қазақ тілі мен әдебиетінің қазанына қайнаудың қажеті шамалы. Оның үстіне, депутаттарды ешкім көшеден сүйреп әкеліп, бірден мінберге шығара салған жоқ. Олардың саяси партиялар мен Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланғандықтан, халық алдында ант қабылдауға тиістілігі бірнеше күн бұрын белгіленіп қойды емес пе? Ендеше, осы мерзім ішінде төрт ауыз сөзді толықтай жаттап алуға болмай ма?!

Осылайша ойламаған жерден омақа асқан депутаттарымыз сол күні-ақ берген антына кереғар қылық танытқандықтарын сезінді ме екен? Себебі қазақ тілі – Қазақ­станның мемлекеттік тілі. Президент айтып өткендей, мемлекеттік тіл – еліміздің басты нышандарының бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жария­ланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында мемлекеттік тіл мәселесін де қозғап:

«Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты...

...Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», деген еді.

Жаңадан сайланған Мәжіліс депутат­тарының біразы Президенттің осы мақаласын оқымаған секілді. Әйтпесе, Мемлекет басшысының тіл туралы айтқанын жадында ұстауға тиіс қой. Оған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев – мемлекеттік тілді тез арада жетік үйренуге болатынын өз мысалы һәм өнегесі арқылы дәлелдеген саясаткер.

Осындайда, заң шығарушылық қызметке кіріспей жатып, қатты сүрінген халық қалаулыларына қарап отырып, «Екі ауыз сөздің басын құрап айта алмаған кейбір депутаттар алдағы бес жылда қалай жұмыс атқармақ? Әлде, «баршаға бірдей түсінікті тілде» сөйлеуге көше ме?» деген ойға қаласың. Алдағы уақытта Мәжілістегі мемлекеттік тілдің жағадайы қалай болар екен?..