Руханият • 20 Қаңтар, 2021

Ұлы даладағы ұлы апат

1448 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

1. Апат алдында

Шоқан Уәлиханов:

«Далалықтар ғана қайғы-мұң­сыз, ер­теңі жайлы ештеңе ойламай еркін өмір сүре алады. Тек нағыз көшпен­ділер ғана еш алаңсыз бақытты күй кеше алады».

Ұлы даладағы ұлы апат

 

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген ұлы ғалымның пікірі. Келіспеске лаж жоқ. Өйткені осы «алаң­сыздықтан» Шоқан заманынан небәрі жүз-ақ жыл бұрын қазақ даласы «Ақ­табан шұбырындыға» ұрынған. «Қайғы-мұңсыз» қазақты шығыстан зеңбірек сүйреп келген қалмақ қырып салған. Бұндай апатты қазақ қазақ болғалы бастан кешпеген. «Қалмақ «үйреніскен» жау емес пе еді?! Қазақ қалайша жеңілді?!» дейміз. Сөйтсек, қалмақ қолында дала­лықтар бұрын-соңды көрмеген от­қару болған екен. Білектің күші мен най­заның ұшына сенген қазақ қанша батыр болғанымен күндей күркіреген зеңбірекке қарсы тұра алмаған. Басымен қайғы болып кеткен, босып кеткен. Орыстар арқылы қалмақтың қолына тиген еуропалық отқару сол тұста қазақтың көзін бір нәрсеге жеткізді. Зеңбірек, ендігі жерде білек күші білімнің күшіне қарсы тұра алмайтынын көрсетті. Кешегі бір заманда жарты әлемді тітіретіп күн­дей күркіреген көшпенділердің күні өт­кенін көрсетті. Ендігі жерде тарих май­данында ел тағдырын білектің күші емес, білімнің күші жеңетінін көрсет­ті. Осыған көзі жеткен Әбілқайыр отқа­рулы орыспен одақтаспақ болды. Бі­рақ Ресейге одақтас емес, отар ел керек еді. Бас иіп келген Әбілқайырға сенбеді. Отқару бермеді. Ақ патша қару беріп Қазақ хандығын күшейткісі келмеді. Ке­рі­сінше қазақ мемлекетін біртін-біртін әлсіретіп, біржола жоюға кірісті. Өйт­кені империяға қазақтың елі емес, жері керек еді. Әбілқайыр бұны кеш түсінді. Бірақ мойынына тұзақ түсті. Ол қол қойған хатты алға тартып империя Ұлы Далаға дендеп кіре бастады. Оған қарсы көтеріл­ген Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары­­лар да отқарулы империяны тоқтата алма­ды. Зеңбірегін сүйреткен империя ақы­ры оң­түстікті алып, Орталық Азияны отар­лады.

Бұны көрген зарзаман ақындары күңі­ренді, Абай бас болып. Орталық Азияны отарлаған Ресей 1897 жылы өз тарихын­да тұңғыш рет жалпыресейлік санақ өт­кіз­ді. Бұл санақ бойынша Орта Азия халық­тарының саны былайша хатталды:

Қырғыздар – 200 мың адам

Түрікмендер – 280 мың адам

Тәжіктер – 350 мың адам

Сарттар – 970 мың адам

Өзбектер – 721 мың адам

Қарақалпақтар – 104 мың адам

Қазақтар – 4 млн 84 мың адам

Барлығы – 6 млн 765 мың адам. Көріп отырсыздар, соның 4 млн 84 мыңы қазақтар. Қазақ еместердің саны 2 млн 679 мың адам. Сонымен 1897 жылғы жалпыресейлік санақ бойынша қазақтан өзге Орта Азия халықтары қазақпен салыстырғанда екі есе кем болып шықты. Яғни қазақтар Орталық Азия халықтарын жинап есептегенде олардан 2 еседей көп болып шықты.

1921 жылы орыс тарихшысы Алек­сандр Чулошников Орынборда Қазақстан тарихына арналған «Очерки по истории казах-киргизского народа» атты монографиясын шығарды. Осы тарихи зерттеудің бірінші бетінде төңкеріске дейін «казах -киргиздар», яғни, қазақтар саны 8,5 млн адам болғаны көрсетілген. Төңкерістен кейінгі большевиктер билік құрған 15 жыл ішінде Қазақстан халқы үш айлапат ашаршылықты бастан кешті, орны толмас демографиялық апатқа ұшырады. Оны 1939 жылы өткен сталиндік санақ көрсетті. Бұл сталиндік санаққа көз сал­сақ, төңкеріске дейінгі 8,5 миллион болған қазақтар төңкерістен кейінгі аз ғана жыл ішінде анау-мынау емес 6 миллион адамға қысқарған. Сөйтіп, рес­публикада небәрі 2 млн 300 мың қазақ қалған. Сон­да Чулошников көрсеткен 8,5 млн қазақ­тың 6 миллионы қайда кетті деген сұрақ туындайды. Ендеше осы сұраққа жауап беріп көрелік.

 

2. Ашаршылық себептері

1919 жылғы советтердің төтенше съезінде мемлекет қайраткері Тұрар Рыс­құлов: «1919 жылы ашаршылықтан қы­рылған қазақтардың саны 1 млн 214 мың адам болды», деп мәлімдегені белгілі. Қазақстандағы бұл бірінші ашаршы­лық 1917, 1918, 1919 жылдардағы азамат соғысы салдарынан болған еді. Бұл жылдары қазақ ауылдары екі жақ болып майдандасқан ақтар мен қызылдардың табанының астында жатты. Азық-түлік үшін қазақ ауылын ақтар да, қызылдар да аяусыз тонады.

Қазақ ауылын тонау онымен аяқ­тал­­мады. Азық-түлік тапшылығын көр­ген Кеңес өкіметі 1920, 1921 жыл­­дары жанталасып шаруаларға қарсы «продразверстка» салығын кү­шейтті. Дұрысы, мүлдем қатайтты. «Продраз­верстка» іс жүзінде халықтың қолындағы астығы мен малына қол салу еді. Қы­зыл­дар өкі­меті өстіп қару кезеп тұ­рып, халықтың ауы­зындағы наны мен ал­дындағы ма­лын тартып алды. Биліктің бұл қияна­ты­нан қазақ даласы екінші айлапат ашар­шылыққа ұшырады. Осынау аласа­пы­ран жылы Алашорда партиясының «Ашар­шылықпен күрес комиссиясын» басқарған жас жазушы Мұхтар Әуезов 1922 жыл басында жасаған баяндамасында: «1921 жылғы ашаршылықтан 1 млн 700 мың қазақ қырылды!», деп хабарлады. Ал қазақ даласын жусатқан бұл ашаршылықпен большевиктік билік қалай «күресті» дейсіз ғой? Оны сол жылдары күллі кеңестік Түркістанды басқаруға Кремль жіберген Иван Оси­по­вич Тоболин бір жиында былай паш етті:

«Марксистік тұрғыдан алғанда эконо­микалық жағынан әлсіз қазақтар бәрібір құрып, бітіп, жоғалуға тиіс!».

Бірақ «экономикалық жағынан әлсіз» деп, ол тілдеген қазақтардың өз тарихында ешқашан өңірлік жұтты бастан кешсе де, жалпұлттық ашаршылықты бастан кешпегенін комиссар Тоболин білмейтін болып шықты.

Бұдан біз нені көреміз? Бұдан біз Ленин бастаған большевиктер партия­сының патшалық Ресейді құлатса да, оның империялық саясатын құлатпаға­нын көреміз. Ал империяға бодан ха­лық­тардың елі емес, жері керек екені белгілі. Бұл шындықты бас билігі жоқ Қазақстанға Кремль жіберген екінші көсем Филип Исаевич Голощекин де дә­лелдеді. Голощекин іс жүзінде Қазақ­станды басқарған жылдары бұл большевик қазаққа жасаған қиянаты жөнінен Тоболинді он орап кетті. Свердловскіде бала-шағасымен қосып Ақ патшаны өз қолымен аттырған бұл қандықол Қазақстанға келе салысымен «Артта қалған бұл елге «Кіші Октябрь» керек!», деп ұрандатты. Оны Сталин қол­дады. Ал оның «Кіші Октябрь» де­гені Қазақстанға қанқасап революция керек!» дегені еді. Оны Сталин тү­сінді. Ол Орталық Азиядағы елі де көп, жері де көп, «ә!», десең, «мә!» дейтін тұл­ғалары да көп Қазақстанға Ақ патшаны өлтіріп аты шыққан Голощекинді бекер жібермеген екен. Ол келе салысымен қазақ шаңырағына қара қобыз ойнатты. Біртұтас қазақты бай деп, кедей деп екіге бөлді. Қақ жарылған халық біріне-бірі қарсы атылған оқ болсын деді. «Кіші Октябрь» еді. Бұған қарсы шыққандарға қырғидай тиді. Түрмеге тоғытты. Әпер­бақан жастарды ауыл ағаларына айдап салды. Олардың қолтығына су бүрікті. Қолына мандат берді. Миларын улады: «Байдың мүлкін аламыз!! Жаппай кәллектив боламыз! Қарсы шыққан контр­дың, жағасынан аламыз!!!! Ленин біз­дің атамыз, саясында жатамыз, қарсы шыққан дұшпанды, қақ жүректен атамыз!!!», деп үйретті. Осы ұрандарға иман­дай сенген желөкпелер жай жатқан халыққа құтырған жындай қаптады. Бұны «Кәмпеске» деді. Белсенділер шаш ал десе бас алды. Елдің үрерге итін, сығарға битін қалдырмай сыпырып алды. Ауылды астын-үстін етті. Қазақтың алдындағы малын алғаны, кеудесіндегі жанын алғаны емес пе?! Халық ышқынып дүрк көтерілді. Голощекинге керегі де сол еді. Міне, нағыз таптық шайқас! Міне, нағыз Октябрь! Әлекедей жаланған әскерді қарусыз «бандиттерге» қарсы салды. ГПУ «контраларды» аңдай қуалап жүріп атты. Ауыл шекараға ұмтылды. Шекарада оларды сақылдаған пулеметтер қарсы алды. Бұл дүрбелең ақсүйек ашаршылыққа ұласты. Голощекин қазақтың көзіне көк шыбын үймелетті.

Голощекин, бірақ өл-өлгенше бір нәрсені ұқпай өтті. Қазақ ауылында бай да бар, кедей де бар, бірақ таптық шайқас неге жоқ?! Соны ұқпай өтті. Тіпті кедейлер тәркіленген бай малын алудан бас тартты емес пе?! Бұны қалай түсінерсің?! Басқасы басқа, қазақ кедейлері сол кедей­лердің сойылын соғып жүрген кеңес өкі­метін неге жақтамады?! Қазақстанды 8 жыл басқарса да ол көшпелілерге тән ауыл­­дастық, ынтымақтастық дегеннің не еке­нін түсінбей кетті. Қазақ кедейлері – бай­­сыз, ал, байлары кедейсіз өмір сүре алмай­­тынын түсінбей кетті. Сахара тұр­мы­­сында байдың амандығы – кедейге, ал, кедейдің амандығы байға керек еке­нін ұға алмай кетті. Бай мен кедей жоқшы­лықта да, тоқшылықта да селбесіп өмір сүретінін түсінбеді. Осы түсінбестік оны да, ол басқарған халықты да орға жықты.

1931, 1932, 1933-тегі ашаршылық құр­бандарының саны 2 млн 300 мыңға жетті. 1 миллиондай қазақ шетел асты. 200 мың өзге ұлт өкілдері опат болды. Бұл – осы ашаршылықты 1992 жылы зерттеген парламенттік Комиссия қорытын­дысы.

 Қазақстан, Украина, Волга бойын жайлаған осы ашаршылықтан кейін көп ұзамай 1937 жылы кеңес Одағында халық санағы өтті. Бірақ сталиндік режім ол санақтың қорытындысын да, оны өткізгендерді де жойды. Соған қара­ғанда ол санақ ашаршылықтың ауыр шындығын ашса керек. Ол шындықты ашу Компартияның басты қылмысын ашу еді. Сондықтан, араға жыл салып 1939 жылы өкімет қайта санақ өткізді. Бұл қайта санақ бойынша Қазақстанда тірі қалған қазақтардың саны 2 млн 300 мың адам делінді. Кей демографтардың айтуынша бұл өсірілген, қолдан жасалған көрсеткіш. Бірақ «қалай қолдан жасалса да», біз, бұл көрсеткіштен Қазақстанда 1931-1933 жылдары орын алған ашаршы­лықтың қазақ үшін орны толмас апат бол­ғанын көреміз. Неге? Өйткені оған көз жеткізу оңай. Тарихшы А.Чулошников көрсеткен төңкеріске дейінгі 8,5 млн қазақтан, 1939 жылғы санақ көрсеткен 2 млн 300 мыңды шегеру керек. Сонда, сіз большевиктік билік тұсында орын алған 3 ашаршылықтан қазақтың саны 6 миллиондай адамға қысқарғанын көресіз. Оның 1 миллионы шетел асты десек, қалған 5 миллионы сол 3 ашаршылық құрбан­да­ры болып шығады.

 

3. Ұлттық апат салдары

Халқының қомақты бөлігінен айырыл­ған қазақ даласы сырт көзге қаңы­рап қалған кеңістіктей көрінді. Сондықтан да соғыстан кейін іле-шала Кремль қазақ жерінде ядролық сынақтарын бастады. Егер, Ұлы Дала үш ашаршылықты бас­тан кешіп, ата жұртында азшылыққа айналмағанда, Кремль қанша безбүйрек болса да халқы тығыз отырған қазақ жерінде бомба жаруға дәті бармас еді. Осы тұста тағы бір сұрақ туындайды. «Осынау апатты ашаршылықты айна­лып өтуге қазақта мүмкіндік болды ма?» деген. Әрине, болды. 1917 жылы құ­рыл­ған Алаш өкіметін қызылдар жөр­гегін­де тұншықтырмағанда, қазақтар өз елін өзі билеп Ұлы Даланы ұлы апатқа ұрын­дырмай алып шығар еді. Қазақ өз жерінде азшылыққа айналмас еді.

«Жығылғанға жұдырық» дегендей Хрущев «тың игеру» дегенді ойлап тап­ты да Қазақстанға сырттан 2 мил­­лион­дай славян өкілдерін көшірді. Соның салдарынан, қазақтардың үлес салмағы өз елін­­де 29 пайызға түсіп қалды. Қа­зағы аз Қазақстанды Хрущев әртүрлі эконо­мика­лық сылтаулар айтып көрші елдерге бөлшектеп жібермек те болды.

Ашаршылық салдары дегенде оның ұлт үшін ең үлкен психологиялық зардабы еске түседі. Ұлт санасын сансы­рат­қан сойқан зардабы еске түседі. Өз етін өзі жеген қазақтың тағдырдан тауаны қайтып, сағы сынды. Оны біз өз көзі­мізбен көрдік. Сол Дозақты көрген шеше­міз Қанбибі өл-өлгенше «Балалар, дастарқанда нан тұрса болды! Соған шүкір етіңдер!», деп кетті. Әкеміз Абат «енді аштық болмайды» дегенге сенбей жұрт көзінен тасалап қамбаға бидай жинап, тығып жүретін. Бұл Дозақты көрген қазақ психикасы. Дозақты көрген қазақ үшін дастарқанда нан тұрса болды. Өмірде басқа проблема жоқ тәрізді көрінсе керек. Тәуелсіздік, тіл, дін, тарих, дәстүр дегендерге бас ауыртып жүр­гендерді кездестіру ол жылдары оңай болмайтын. Жоғарыда да, төменде де. Өйткені ұлттық құндылықтарды қор­ғағандар «ұлтшыл» делінді. Ұлт­тық құнды­­лықтарды қорлағандар «интер­нацио­­налист» делінді. Бұл қызыл­дардың қазақ­­ты жою саясаты еді. Бірақ «жыртық үйдің де Құдайы бар». Халық қарғысына ұшы­раған «Қызыл империя» іштей іріді де, күн­­дердің күнінде көз алдымызда қал­­пақ­­тай ұшты. Шаңырағы ортасына түсті.

«Мың өліп, мың тірілген қазақ» өз Тәуелсіздігін жариялады. Бірақ «Қызыл империя» өлсе де, империялық сана өл­мепті. Оған жақында көзіміз жетті. Ре­сей­дің үш депутаты жалпақ әлем алдында «қазақтың жері қазақтың жері емес», деп жар салды. Солтүстік Қазақстанға сұқтанды. Бұл ұлыдержавашыл ұрда-жықтар 1897 жылы Ресей империясында өткен санақ қорытындысынан хабарсыз болып шықты. Бұл депутаттар сол санақ бойынша Солтүстік Қазақстанда (ол кезде Семей губерниясы аталған, құрамына Павлодар, Қарқаралы уездері кірген) жергілікті қазақтардың үлес салмағы 80 пайыз делініп, орыстардың үлес салмағы 15 пайыз делініп, Брокгауз-Ефрон энциклопедиясында таңбаланғанын білмейтін болып шықты! Ресейден қазақ жеріне қоныс аударған орыстардың үлесі 15 пайыз болғанын да білмейтін болып шықты! Осы білместіктен олар екі көрші, дос елдер арасына от салмақшы болды. Бұл ресейлік депутаттар сондай-ақ кремльдік большевиктердің басшылығымен Қазақ­станда 3 алапат ашаршылық бол­ғанын да білмейтін болып шықты. Егер, сол үш ашаршылық болмағанда бүгінде Қазақстан халқы 100 миллионнан асып Ресейге жетеғабыл алып ел болып отыратынын да білмейтін болып шықты. «Қазақстан халқы 100 миллионнан асар еді» дегенді біз қиялдан алып отырған жоқпыз. 1897 жылғы санақ нәтижесімен, Орта Азия халықтарының бүгінге дейінгі демографиялық өсімін қатар қойғанда қазақтар да табиғи өсімімен 120 жыл ішінде көбейіп 100 миллионнан асатынын көріп айтып отырмыз. Ендеше, көрші елдеріміздің 120 жыл ішіндегі табиғи өсіміне көз жүгіртелік!

1897 жылғы           2020 жылғы

  көрсеткіш.              көрсеткіш.

     /Ресей                        /Өз

империясында/ республикасында/

Қырғыздар          Қырғыздар

– 200 мың            – 5 млн 200 мың

Түрікмендер        Түрікмендер

– 280 мың            – 5 млн 800 мың

Тәжіктер            Тәжіктер

– 350 мың            – 7 млн 600 мың

Өзбектер             Өзбектер

 – 721 мың           – 34 млн

Қарақалпақтар          Қарақал­пақтар

– 104 мың            – 400 мың

Қазақтар            Қазақтар

– 4 млн 84 мың    – 12 млн 700 мың

Бұл көрсеткіштерден біз Орта Азия­дағы көршілеріміздің бәрі өткен 120 жыл ішінде 22 еседен бастап 28 есеге дейін көбейгенін көреміз. Тек, қазақтар мен қарақалпақтар ғана осы деңгейде көбеймей қалған. Бұның себебін біз бұл екі халықтың отызыншы жылдар ашар­шылығы тұсында Голощекин қоластында болған­дығынан көреміз.

Қазақстан ХХ ға­сыр басындағы үш ашар­шылықты бастан кеш­пегенде қазақ­тардың саны бүгінде Республикада қанша болар еді деген сұ­рақ туындайды. Бұл сұраққа жауап беру үшін біз қазақтардың табиғи өсімін қырғыздармен салыстырдық. Қырғыздар қазаққа дүние­танымы, тұрмысы жөні­нен ұқсас халық. Кестеден көріп отырсыз­дар Голо­щекин­сіз қырғыздар 120 жыл ішін­де 26 есе көбейген, яғни, 200 мың­нан 5 миллионға дейін көбей­ген. Ашар­шылықсыз қазақтар да қырғыз­дар­дай 26 есе көбеюі мүмкін еді ғой! Әри­не, мүмкін еді! Ендеше, ХХ ғасыр басын­дағы 4 млн 84 мың қазақты 26 есеге кө­бейтіңіз. «100 миллион» деген цифр шы­ға келеді. Бұл «100 миллион» деген цифр ашар­шылықтардан аман болған жағдайдағы қазақтың 120 жыл ішіндегі табиғи өсімі. Демек, ХХ ғасыр басындағы апаттардан аман болғанда бүгінде қазақтар өз елінде саны 100 миллионнан асып, әлемдегі алып елдердің бірі болып отырады екен...

Қайталауға тура келеді. Бұл цифр қиял­дан алынған жоқ. Бұл – Ресей импе­рия­сының 1897 жылғы халық санағының нәти­жесіне сүйенген және содан бергі 120 жыл ішін­дегі көршілеріміздің қарапайым таби­ғи өсіміне негізделген қарапайым ариф­метика.

 

4. Ұлттық апатты ұлықтау

Н.НАЗАРБАЕВ: «Әлемдегі ешбір ел Қазақ­стан тәрізді біржола жойылып ке­тудің қатерлі шегіне жетіп көрген емес».

Қ.ТОҚАЕВ: «Білікті мамандар ­жү­йе­лі зерттеумен айналысып, соған сәй­­кес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн».

 Биыл 1921 жылғы ұлттық апатқа 100 жыл толады. Ашаршылық дегенде, біз, бірақ, өткен ғасыр басында сол үш апатта құрбан болғандарды қосып есептеуіміз керек. Сонда, сол үш апатта опат болған 5 миллион қазақтың, отандас 200 мың өзге ұлт өкілдерінің аруағын қосып ұлық­тайтын боламыз.

Біріншіден, әрине, 31 мамыр күні ашар­шылық және репрессия құр­бан­­­­дары­ның аруағына арнап бар­лық ме­шіттер мен шіркеулерде мінә­жат, дұға оқу рәсі­мі өтуге тиіс. Күн­тіз­бе­міз­де «31 мамыр реп­рессия құр­бан­да­рын еске алу күні» де­лініп жүр. Бұл жер­де «ашаршылық» деген сөз жоқ. Өйт­кені бұл заң 90-шы жылдар басында «ашаршылық» деген сөзден үркетін кез­де осылай қабылданып кет­кен. Бү­гін­гі Парламент бұ заңды «31 мамыр – Ашаршылық және репрес­сия құр­бан­дарын еске алу күні» деп, жөндер деп үміттенеміз. Өйткені, «ашар­­­шылық» деген сөздің аржағында 5 мил­­лион қазақ, 200 мың өзге ұлт өкіл­де­рінің аруағы тұр.

Екіншіден, осы, 100 жылдық тұсында, ашаршылық тәрізді ұлттың ұлы қасіретін ұлықтауда бір үлкен қадам жасалынып «Аза Сарайының» негізі қаланар болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бір рет Лондонда болғанымызда ту­ристер көп баратын орын деп бізді әйгілі «Мадам Тюссо» музейіне алып бар­ды. Екі ғасырлық тарихы бар музей негізінен балауыздан жасалған мүсін­дерден жасақталған екен. Алған әсе­рі­міз әлі күнге естен кетпейді. Әсі­ресе, орта ғасырларда өлімге кесілген адам­дардың басын гильотинамен шабу сәтін көрсететін «үрей бөлмесінен» ал­ған әсе­ріміз алабөтен болды. Адам де­несі мен ұшып түскен бас балауыздан жасалыпты. Бірақ адам денесінен аумайды. Туристердің төбе шашы тік тұрды. Шыға беріс холда әлемдегі әйгілі адамдардың балауыз мүсіндері тізіліп тұр. Арасында көзі тірі – Британ патшайымы. Мүсіннің түпнұсқадан зәредей айырмашылығы жоқ. Сондықтан да жұрт кезекке тұрып «патшайыммен» суретке түсіп жатыр. Біздің ойымызша Қазақстандағы ашар­шылыққа арналған «Аза Сарайы» ме­мориал-кешенін де осы үлгімен жасақ­тауға болады. «Аза Сарайын» қазақ киіз үйі формасында болса тіпті орынды. Қысқасы, ашаршылық жылдары қа­зақ өткен Дозақтың жан шошырлық фраг­менттерін балауыз мү­сін­дермен айнытпай қалыпқа келтіруге болады. Сонда оны көрген жұрттың да төбе шаштары тік тұрар еді. Мысалы, аш баласын ажал­дан құтқару үшін өз емшегін өзі кесіп беріп отырған қазақ келіншегі. Немесе, НКВД жендеттерінің Сәкен Сейфуллиннің мұртын жұлып жатқаны. Немесе, оққа кеудесін тосып тұрған алаш алыптары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Бейім­бет Майлиндер. Немесе, Голощекинмен айты­сып тұрған жалынды жас Смағұл Сәдуа­қасов... Осындай ашаршылық және репрессия көріністерін балауыз мүсіндер арқылы қалың көпшілік алдында қайта «тірілтуге» әбден болады. Балауызбен мүсіндеу – мүмкіндігі шексіз заманауи өнер. «Мадам Тюссо» музейі туристерге со­нысымен тартымды. Бұл музей филиал­дары бүгінде Нью-Йорк, Шанхай тә­різді әлемнің 16 шаһарында жұмыс істеп тұруының сыры осында. Уақыт сы­­ны­­нан өткен озық өнерден неге үлгі алмасқа?!

«Аза Сарайына» бас сұққан кез келген отандық турист, шетелдік туристер де Қазақстанның әлем білмейтін «ақтаң­дақ» тарихын көзбен көргендей болып, ала­пат әсер алып шыққан болар еді!

Алапат ашаршылықты бастан кешкен Алматыда осындай «Аза Сарайының» ірге көтеруі – биыл 30 жыл толып отыр­ған Қазақстан Тәуелсіздігінің ұлы ұлт-азаттық мағынасын аша түсер, егемен елдігімізге лайық, ең елеулі ескерткіш-кешен болар еді деген сенімдеміз.

 

Смағұл ЕЛУБАЙ,

жазушы