Ақар-шақар шыңдардың баурайында орын тепкен орталық алмалы шаһарға атбасын бұрған туристерді де тәнті етері анық. Таңғы жұпарды тамсана жұтып, табиғатпен үндесе демалуды қалайтын алматылықтар сенбі-жексенбі күндері осы маңды бетке алатын болған. Мұнда тау спортына арналған түрлі бұйымдар сатып алып, арнаулы терассаларда тамақтануға да болады.
«Соңғы жылдары қала тұрғындары мен қонақтарының таулы аймаққа қызығушылығы артып келеді. Оны осында келіп демалушылардың көптігінен байқаймыз. Қала әкімдігі экотуризмді дамыту мақсатында түрлі жобаларды іске асырып отыр. Бүгінгі пайдалануға берілген визит-орталық – соның дәлелі. Соңғы 5 жылда қызмет көрсету сапасы биік сатыға көтерілді. Соның нәтижесінде қыс мезгілінде көрші елдерден Алматыға ағылатын туристер саны да едәуір артып отыр», дейді әуесқой альпинист Бекзат Нұрыметов.
Аты жаман індеттен арылып, қалыпты өмірге қадам басуды тілеп отырған ел тұрғындары ес жиып, етек жиған соң жаңа сапарлар мен саяхаттар туралы толғануы – қалыпты нәрсе. Дегенмен әлемдегі эпидемиялық ахуал алыс-жақын шетелдерге саяхаттау жайын кейінге шегерері сөзсіз. Сондықтан жоспарды тек ішкі туризмге қатысты құруға болатыны рас. Мамандардың пікірінше, қыс маусымы басталғалы бері ішкі туризмге сұраныс арта түскен. Бұл ретте жыл сайын 4,5 миллионға дейін турист тартуға қабілетті, елдегі ең үлкен туристік әлеуеті бар Алматы тау кластері шетелдік қонақтар мен отандастарымызға таптырмас демалыс науқанын ұсынып отыр.
АЛМАТЫ